Елімізде отандық киноны ілгерілету жұмыстары жалғасуда. Бұл – маңызды міндет, оның орындалуы қазақстандық кинематографияны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, әрі әрбір фильмге өз көрерменін табуға септеседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында киноиндустрияның дамуын ерекше атап өткен болатын.
«Qyzyljar» креатив орталығында қазақ киносының күндері басталды. Басты мақсат – көпшілікті дарынды режиссерлермен және олардың картиналарымен таныстыру. Шара барысында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» мен облыстық «Первый Северный» теларнасының арасында меморандумға қол қойылды.
Қазақ киносының онкүндігі аясында сәуірдің 13-іне дейін теріскейлік көрермендер «Qyzyljar» креатив орталығында мәдени, тарихи, патриоттық тақырыптағы киноларды тегін тамашалай алады. Оның ішінде жұртшылықтың көзайымына айналған әлемдегі ең танымал киноматографиялық марапат «Оскар» сыйлығына үміткер болған «Бауырына салу», «Қажымұқан», «Дос-мұқасан», «Жамбыл. Жаңа дәуір» және тағы да басқа фильмдер бар.
– Біз Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды ардақты тұлғаларды құндақтаған Солтүстік Қазақстан облысына құр қол келген жоқпыз. Қызылжарлық көрермендерге 20 отандық толықметражды фильм алып келдік. Одан бөлек, деректі фильмдеріміз және балаларға арналған анимациялық мультфильдеріміз бар. Орталық ашылғалы 117 жобаны жүзеге асырдық. Жыл аяғына дейін барлық өңірді аралаймыз деп ниеттеніп отырмыз, – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Басқосуға облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысты. Ол «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» өкілдеріне алғысын айтып, сәттілік тіледі. Алғашқы күні қызылжарлық көрермен Серікбол Өтепбергеновтің «Патриоттар уақыты» атты фильмін тамашалады.
Отандық фильмдер аудан орталықтарында да көрсетілетін болады.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».