«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНДЫҚ ТАУАРДЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК

Облыстық кәсіпкерлер палатасында отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, тауар өндірісін дамыту мәселелері бойынша комиссияның кезекті отырысы өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек төрағалық етті.

Алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев аталмыш комиссия жұмысындағы соңғы жаңалықтармен таныстырды. “Комиссияның негізгі міндетіне облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен бірлесіп, жобалық-сметалық құжаттамаларға сәйкес отандық тауар өндірушілердің құрылыс материалдарын сатып алуға мониторинг жүргізу, кәсіпкерлердің сатып алу мәселелеріне қатысты өтініштерін қарау, сондай-ақ, жобалық-сметалық құжаттамаларға өзгерістер енгізілген жағдайда түпкілікті нұсқасын бекіту жатады”, – деді Дархан Қалиев.

Отырыс барысында құрылыс мәселелерін қадағалайтын жергілікті атқарушы органдардың есебі тыңдалды. Олар комиссия мүшелерін отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Осы орайда бірқатар мәселелер қозғалды. Мәселен, облыстық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сатып алынған материалдарды тендерден кейінгі бақылау және мониторинг нәтижелері көптеген құрылыс материалдары біздің облыста өндірілетініне қарамастан, республиканың басқа өңірлерінен сатып алынатынын көрсеткен. Бұл жайлы облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Аслан Нұрсейітов баяндады.

– Мердігер ұйымның жергілікті атқарушы органға берген есебінде сатып алынған тауардың көлемі мен оны шығарушы ел жайлы ақпарат көрсетілмейді. Яғни, мердігерлер тарапынан есеп дұрыс берілмейді. Оның үстіне, құжатта жергілікті тауар өндірушілер ұсынатын бес құрылыс нысанына қажетті материалдар 2,4 млрд. теңге тұратыны көрсетілген. Құрылыс барысында Ресей өндірісінің материалдары, соның ішінде кабельдер, сымдар, монтаждауға арналған материалдар, тағы басқаралары жиі пайдаланатыны анықталды. Яғни, тапсырыс берушілер мердігер ұйымдардың жұмысын тиісті деңгейде бақыламайды, – деді Аслан Нұрпейісов.

Отырыста бұл кемшіліктерді жою үшін бірқатар ұсынымдар енгізілді. Атап айтатын болсақ, жергілікті атқарушы органдар мердігерлермен жұмысты күшейтуі тиіс. Ал мердігер ұйым отандық тауар өндірушілерден сатып алған өнім жөнінде сапалы әрі толық ақпарат беруге міндетті. Әсіресе, тауардың көлемін, бағасын және оны шығарушы елді нақты көрсету қажет. Ал өңірлік кәсіпкерлер палатасына облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасымен бірлесіп, облыс орталығындағы құрылыс нысандарында қолданылатын материалдардағы отандық тауардың үлесіне мониторинг жүргізу тапсырылды.

Комиссия төрағасы Дәурен Жандарбек өндірушілерге отандық тауарлардың сапасын жақсартып, маркетингтік жұмыстарды жетілдіру қажеттігін айтты.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp