Денсаулық сақтау саласының дамуы кез келген мемлекет үшін маңызды. Өркениетті елдердің тәжірибесіне көз жүгіртсек, бұл саланың күн, тіпті, сәт сайын ілгерілеп келе жатқанына көз жеткіземіз. Өйткені, дені сау ұлт қана елін бақытты болашаққа жеткізеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында айтып, бұл саланы дамытуға ерекше назар аударған болатын. Бүгінде өңірімізде тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуде ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Қазір денсаулық сақтау саласы тың қарқынмен дамып келеді. Емдеу ісінде жаңа технологияларды пайдалану, озық тәжірибелерді қолдану заманауи медицинаның дамуына оң ықпал етуде. Президент атап көрсеткен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, кадрлардың біліктілігін арттыру маңызды. Алдағы уақытта тұрғындар қолжетімді медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрлеріне қол жеткізетін болады.
Бүгінде созылмалы ауруларды емдеу әлеуметтік-экономикалық маңыздағы мәселе болып отыр. Денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін халықтың өмір сүру жасын ұзартудың, медициналық сапалы көмек көрсетудің маңызы артты. Ол үшін медициналық-санитарлық көмек қызметіне ерекше назар аударған жөн. Бұл бағытта өңіріміздегі барлық емдеу мекемелерімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Ауруларды басқару бағдарламасы – сырқаттың өзінің функционалдық мүмкіндіктерін іске асыруды барынша қамтамасыз ететін, аурулардың даму қаупін, мүгедектік пен өлім-жітімді төмендететін және денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеретін құрылымдық жүйе. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін учаскелік медбикелердің мәртебесін, функционалдық міндеттерін арттыру, учаскелік дәрігерлер мен мамандар арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту, науқастар үшін тиімді білім беру бағдарламалары мен құралдарын әзірлеу және тарату қажет.
Өңірдегі медициналық мекемелерде қажетті мамандардың жетіспеушілігі жасырын емес. Қазір облысқа екі жүзден астам дәрігер қажет. Алдымен өңірде кадр тапшылығын жою үшін жас мамандарды тарту көзделуде. Үстіміздегі жылы медициналық жоғары оқу орындарын тамамдаған 169 дәрігер бізге жұмыс істеуге келеді. Тең жартысы еңбек жолын ауылдан бастамақ.
Жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылғаны көңілге қуаныш ұялатады. Олар көтермеақыға қол жеткізіп, баспанамен қамтамасыз етіледі. Мәселен, Айыртау ауданына жұмыс күші көп Түркістан облысынан барған төрт жас дәрігерге жан-жақты көмек берілуде. Аталмыш аудан әкімдігінің қолдауымен учаскелік терапевт Мырзатай Байжұман мен акушер-гинеколог Нұрдәулет Манапұлына үш бөлмелі пәтер кілті табысталды. Аз уақыттың ішінде сенім үдесінен шығып, өздерін жақсы қырынан көрсеткен дәрігерлердің жұмысқа деген жауапкершілігі зор. Петропавлдағы №1 қалалық емхананың учаскелік педиатры Нұргүл Бәтенова сұранысқа ие маман екенін аңғартты. Күн сайын ол отыз баланы қабылдайды. Қазіргі таңда емхана әкімшілігі маманның пәтер ақысын өтеп, көтермеақыға қол жеткізуі үшін қажетті құжаттар жинауына көмектесуде.
Бүгінгі таңда өңірде терапевт, педиатр, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, хирург сияқты бірқатар мамандарға қажеттілік жоғары екенін атап өткен жөн. Дәрігер кадрларды облысқа тарту және олардың тұрақтап қалуына жағдай жасау мақсатында облыс әкімдігі ауқымды жұмыс атқаруда. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша өткен жылы 26 ауыл дәрігеріне 4,377 миллион теңге көтермеақы берілді. Тұрғын үй сатып алу үшін оннан астам дәрігерге бюджеттік несие мақұлданды. Ал биыл ауылда жұмыс істеуге ниетті он маман жалпы сомасы 1,944 миллион теңгені құрайтын көтермеақыға қол жеткізді. Әрбір ауыл дәрігеріне бір жарым миллион теңге көтермеақы төленді. Үстіміздегі жылы 58 маманға сонша мөлшерде көтермеақы төлеу үшін қаржы бөлінді.
Облыс орталығында да жас мамандарды пәтермен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр. “7-20-25” тұрғын үй бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне “Жас өркен” шағынауданында салынған жаңа үйден 23 пәтер берілді. Биыл жүз жас маман бір миллион теңгенің тұрғын үй сертификатын алады. Сонымен қатар қажетті мамандықтар бойынша резидентурада білім алу үшін 78 маманға 45,127 мың теңге бөлінді. Бұл шаралар кадр тапшылығын жоюға оң ықпал етеді. Кадр саясатын сөз еткенде, дәрігерлердің еңбекақысына тоқталып өту артық болмас. Біздің өңірде дәрігерлердің орташа жалақысы 164,6 мың теңгені құрайды.
Медициналық-санитарлық қызмет көрсетуде денсаулық сақтау саласын сандық жүйеге көшіруге басымдық берген жөн. Бізге ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық паспортын енгізу, “қағаз қолданбайтын ауруханаға” көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру міндеті жүктелді. Жаңа жүйе тұрғындардың электронды денсаулық паспортын жасауға, кезекті, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Бастысы медициналық көмектің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Медициналық ұйымдарды заманауи, жоғары технологиялы құрылғылармен жабдықтауға 3087 миллион теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырсақ, бұл қаржы көлемі төрт есеге көп. Жергілікті бюджет есебінен компьютерлік томограф, сандық маммограф, рентгендиагностикалық кешен мен ультрадыбыстық диагностикалық құрылғы сияқты 57 бірлік медициналық жабдыққа 1132 миллион теңге бөлінді. Өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында МРТ, ангиограф, тыныс алу аппараты мен тағы басқа медициналық құрал-жабдықтарға қаржы қарастырылғанын тілге тиек еткен жөн. Бұл аппараттар жыл соңына дейін сатып алынбақ. Сондай-ақ, алпыс алты санитарлық автокөлік алу жоспарда тұр. Осындай заманауи құралдар дер кезінде қауіпті дертті анықтап, аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВ,
облыстық денсаулық сақтау
басқармасының басшысы.