Қазақстан халқы Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясының ХХV сессиясы өтіп, күн тәртібінде “Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы” тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Өңір басшысы, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Құмар Ақсақалов бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан сан алуан этнос өкілдерінің ынтымақ-бірлігінің мәуелі жемісі жайлы әңгімеледі.
– Тәуелсіздік алғаннан бергі кезең ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамды дамытудың бірегей құрылымы ретінде танылып, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдениет салалары бойынша қол жеткізген табыстарымыз бен жетістіктерімізге теңдессіз үлес қосты.
Оның ішінде этно-мәдени орталықтардың еңбегі зор. Коронавирустық пандемияға байланысты қиын кезеңде жергілікті ассамблея өкілдері мен еріктілер көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған және мұқтаж жандарға көмекке келді. “Біз біргеміз” акциясы жұртшылықты біріктірудің, мейірімділік пен гуманизмнің символына айналды, – деді өз сөзінде Құмар Іргебайұлы.
Сессияда еркін күрестен балалар мен жасөспірімдер командасының жаттықтырушысы Георгий Харачиди, әзірбайжан этно-мәдени орталығы жастар қанатының жетекшісі Шахнияр Аллахярова, режиссер, сценарист Дамир Макимкенов, “Коперник” поляк этно-мәдени ұйымының мүшесі Каролина Тябус, “Hangug Qazaqstan” корей бірлестігі төрағасының орынбасары Евгений Ким сөз сөйледі. Бәрінің ойы Отанды гүлдендіру жолында жан аямай қызмет ету қажет деген бір арнаға тоғысты.
Құмар Ақсақалов Тәуелсіз еліміздің гүлденуі жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген этно-мәдени бірлестіктердің бір топ белсендісіне Алғыс хат табыс етті. Cессияға қатысушылар облыс жұртшылығына Үндеу қабылдады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.