«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНДЫ СҮЮ ӨЛКЕҢДІ ТАНУДАН БАСТАЛАДЫ

Кең-байтақ еліміздің аумағын­да орналасқан жалпы­халықтық маңызға ие, ұлт өмірінде айрықша орны бар тарихи нысандар, көркем ландшафты табиғат ком­поненттері, ежелден келе жатқан киелі жерлер тізімге алынып, оларды жоғары деңгейде насихаттап, дәріп­теу арқылы өскелең ұрпақтың сана-сезіміне отаншылдық қасиетті сіңіру, сонымен қатар тарихи-туристік бағытты дамыту аса маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру аясында елордадағы Ұлттық музейдің жанынан ашылған “Киелі Қазақстан” ғылыми орталығы үш жылдан бері осы мақсатта бірқатар ауқымды істерді тындырды. Жуырда кезекті экспедиция аясында тарихи орындар мен ескерткіштерді зерттеу мақсатында солтүстік өңірлерде болдық. Сапар барысында осыдан екі жыл бұрын, орталық басшысының орынбасары қызметін атқарып жүріп, экспедиция аясында Қызылжарға ат басын тіреген кезім есіме түсті. Қарап отырсақ, содан бері бірқатар ауқымды істер қолға алынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілгенін аңғаруға болады. Әсіресе, жергілікті тұрғындардың тарихи орындар мен құндылықтарға деген құрметі ерекше екеніне көзіміз жетті.

“Киелі Қазақстан” орталығының жұмысын жүргізу аясында қасиетті, тарихи жерлеріміз жаңарып, құнды дүниелеріміз қайта жанданды деп толық сеніммен айта аламыз. Ең алғаш 2017 жылы алты бағыт бойынша Қазақстанның барлық облысына этномәдени экспедиция ұйымдастырған едік. Нәтижесінде зерттеу жұмыстары барысында белгілі болған жайттарды топтастырып, “Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары” атты кітап басып шығардық. Сонымен қатар осы жұмыстарға қатысты энциклопедияның алғашқы томы да осы жылы құрастырылды. Ал екінші жылы қолға алған ауқымды жұмысымыздың бірі – “Үздік өлкетанушы” деген атпен жергілікті өлкетанушылар базасын жасадық. Яғни, қазір қандай өңірден болсын ұсыныс түскен жағдайда немесе өңірлік нысандарды зерттеуге кімдер қатыса алады деген сауал туындаса, жергілікті өлкетанушылар базасынан анықтап бере аламыз.

Былтырғы жылдың соңында энциклопедияның үшінші томы жарық көрді. Оның алдында шетелдік ғалымдардың қатысуымен “Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы” атты үлкен халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырған болатынбыз. Нәтижесінде Татарстан, Якутия және Ресейдің басқа қалаларынан келген ғалымдар біздің жобамызды үлгі ретінде алып, өздерінің қасиетті нысандарын дәріптемек ниеттерін білдірді. Сонымен қатар Германия, Венгрия және Оманнан да осы саланың белгілі ғалымдары келді.

Солтүстік Қазақстан облысы туралы мәліметтер энциклопедияның үстіміздегі жылдың соңына дейін жарық көретін төртінші томына кіреді. Бұл тізімде Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары да бар. Қазіргі таңда 2020-2021 жылдарға арналған “Қазақстанның қазіргі мәдениетіндегі қасиетті кеңістік: дәстүрлер мен жаңалықтар” деп аталатын арнайы ғылыми жобаны іске асырудамыз. Осы ғылыми жоба “Волонтер жылымен” тұспа-тұс келгендіктен, еріктілердің көмегімен киелі орындарға келетін туристер арасында сауалнама жүргіземіз. Үстіміздегі жылдың соңында жобаның қорытындысын шығарып, ғылыми жинақ жарық көреді. Соның нәтижесінде бұрын-соңды болмаған тарихи ізденістерге тарихшыларды ғана емес, философтарды, мәдениеттанушыларды қатыстырғымыз келеді. Әр өңірдегі нысандарды толықтай зерттеп, зерделеп, жыл соңында қорытындылап, келесі жылға аяқ басуды көздеп отырмыз.

Қыркүйек айының соңында осы жолғы экспедицияны қорытындылап, анықталған құнды дүниелерді ортаға салып, “дөңгелек үстел” отырысында талқылайтын боламыз. Құрамында тарихшылар, этнографтар, картографтар, әлеуметтанушылар мен фотосуретшілер бар экспедициялық топ алдымен ақиық ақын Мағжан Жұмабаев дүниеге келген ауылға барып, ондағы білім ордасымен, музеймен мұқият танысты. Одан кейін Ресей Федерациясымен шекарада жатқан әділдіктің ақ жолын ту еткен Ноғайбай би қорымына ат басын тіреуді жөн санадық. Жансүгір батыр кесенесінде, облыс орталығындағы Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішінің басында болып, “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешеніндегі құнды дүниелерді де көруді ұйғардық. Айта кететін бір жайт, осы жолғы сапарымызда облыстағы тарихи-мәдени нысандарды аралап қана қоймай, жергілікті ғалымдармен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің мамандарымен бірлесе отырып, киелі орындар жайлы деректер мен мәліметтерді, аңыздарды зерттедік. Бір күнімізді облыстық мұрағатта өткізу арқылы да көптеген құнды мәліметтерге қанықтық.

Осы орайда айта кететін бір жайт, “Киелі Қазақстан” жобасының тағы бір мақсаты елдегі туризмді дамыту болып табылады. Солтүстік өңірде соңғы жылдары аталған сала біршама дамып, демалыс орындары ашылып жатқанын білеміз. Туризмді дамыту мақсатында “Қазақ туризм” ұлттық компаниясымен тікелей байланысып, екі жақты меморандумға қол қойдық. Арнайы штаб құрдық. Қазір сол жерде туризмге байланысты әдістемелік құралдар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар сакралды туризмді дамыту үшін өңірлердің мәдениет және туризм басқармаларымен де тығыз байланыс орнатып, бір мақсатта жұмыс істеудеміз. Жергілікті жердегі инфрақұрылымның даму жағдайын аталған басқармалар арқылы бақылап отыруға мүмкіндік бар. Мәселен, Солтүстік Қазақ­стан облысындағы Ақан серінің ма­зары жайында көпшілік біле бермейді. Жалпыұлттық қасиетті нысандардың тізіміне енген орын бүгінде туристер жиі баратын аймаққа айналды. Ол жерде келушілерге арналған шағын қонақүй де бой көтерді. Ақан сері мен Ақтоқтының махаббатын біршама ақын-жазушы жырлап, қалам тербеген. Біз барлығымыз мектеп қабырғасынан бастап соларды оқып өстік. Алайда, осыған қатысты қызықты, маңызды фактілерден көпшілік бейхабар. Мысалы, 2018 жылы Ақан сері Қорамсаұлының Ақтоқтыға сыйға тартып, махаббаттарының куәсіне айналған жүзікті Ақтоқтының ұрпақтары Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған. Асыл тастармен безендірілген жүзік ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жетіп, бүгінге дейін сақталыпты. Бұл оқиғадан үлкен тарихи сабақтастықты көруге болады.

Сонымен қатар туризмді дамыту мақсатында Білім және ғы­лым министрлігімен бірлесіп, жазғы демалыс кезінде мектеп оқушыларын киелі орындарға саяхаттатуды да қолға алдық. Мәселен, өткен жылдың жаз айында 3500 оқушы Солтүстік Қазақстан облысындағы қасиетті нысандарды аралады. Олардың қатарында Қарағанды, Жамбыл облыстарының, тағы басқа өңірлердің балалары бар. Мәселен, өткен жылдың басында теріскейге екікүндік турға келген қарағандылық балалардың сапары есіме түсіп отыр. Балалар экспедициясы Айыртау ауданында бастау алды. Бірінші кезекте қатысушылар Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне ат басын тіреді. Келесі бағыт ежелгі өркениеттің бесігі және жылқы шаруашылығын еске түсіретін Ботай қонысы болды. Одан кейін этномәдени бірлестіктердің жас белсенділері XIX ғасырдың сәулет ескерткіші болып табылатын Айғаным қонысына барды. Тайынша ауданындағы Озерное ауылындағы католик шіркеуі де тур бағытына енді. Ондағы құнды жәдігерлердің бірі – “Қазақстан жұлдызы” мехрабі. Оны поляк шебері Мариуш Драпиковский алтын мен титанды пайдалана отырып жасаған. Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың бойында өз еліне деген сүйіспеншілік сезімін арттырып, отаншылдыққа тәрбиелейтіні анық.

Алғашында республикадағы жалпыұлттық нысандардың саны 1100-ге жуық болды. Шынын айту керек, бастапқыда ата-бабасының қыстауын, жайлауын ұсынып, осы тізімге қоспақ болған азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен табылып жатты. Алайда, республикалық деңгейдегі ауқымды жоба болғандықтан, іріктеп, құндыларын ғана алу міндеті қойылған еді. Яғни, қазір тізімге енген орындардың барлығы ғылыми-сараптамалық кеңестің шешімімен нақтыланды.

2017 жылы 3000-нан астам ұсыныс келіп түсті. Зерттей келе, олардың санын 100-ге дейін қысқарттық. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде Абылай хан, Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек секілді бірнеше батыр бір жерде жерленген. Оларды жеке-жеке атамай, бір атаумен көрсеттік. Сол себепті жалпы ұлттық нысандар саны қысқарды. Өңірлерде 415-ке тарта жергілікті маңыздағы нысан анықталды. 2018 жылы да әр өңірден көптеген ұсыныс түсті. Нәтижесінде экспедиция жұмысы басталып, әр орынды мұқият зерттедік. Солтүстік Қазақстан облысында қазба жұмыстарының нәтижесінде Қызыл оба деген Алтын Орда кезеңіне жататын қала табылды. Сонымен қатар Павлодар қаласында Абылай ханмен ағайынды болып келетін Сұлтанбек сұлтанның үй-жайы анықталды. Ол қазіргі таңда жалпы ұлттық нысандар қатарына қосылды. Осы секілді ерекше нысандар әр өңірде бар. Атқарылған ауқымды жұмыстардың қорытындысы бойынша жалпыұлттық маңызға ие киелі нысандар саны – 205-ке, ал өңірлік маңызға ие нысандар саны 575-ке жетті.

Қорыта келгенде, “Киелі Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығының басты мақсаты еліміздегі тарихи маңызы бар киелі орындарды зерттеп, қызықты жайттарды, фактілерді табу ғана емес, туристік маңызы бар нысандарға келушілерді, олардың көзқарасын, ойын да анықтау болып табылады. Осы тұрғыдан жобамыздың ел тарихына үлкен серпіліс әкелгеніне сенімдіміз. Жалпы, қасиетті, киелі жерлерді анықтаудың түп­­кі­лікті мәні туған өлкеңді тану, тү­сіну, бағалау, оған деген махаббат-сүйіс­­пеншілікті тереңдету сынды отан­шыл­­дық сезімнің оянуын меңзеп, мә­ңгілік мекен идеясын ұрпаққа сіңіру­ге қызмет ету болып табылады. Сондықтан аталған бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыратын боламыз.

Батырхан ЖҰМАБАЕВ,

“Киелі Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp