«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОТАНЫМ!” – ДЕП ЕЛГЕ ОРАЛЫП, орнын да тапты өмірден

Биылғы күзде Тайынша ауданындағы Чкалово ауылында жартылай дайындалған өнім өндіретін цех пайдалануға беріледі. Кәсіпкер Владимир Воробьев осындай кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта онда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Тайынша ауданындағы кәсіпкерлерді қолдау орталығына келген Владимир Воробьевқа кәсіпкерлер палатасы филиалының қызметкерлері мемлекеттік қолдау шаралары жайында ақыл-кеңес беріп, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы кредит алу үшін құжаттар жинауға көмек көрсетті.

– Қажетті құжаттар жинауға және 3 млн. теңге көлемінде кредит рәсімдеуге 3 аптадай ғана уақыт кетті. Жартылай дайындалған өнім өндіретін цех ашу ауыл үшін ғана емес, тұтастай алғанда, аудан үшін де маңызды оқиға саналады, өйткені ол қосымша жұмыс орнын құру мен бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру ғой, – дейді жергілікті филиалдың директоры Аслан Нұрсейітов.

Владимир Воробьев заманауи жабдықтар мен сапалы өнім кез келген кәсіпорынның жетістігінің кепілі екенін жақсы біледі. Сондықтан оның цехы барлық стандарттарға сәйкес келетін Ресейдің заманауи қондырғысымен жабдықталады. Тұшпара мен самса ғана қолмен жасалады. Бұл жобаны жүзеге асыру 5 жаңа жұмыс орнын ашуға жағдай жасайды.

Цехқа қажетті шикізаттарды кәсіпкер жергілікті тауар өндірушілер мен тұрғындардан сатып алуды жоспарлауда. Қазір сол тұрғыда жұмыс жүргізілуде. Ол болашақта кезең-кезеңмен жүзеге асыратын жоспарларының нақты тізімін жасап та қойған. Оның алдағы уақытта атқаратын жұмыстары жайлы әңгімесін ести отырып, Владимир Владимировичтің бір кезде азаматтығын ауыстырмақ болғанына сенгің де келмейді. Кеңес Одағы тараған кезде ол тұрақты тұру үшін Германияға қоныс аударған болатын. Алайда, аз уақыттан кейін туған жеріне қайтып оралды.

– Жат жер Отаның бола алмайды екен. Соны түсіндім. Елге орала сала, “жеті өлшеп, бір піше” келіп, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға бел будым. Жақсы тұру үшін жақсы еңбек ету керек. Мемлекетіміз бүгінгі күні кәсіпкерлікпен айналысуға барлық мүмкіндікті жасап отыр. Соны тиімді пайдалана білуіміз керек, – дейді Владимир Владимирович.

Мемлекет бүгінгі күні еліміздің әрбір азаматына өз бизнесін ашуға, өз ісімен айналысуды бастауға мүмкіндік беріп отыр. Осының барлығын мемлекеттік бағдарламаларға, оның ішінде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысу арқылы жүзеге асыруға болады.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының

баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp