«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАН – ОЛАРДЫҢ ЖАН-ЖҮРЕГІ

Біздің мектеп-интернат жетім және ата-аналарының қарауынсыз қалған балаларға арналғандықтан, олар тағдыр салған осы тарыншылықтың зардабын да, мемлекеттің, әсіресе, Елбасының әкелік қамқорлығын өздерінің балғын жүректерімен сезеді.

Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айтқан әкелік жан баурар сөздерінің мәнін біз тәрбиеленушілерімізге үнемі айтып, олардың болашаққа сенімдерін, өмірге құштарлығын күшейтуді парызымыз деп білеміз. «Бейбіт өмірдің өзінде мыңдаған жетімдер бар – Балалар үйлері толы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар қорғансыз болуға тиіс емес. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс», – деп бала тәрбиесімен айналысатын адамдарға зор міндет жүктеді. Педагогтер Елбасының бұл нұсқауы қазақстандық білім беру жүйесінде балалардың осындай тобына өзгелерден әлдеқайда жауапкершілікпен көңіл бөлу қажеттігін ұқтырады. Олардың материалдық мұқтаждықтарын мемлекет мойнына алып отыр. Ал педагогтер мұндай балаларға өзінің ұрпағы сияқты қамқорлық танытып, жан жылуын беріп, жүрек нұрын төгуі керек.

Тәрбиеленушілеріміз де, әр отбасындағы сияқты, еліміздің болашағының тірегі. Сондықтан оқу бағдарламаларына «Мәңгілік Ел» идеяларын енгізу арқылы жас, өскелең ұрпақты Отанды сүюге, елжандылыққа баулуға маңыз береміз. Осы ретте Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизм жайында маңызы зор толғақты ойын: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл, ең алдымен, елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады», – деп баяндап еді.

Мемлекет басшысының осындай ұлағатты сөздері жас ұрпаққа тәрбие беруді өмірлік таңдауы етіп алған біздерге айрықша маңызды. Сондықтан біздің мектеп-интернатымызда оқушылардың бойында Отанымызға, халқымызға, оның өткендегі ерлік дәстүрлеріне, атақты тарихи тұлғаларына деген мақтаныш пен сүйіспеншілік және еліміздің болашақтағы гүлденуіне сіңіретін еңбегіне ұмтылыс сезімдерін қалыптастыруды мақсат етеміз. Осыны басшылыққа алғандықтан, ұстаздарымыз ұлы адамдардың елдігімізді сақтап қалған ерліктерін бүгінгі патриоттық тәрбиеде жақсы үлгі етіп, Қазақстан жерінде тұрып жатқан барша ұлттардың ұрпақтарының бірдей елімізді сүйіп, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге баулиды.

Осы ретте атап айтар болсам, Тұңғыш Президент күнінде «Елбасы – мақтанышым!» атты конкурс жыл сайын дәстүрлі өтіп келеді. Оған қатысқан оқушылар Елбасына, Отанымызға, туған жерге арнаған өлең-жырларын оқиды. Сондай-ақ, Тәуелсіздік және Конституция күндерінде мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне салтанатты жағдайда жеке куәліктер тапсырылады. Осы сәтте олардың Отанымыздың лайықты азаматтары болып, оны сүюі, еліміздің құндылықтарын, халықтар достығын құрметтеуі, рухани келісімді бойға дарытуы қажеттігі жайлы әңгімелер айтылады.

Осы мақаламның бастауында айтып өткенімдей, біз тәрбиеленушілерімізге Елбасының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын оқып, түсіндіріп, негізгі бағыттарын баяндаймыз, жас ұрпақтың өздеріне қатысты айтылған тезистерін ұғындырамыз. Мысалы, Елбасымыз 2015 жылға арнаған Жолдауында тәуелсіздігіміздің дамуында «Мәңгілік Ел» идеясын осы нұрлы жолдағы басты бағдар еткенін тәрбие сағаттарының бәрінде әңгіме өзегіне айналдырдық. Мен мұндай үнқатысулардың арқасында балалар ұлттар арасындағы достық, еңбекқорлық, білімдарлық, Отанға сүйіспеншілік жайлы толғаныстарды түсінетінін пайымдаймын.

Біз биыл еліміздің тарихындағы ұлы оқиғаларға орай өзіміздің мектеп-интернатымызда бірқатар шаралар ұйымдастырдық. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Достықтың гүл шоғы» мерекелік бағдарламасында біздің тәрбиеленушілеріміз мектер-интернаттың жүлделерін сарапқа салды. Ал «Әскердегі бір күн» шарасы әскери-патриоттық тәрбие мақсатын көздесе, көркемөнерпаздар байқауы ұландарды өнерге баулыды. Сондай-ақ, жас спортшылар аудан мектептері арасында еркін күрестен өткен жарысқа және басқа шараларға қатысты.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында біздің тәрбиеленушілеріміз «Біз – жеңіс ұландарымыз», «Ұмытпаймыз, құрметтейміз, мақтан тұтамыз!» деген республикалық патриоттық акцияларда сынға түсті, А. Антонов жетекшілік ететін театр студиясына қатысатын оқушыларымыз «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты сахналандырылған қойылым ұсынды, соғыс жылдарының әндерін орындауда өнер салыстырды. Бұл шараларға тыл еңбеккерлері Нина Прохорова, Кенжебай Қожақов, Ақлима Сейітқалиева, Ленинград қоршауында болған Сания Шакура келіп, балаларға кеңес халқының майдандағы және тылдағы жанқиярлық ерліктері жайлы айтып берді. Бұл егде адамдар мектеп-интернаттағы әскери-патриоттық, отансүйгіштік рухтағы тәрбие жұмыстарына ризашылығын білдірді.

