
Облыс орталығындағы “Северный” гипермаркеті ашылғаннан бері тұтынушылардың ең көп баратын сүйікті орнына айналып үлгерді. Таңғы сағат 8.00-ден түнгі сағат 1.00-ге дейін үзіліссіз және демалыссыз жұмыс істейтін сауда орны тауарлар ассортиментіне қарай таңдаудың молдығымен, азық-түлік бағасының қолжетімділігімен ерекшеленеді. Отандық тауарлардың, әсіресе, жергілікті өнімдердің өтімділігін байқау мақсатында біз де аталмыш нысанға арнайы ат басын тіредік.
Аталмыш сауда орнында ет және шұжық өнімдерінің түрі сан алуан. Сапасына қарай бағалары да әртүрлі, сондықтан таңдау мол. Сөрелерден “Фрегат”, “СБИ-Агро”, “Леонтьев”, “Казмясопродукт” ЖШС-лері сияқты отандық тауар өндірушілердің шұжықтарын, қақталған, сүрленген жылқы, шошқа еттерін молынан кездестіруге болады. Шетелдік өнімдер де баршылық. Көбіне – омбылық шұжықтар. “СБИ-Агро” ЖШС-нің “Докторская” шұжығының 1 килограмы 1177 теңге болса, омбынікі 905-1402 теңге аралығында.
– Күніне 700-1000 килограмм шамасында шұжық өнімдері сатылады. Негізінен өзіміздің облыста шығарылған тауарларға сұраныс мол. “Леонтьев” ЖШС-нің “Эконом” шұжықтары 600-700 теңге маңайында. Қалтасына қарай көсілетіндер осы өнімдерді таңдайды, – дейді сатушы Оксана Леднева.
Осы бөлімнен шұжық алғалы келген зейнеткер Нона Руженская:
– Мен “СБИ-Агроның” шұжығына басымдық беремін. Қоспасы жоқ, таза өнім, – дейді.
Сүт өнімдері бөлімі де тауарларға бай болып шықты. Бескөлдегі “Молсервис”, облыс орталығындағы “Молсоюз”, “МаслоДел”, “Молпродукт” және “Зенченко және К” ЖШС-лердің әртүрлі орамадағы сүттері, қаймақтары, кілегейлері, айрандары мен ірімшіктері, бір сөзбен айтқанда, күнбе-күн тұтынатын сүттен жасалған тағамдардың барлығы бар. Бағалары шетелдік тауарлардан қымбат та емес. Күні бүгінге дейін жергілікті тұтынушылар арасында танымал болып үлгерген 300 грамдық орамадағы “Шадринское” сүті 141 теңге болса, “Молпродукт” ЖШС-нің сондай салмақтағы “Одари” сүті – 148 теңге.
– Бәрі талғамға байланысты шығар. “Зенченко және К” ЖШС-нің сүт зауыты күніне 1 литрлік орамада 100-150 пакет сүт әкеледі. Өтімділігі сондай – түске дейін сатылып кетеді. “Шадринское” сүтін ұнататын тұтынушылар да бар. Оның сүт құйылған қорабы өте қолайлы жасалған. Кейде тауардың сыртқы бейнесі де рөл атқарады ғой. Әйтпесе, өзіміздің облыс аумағында жасалған сүт өнімдері сапасы жағынан шетелдікінен кем дей алмаймын. Оған тауарлардың өтімділігіне қарап, баға беруге болады, – дейді сүт өнімдері бөлімінің сатушысы Людмила Мальцева.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.