«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН

Облыстық “Қызылжар” орталық мешітінде “Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі” тақырыбында “дөңгелек үстел” отырысы өтті.

Отырысқа діни қызметкерлер мен бірқатар мемлекеттік ұйым өкілдері қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бас имамы Кенжетай Дүйсенбай қатысушыларға “Жеті рухани қазық” атты Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасын түсіндірді.
– Жақында Нұр-Сұлтан қаласында имамдардың үшінші республикалық форумы өтті. Аталмыш жиында үш мәселе қаралды. Рухани тұғырнама, дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі, ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері деп аталатын бірнеше құжат қабылданды, – дей келе, Кенжетай Байкемелұлы жеті рухани қазыққа жан-жақты тоқталды. Яғни, өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеуге, отаншылдық рух қалыптастыруға, қоғамды еңбекқорлық пен ұлтжандылыққа, имандылық пен әділдікке үйретуге бағытталған тұғырнамада дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі мен міндеттері егжей-тегжейлі жазылғанын айтты. Имамдардың құзыретіне жатпайтын бірқатар жайттарды атап өткен Кенжетай Дүйсенбай қазір дін қызметкерлерінің атын жамылған арам пиғылды адамдар көбейгенін алға тартты. Оның айтуынша, діни рәсімдер тізілімінде молданың атқаратын қызметіне бірқатар шектеу қойылған. Ал имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік пен әділеттілік тұғырнаманың басты ұстанымы болып табылады. Бұл рухани құндылықтарды имамдар арасында ғана емес, барлық қоғамдық орындарда насихаттаудың маңызы зор.
– Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Осынау ауызбіршілікті сақтауда қоғамды бірлікке ұйыстыру абзал. Халықты еңбекқорлыққа тәрбиелеу де маңызды міндет болып табылады. Таңның атысы, күннің батысы тынбай еңбек еткен адам ырыздыққа кенеледі. Осылардың барлығын түйіндей келе әділеттілік қалыптасады. Қоғамда әділеттілік қалыптаспаса, мұның барлығы зая кетеді. Сондықтан осы жеті ұстаным кеңінен насихатталуы тиіс, – деді ол.
“Дөңгелек үстел” басында қазақтың салт-дәстүрімен сабақтасқан шариғат мәселелері де сөз болды. “Әр елдің салты басқа…” демекші, әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі бар. Имамдар ата-бабамыздан қалыптасқан әдет-ғұрыпқа шектеу қойылмайтынын, алайда, шариғатта ысырапшылдық пен астамшылыққа жол жоқ екенін ескертті. Сондықтан қалыптасқан діни рәсімдер жөнімен орындалуы тиіс.
– Қазір мектептерде балалар бірнеше тілді меңгеруде. Өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие берумен қатар, олардың діни сауаттылығын қалыптастыруға да ерекше назар аударған жөн. Әсіресе, қазақ мектептерінде дін сабағы енгізілуі керек деп ойлаймын. Мәселе баланы дінге бұруда емес. Басты мақсат – олардың бойында имандылық, отаншылдық, әдептілік қалыптастыру, – дей келе зейнеткер Жақсылық Ысқақов қазіргі таңда дінге бет бұрған жастардың қатары қалыңдай түскенін тілге тиек етіп, діни рәсімдер кезінде ысырапшылдықтан аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ, ол соңғы кезде еске алу дұғаларында бейнероликтерді көрсету сәнге айналғанын айтып, бұған шектеу қою қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, құран оқылатын жерде әнмен әрленген бейнероликтерді көпшіліктің назарына ұсыну дұрыс емес.
Еңбек ардагері Зейнолла Олжабаев та өзінің ой-пікірімен бөлісіп, “Жеті рухани қазық” атты рухани тұғырнамаға қолдау білдіретінін айтты. Ал жиынға қатысқан облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Спартак Қабденов адамдар арасында діни араздық, ұлтаралық қақтығыс тудырмау мәселелері бойынша құқық қорғау органдары тарапынан жат ағымның жетегінде кеткен, темір торға тоғытылған азаматтармен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp