– Қазақта “Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын” деген үш тілек бар ғой. Елтаңбада алдымен сол отауды құрдық. Кеңес өкіметі кезінде “Қазақ халқы бір жерден екінші жерге көшіп жүрген, сауатсыз, мәдениеті жоқ халық болған” деген сияқты пікір қалыптастырылған болатын. Ал Есік қорғанынан табылған “Алтын адам” бұдан 2500 жыл бұрын да біздің мәдениетіміздің болғанын дәлелдеп берді. Осы ойды Елтаңбада көрсетуім керек болды. “Алтын адамда” тек жануарлардың бейнесі бар. Сол жануарларды мен қанатты тұлпарға айналдырдым. Халқымыз мүйізді қасиетті деп есептегендіктен, бұрыннан төрге іліп қоятын болған. Сондықтан аттың басына мүйізді кигізу арқылы жаңа құрылған Отанымызға көз тимесін деген ойымды сыйдырғым келді. Алғашында аттың қанаты жоқ болатын. Ежелгі сақ дәуірінен кейін қазақ халқы үш жүзге бөліне отырып, бір халықты құрады. Сол себепті жоғарғы үш үлкен қанатты үш жүздің халқы деген мағынада жасадым.
Жандарбек МӘЛІБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы.
– Жер шарында барлығын бөліске салуға болатын шығар, бірақ ешкім көк аспанды бөліске сала алмайды. Ол – ортақ. Күн арқылы қазақтың мейірімділігі мен ақпейіл мінезін бергім келді. Қыран құс та халқымыздың биікке ұмтылғыш қасиетін, күш-қайратын көрсетеді. Ол – ерлік пен азаттықтың символы. Байқауда да көпшілік бір ауыздан қыранды қолдады. Тек “Не себепті қыран құсты таңдадыңыз?” деген сұрақ болды. Оған жауап ретінде мен 1269 жылы Италиядан шығып, қазақ даласын кесіп өтіп, Құбылай ханның ордасына барған, сонда 17 жыл тұрып, қызмет атқарған Марко Поло деген саяхатшының өмірден өткенін, оның өзінің “Әлемдегі қилы оқиғалар” атты кітабында “Далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар” деп жазғанын айттым.
Шәкен НИЯЗБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы.