«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАННЫҢ АЙБЫНЫ

Елбасы өзінің биылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған алты нақты қадамды атап өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы жастар мəселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес.Елдің келешегі, тəуелсіздікті одан əрі тұғырландыратын, ауқымды стратегиялық межелерді іске асыратын жастар екені даусыз.

Келер жылдың “Жастар жылы” деп жариялануы өңіріміздегі жастар саясатын ілгерілетуге тағы да бір үлкен серпін беретініне сеніп отырмыз. Біз қазіргі таңда Елбасының алға қойып отырған мəселелерінің барлығын зерделеп, зерттеп, бірқатарын іске асыруды тыңғылықты түрде бастап та кеткенбіз. Биылғы Жолдау жасап жатқан жұмысымызға, қазіргі іске асырып жатқан жобаларымызға серпін беретініне көзіміз жетіп отыр.

Жолдау аса маңызды мəселе – халықтың əл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр. Президент анықтаған алты бағыт бірінен-бірі туындап қана қоймай, сонымен қатар бірін-бірі толықтырушы болып табылады жəне құжаттың кемел ойластырылғаны оның кешенділігін одан бетер дəлелдей түседі. Жолдаудың соңында əрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысу мəселесіне айрықша назар аударылады. Олай болса əрқайсымыз жүргізіліп жатқан реформалардың мəнін жəне олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіспіз. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтынын атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Жаңа Жолдау өзінің көкейкестілігімен халық арасында кең қолдауға ие. Біздің міндетіміз – қысқа уақытта аталмыш құжат жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыру. Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамның қолдау көрсетуі бұдан да жақсы нəтижелерге қол жеткізуге жəне əлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге өз септігін тигізетініне кəміл сенімдіміз.

Кез келген мемлекет әскерімен айбынды. Сондықтан да біздің негізгі міндетіміз – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелей отырып, Отан қорғаушылар қатарын жас сарбаздармен толықтыру. Елбасымыздың білім беру мекемелері жанынан әскери патриоттық тәрбие беретін “Жас сарбаз” орталықтарын құру жөніндегі тапсырмасын осы саланың маманы ретінде қолдаймын. Бұл міндетті жүзеге асыру өз кезегінде жастарды отаншылдыққа, өз елі мен жерін қорғауға деген патриоттық рухта тәрбиелеуге жасалған нақты қадамдардың бірі болары сөзсіз.

Бүгінгі таңда облыс аумағында жиырмадан астам әскери клуб пен кадет сыныбы білім беру мекемелерімен, өңірдегі әскери гарнизондармен бірлесе отырып патриоттық тәрбие беруде бірқатар игі шараларды қолға алуда. Мектеп оқушыларының әскери дала жаттығуларының жоғары деңгейде өтуіне үлкен мән берілуде. Осыған орай биылғы жылы “Ел тірегі” әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері Қарағанды облысының “Спасск” оқу орталығында болып, “Айбын” халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, елі мен жерінің шын қорғаны болуға деген міндетін айқындай түсуде.

Жолдауда айтылған өзекті мәселелердің барлығы – жаңа заманға лайықты дамуға, оң өзгерістерге бастайды.

Осы Жолдауда аталған бағыттардың барлығы – жаңа заман талабына сай, елді дамытуға бағытталған қадамдар. Ендігі кезекте, осы тапсырмаларды әрбір саланың маманы жүзеге асыруы қажет. Оған қоса мемлекет барлық саланы қадағалап, оған бөлінген қаражаттың нәтижесін сұрап, есебін алып отыруы тиіс. Елбасы айтқандай, халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің алдында тұрған мұрат. Алған бағытымызбен жүретін болсақ, Қазақ елінің бұл мұратқа жететін күні алыс емес екенін аңғарғандаймыз.

Алмаз ТІЛЕУХАНОВ,

облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp