7 мамыр – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған тарихи күн ғана емес, сондай-ақ нағыз ерлік, батырлық, адалдық пен антқа беріктік сынды ұғымдардың қадір-қасиеті жаңғыратын мереке. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедрасы еліміздегі болашақ офицерлер мен сержанттарды даярлайтын маңызды оқу орындарының біріне айналған. Биыл бұл орталықтың құрылғанына 27 жыл толып отыр.
1998 жылы наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес құрылған бұл құрылым сол жылы күзде бағдарлама бойынша оқытуды бастады. Бүгінде ол нағыз патриоттық тәрбие мектебіне айналған. Алғашқы күннен бастап кафедра запастағы офицерлер мен сержанттар құрамын даярлауға кірісті. Бұл кафедраның негізін қалаушы және алғашқы жетекшісі – полковник Тахир Мухамадеев болды.
– Кафедраның басты міндеті – жоғары білім алып жатқан жастарды әскери мамандықтар бойынша кәсіби дайындықтан өткізу. Алайда бұл жұмыс тек әскери білім берумен шектелмейді. Мұнда болашақ офицерлердің бойында елге адал қызмет ету, мемлекеттің тұтастығы мен тыныштығын қорғауға даяр болу, еліміздің Конституциясына және заңдарына құрметпен қарау, командирдің бұйрығына бағыну секілді маңызды құндылықтар қалыптасады. Бұл қасиеттер – шынайы патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің белгісі, – дейді әскери кафедра бастығы Рабирт Саржанов.
Кафедраның жұмысы арнайы бекітілген оқу бағдарламасына сай жүргізіледі. Оқу үдерісі «әскери күн» әдісімен ұйымдастырылады. Студенттер теориялық сабақтармен қатар далалық жаттығуларда, қарумен жұмыс істеу, тактикалық және техникалық дайындық, атыс жаттығулары секілді нақты дағдыларды меңгереді. Жігіттер үшін арнайы әскери жиындар, ал қыздарға кәсіби тәжірибе қарастырылған. Бұл жиындар қорғаныс ведомствосына қарасты әскери бөлімдердің оқу-жаттығу базасында өтеді және салтанатты түрде әскери ант қабылдаумен аяқталады. Қазіргі таңда әскери кафедраға қызығушылық танытқан студенттер саны артты. Үміткерлер арнайы сынақтан өтіп, Қорғаныс министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес қабылданады. Мұнда әскери біліммен қатар тәртіпке бағыну, батылдық, төзімділік, жауапкершілік сияқты адам мінезін қалыптастыратын өмірлік маңызды ұстанымдар беріледі.
– Кафедра жұмысының тағы бір маңызды қыры – әскери-азаматтық ынтымақтастық. Ұлттық қорғаныс университеті, Ұлттық ұлан академиясы, әскери бөлімдер, өзге де әскери кафедралармен тығыз байланыс орнатылған. Сонымен қатар кафедра студенттері мен оқытушылары қала мен облыс көлемінде өтетін патриоттық, тарихи, әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, ардагерлермен кездесулерге, конференцияларға белсене қатысады. Бұл – рухани сабақтастық пен ұлт тарихына деген құрметтің нақты көрінісі, – дейді Рабирт Саржанов.
Бүгінге дейін кафедра 3 500-ден астам офицер мен 460 сержантты даярлап шығарды. Олардың басым бөлігі Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, құқық қорғау органдары сынды күштік құрылымдарда адал қызмет етіп жүр. Көптеген түлек әскери қызметті өмірлік серігіне айналдырып, жоғары шендерге қол жеткізген.
Отан қорғаушылар күні – ел тыныштығы мен тәуелсіздігін күзетіп жүрген әрбір сарбаз бен офицердің, әскери қызметшілердің еңбегіне деген құрметтің белгісі. Осы мерекеге орай М.Қозыбаев университеті мен әскери кафедра ұжымы жыл сайын университет алаңында салтанатты жиын өткізіп, ардагерлер мен қала тұрғындарын шақырып, ерлік пен батырлықты ұлықтайды. Бұл – жастардың бойында ұлтжандылықты, елге деген сүйіспеншілікті нығайтатын ерекше сәт.
Әскери кафедраның бастығы Рабирт Саржановтың айтуынша, қазіргі таңда жастардың әскерге деген көзқарасы өзгерген. Олар мұны тек әскери борышты өтеу ретінде ғана емес, ел алдындағы жауапкершілік, тарихи сана мен қоғамға адал қызмет ету ретінде қабылдай бастады. Осы жолда әскери кафедра мыңдаған жастың жүрегіне отансүйгіштік сезімін ұялатып, ел қорғаны болуға лайық тұлғаларды тәрбиелеуде.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».