«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАН ИГІЛІГІ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

Наталья ПОПОВА,

СҚО ТЖД баспасөз қызметінің қызметкері.

Облыстық ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндіру бөлімшелерінде тәуелсіз Қазақстанның 11 құрдасы, оның ішінде 6 офицер мен 5 өртсөндіруші қызмет етеді. Жігіттердің бәрі дерлік ұжымда сыйлы. Бұл кәсіпке олар қызметтің қиындығына, қауіптілігіне қарамастан, жүрек қалауымен келген.

Данияр Дүйсембаев Аққайың ауданының Смирново ауылында 1991 жылдың 21 тамызында дүниеге келіп, сонда өсіп-өнді. 2010 жылы Петропавл қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжді аяқтаған соң, Алматының жанындағы шекара қызметінде Отан алдындағы борышын өтеп келді. 2012 жылдан бері Петропавл қаласының №4 өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші болып қызмет етеді, арнайы атағы – кіші сержант.

Даниярдың өрт сөндіру қызметіндегі тамыры тереңде жатыр: оның атасы Әшім Мұқаметжанов Смирново ауылындағы өрт сөндіру бөлімінде көптеген жылдар еңбек еткен.  

Бір жылдың ішінде кіші сержант Д.Дүйсембаев бірнеше өртті сөндіруге қатысты. Ол өзінің алғашқы кезекшілігінде өртпен ұрысқа түседі. “Ол күнді мен ешқашан ұмытпаймын, – дейді Данияр. – Жұмысшы кентінің Ломоносов көшесінде орналасқан тұрғын үй өртенген болатын, онда 30 жастағы жігіт төсекте темекісін сөндірмей, ұйқыға кетіп, мерт болды. Өрттің адам өмірін осылай жалмап кеткені туралы ауыр ой санамнан шықпай қойды”.

Әріптестері Данияр туралы жақсы пікірде: сенімді жолдас, тәртіпті қызметкер, ол бірнеше адам өмірін құтқарып та үлгерді, қоғамдық өмірге белсенді қатысады. Мәселен, облыстық ТЖД “ӨС және АҚЖҚ” ММ-де 2013 жылғы қыркүйекте өткен тілдер фестиваліне қатысып, 1-орынды жеңіп алған №4 ӨСБ командасы құрамында Данияр да болды. Осы өрт сөндіру бөлімінде жас жігіт достар тауып, қызметтік тәжірибе алуда, өйткені қызметтегі ауызбірлік пен жауынгерлік рух ұжымда маңызды рөл атқарады. Данияр келешекте өз қызметінің білікті маманы болып, жоғары білім алу үшін Көкшетау техникалық институтына түсуді жоспарлап отыр.

Ерлан Оразалин биыл Көкшетау техникалық институтын аяқтап, “Өрт қауіпсіздігі инженері” біліктілігін және лейтенант атағын да алды. Оның Жамбыл ауданының №11 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы ретінде қызмет етіп жүргеніне бірнеше ай ғана болды.

Ол Аққайың ауданының Лесное ауылында 1991 жылдың 7 тамызында дүниеге келген.

Қазір Ерболдың жұмысы өте жауапты: ол өрт майданы шебіне бірінші болып түсіп, 5 адамнан тұратын қарауылды бастап кіреді. Кешегі курсанттың бірден отпен күреске түсуі күрделі болса да, жас лейтенант жасымай қызмет етуде. Нақты өрт кезінде ол өзін жинақы, батыл ұстап, шапшаңдық танытады. Бұл – институтта оқыған жылдары оқыс жағдайларға әзірленгенінің дәлелі. Оның шеберлігін тек өрттер ғана емес, апаттық-құтқару жұмыстары да шыңдауда. Өртке қарсы қызмет лейтенанты Оразалин ұжымымен бірге өз білімін өрт-тактикалық сабақтарында, жаттығулар мен оқу-жаттығу барысында арттырып отырады.

Тәуелсіздікке қанша болса, олар да сонша жаста. Олардың бәрі де біздің жас мемлекетіміз сияқты нық алға басуда, болашаққа сеніммен қарайды, батыл жоспар құрып, оны өмірге табандылықпен енгізіп жүр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp