«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ

“Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” акциясы аясында М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің 11 “А” сыныбында Қазақстан тарихы пәнінен өткізілген жұлдызды сабақ “Астана – Қазақстан Республикасының елордасы” тақырыбына арналды.

Оқушылардың тақырыпқа қызығушылығын ояту мақсатында “Целиноград, Ақмола, Астана. Уақыт кеңістігінде” бейнефильмі көрсетіліп, соңынан олар екіжақты түсіндірмелі күнделік стратегиясы бойынша “Мені не таңғалдырды? Неге?” деген сұрақтарға жауап берді. Жеткіншектерді қаланың ерте кезеңдердегі көне бейнесі, сәулеті, ескі ғимараттардың орнында тұрғызылған әртүрлі зәулім сәнді кешендері қызықтырды.

Бұдан кейін әр оқушы елорданы Сарыарқа төсіне көшіру себептерін ашу, қаланың кешегі және бүгінгі тарихын білу, Астананың халықаралық маңызын анықтау сияқты сабақтағы өз мақсатын айқындады. Сабақ баспасөз мәслихаты түрінде жалғасты. БАҚ өкілдері конференцияға келген тарихшы, археолог, архитектор, географ, демограф, саясаткер және шаһарға саяхаттап келген шетелдік қонаққа қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде өз сұрақтарын қойып, жауаптар алды.

Сабақтың сәтті өтуі үшін оқушыларға алдын ала тапсырмалар берілді. Оқушылар қала туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерінен, газет-журналдардан, интернеттен қызықты материалдар жинақтады. Сабақтың қорытынды кезеңінде үш бестік (5-5-5) стратегиясы бойынша оқушылар шаһар туралы бес ой және елордаға арнап жұлдызшаларға бес тілек жазды. Мектеп-лицейдің болашақ түлектері Еуразия жүрегінде орналасқан Астана қаласының гүлденуін, Батыс пен Шығысты байланыстыратын алтын көпірге айналуын, қала тұрғындарының саны артып, әлемдегі ірі қалалардың санатына қосылуын, “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің сәтті өтуін тіледі.

Елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналған шаһарда орналасқан отандық білім беру жүйесіндегі жетекші оқу ордалары – Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, тағы басқалары оқушылардың болашақ абитуриенттер ретінде қызығушылығын арттырды.

Сабақ Нұрсұлтан Назарбаевтың “Біздің елордамыз – Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы” деген сөздерімен қорытындыланды.

Бақытжамал ҚАНАФИНА,

М. Жұмабаев атындағы Петропавл

гуманитарлық колледжі жанындағы

мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp