Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша елімізде “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы бастау алған болатын. Биыл барлық өңірлерде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған сайыстың аудандық кезеңінде жеңіс тұғырынан көрінген өнегелі, өнерлі отбасылар облыс орталығында тоғысты.
Отбасы мерейін үстем етуге бағытталған ұлттық байқау басталмас бұрын облыс әкімі Самат Ескендіров осы шараға арналған стендіні тамашалады.
Жеңіске деген үкілі үмітін аялаған 28 отбасы алдымен сахна төріне шақырылып, жұртшылыққа таныстырылды. Содан кейін отбасының ұйытқысы болып отырған ақ жаулықты аналардың барлығына гүл шоқтары табыс етілді.
Айыртау ауданының үміткерлері – Жанахметовтер отбасының барлық мүшелері білім беру саласында табысты қызмет етсе, Ақжар ауданының атынан қатысқан екі өнерлі шаңырақтың бірі – Хасеновтер отбасы түрлі музыкалық аспаптарды шебер меңгерген өнерлі жандар. Есіл ауданынан келген Есімсейітовтер де жастарға үлгі-өнеге боларлықтай. Ата-анасының мейіріміне бөленіп, олардан бар жақсылықты бойына жинап өскен ұлдары Қайрат өз ортасына қайырымды жан ретінде танымал. Жамбыл ауданынан келген үміткерлердің бірі – Оспановтар отбасы денсаулық сақтау саласында мінсіз еңбек етіп келеді. Ал Мағжан Жұмабаев ауданының жарасымды жұптарының бірі – Мұқашевтар отбасы сәндік қолданбалы өнерді бір адамдай меңгерген. Міне, қолға алған жұмыстарын асқан жауапкершілікпен атқаратын, әр саланы қамтыған осындай өнегелі, өнерлі, өзара тату-тәтті тұратын отбасылар әр аудан атынан қатысып, мерейлерін асырды.
Жиналған қалың қауымға рухани демалыс сыйлаған сайыстың нәтижесінде үшінші орын Петропавл қаласының тұрғындары Анатолий мен Тамара Корольковтар отбасының еншісіне бұйырды. Мейірімді ата-ана өздерінің үш баласымен қатар асыраушысынан айрылған 46 ұл мен қызды қанаттарының астына алған.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданынан келген Қасымовтар екінші орынды еншіледі. Он саусағынан өнер тамған отағасы ағаштан түйін түйіп, ұлттық нақышқа сай ою-өрнектер салумен айналысады. Өзінің білгенін өскелең ұрпаққа үйрету оның алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Жеңіс тұғырынан лайықты орын алған екі отбасына сертификат және сыйлық ретінде үй кинотеатры табыс етілді.
“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауына қатысушыларды облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.
– Отбасы – шағын мемлекет. Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен отбасынан басталады. Өнегелі ата-анадан тәрбие алған бала саналы, ұлтжанды тұлға болып қалыптасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бүгінгі таңда әр облыста “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы ұйымдастырылуда. Игі іс-шара отбасының мерейін асыруды көздейді. Мұндай байқаудың жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Бүгін, міне, біздің өңірде де қаншама өнерлі отбасылар барын көріп, қуанып отырмыз. Осы сайысқа қатысқан барлық үміткерлерге алғыс айтып, отбасыларыңызға жақсылық, аманшылық тілеймін, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Облыс әкімі бірінші орын алған қызылжарлық Магомедовтар отбасына грамота, сертификат және Бурабай курортына орнына жолдама тапсырды. Магомедовтар әулеті ішкі істер органдарында 70 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Жеңімпаз отбасы Астана қаласында өтетін шешуші кезеңде облыс намысын қорғайды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Виталй ВЛАСЕНКО.