Сырымбеттегі «Уәлихановтар қонысы» мұражайы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық мұражай-кешені біздің ауданымызда болғандықтан, біз балаларды осы қасиетті орындарға жиі апарып, ұлы Шоқанның өмірі мен шығармашылығына, сондай-ақ, ел қорғаған қос батырдың тамыры терең достығына қанықтырамыз. Ұстаздарымыздың сабақтарда айтқан әңгімелеріне қоса шәкірттер өз көздерімен көргендерін зердеге түйеді. Соңғы екі жылдың өзінде ғана мектебіміздің жүз елуден аса жас өрені Астанада болып қайтты.

Оның тамаша орындарын көрген оқушылардың әсерлерін айтып жеткізу қиын. Елбасымыздың өзі ұйытқы болып, аспанға асқақтаған Астананың бүкіл бейнесі «Мәңгілік Елдің» тереңге тартқан тамырындай емес пе?! Осы әсерін Мария Пастухова деген шәкіртіміз шабыттана жырлап, шығарма жазды. Сонда ол: «Мен аңызға айналған Астанамды алғаш рет көргендегі әсерімді ғұмыр бойы есімнен шығармаймын. Бұрын теледидардан ғана көрген едім. Оттары самаладай жарқыраған «Бәйтеректе» Президенттің алақанына қолым тиген кезде оның әкелік қамқорлығы тұла бойымды толқытып жіберді. Осы «Бәйтерек», «Алтын адам» мүсіні, ғаламат өрнектермен сүйсіндіретін ғимараттар, бірінен-бірі әсем тұрғын үйлер, алаңдар, субұрқақтар біздің бәріміздің кеудемізде Отанымызға деген мақтаныш отын лаулатты», – деп ой толғапты.

Осындай әсемдікті көзімізбен көрген біз өзіміздің мекемемізді де соған сай көркейтуге тырыстық. Үлгілі ұстазымыз А. Антоновтың ынтасы мен шеберлігінің арқасында мектеп-интернаттың қасбеті, кіреберістегі алаңы абаттандырылды. Бұлар, әрине, балалардың өз қолдарымен жасалды. Гүлзарлар гүлдерге толды, мультфильмдердің кейіпкерлері мен соларда айтылатын аңдардың мүсіндері қойылды. Ал осылардың ішінен «Қазақ хандығына 550 жыл» композициясы ерекше көзге түседі. Оны А. Антонов балалармен бірге жасап, тұлпардың мүсінін қойды және космосқа аттанып бара жатқан зымыранды бейнеледі. Әрине, айта кету керек, тұлпар қазақтың өткен ғұмырын ұқтырса, зымыран бүгінгі ғарышты игерген Қазақстан жетістігін бейнелейді. Мұны мектеп-интернаттың қызметкерлер ұжымы болып орнаттық. Осы алаңды балалар да, ұстаздар да «Шабыт мекені» деп мақтан тұтады.

Біздің мектеп-интернатымыз жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналғандықтан, олардың аялы алақанға, жан жылуына қаншалықты зәру екендігін тұла бойыңмен түсіну – парыз. Осы ыңғайда оны қамқорлыққа алған мекемелер мен ұйымдар бар. Солардың бірі – «Баянтай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Біз де қамқорлыққа орай тарту жасап, осы серіктестіктің егістік алқабына барып, диқандарға концерт қойдық. Сонымен бірге, Воскресеновка ауылында орақтың аяқталуына арналған салтанатқа қатысып қайттық.

Жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекеттің ықыласына бөленіп, оның жәрдемімен қанаттанып, өмірден өздерінің орнын табады. Олар үшін мемлекет әрі әке, әрі ана. Соны сезген балалар Отанын айрықша сезіммен сүйеді. Біз олардың осы көңілкүйін күнсайынғы жұмысымызда байқап, сезіп жүреміз. Біздің тәрбиеленушілеріміз «Мәңгілік Елдің» іргетасын қалаушылардың қатарында. Оларға Отан ерекше ыстық, ерекше ардақты. Отан олардың жан жүрегі десем, артық емес.

Елемес ҚАЛИЕВ,

жетім және ата-аналарының

қамқорлығынсыз қалған балалар мектеп-интернатының директоры.

Саумалкөл ауылы,

  Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp