– Қазақстанның тәуелсіздік алғаны – ел тарихындағы маңызды оқиға. Көк туымыз көгімізде желбіреп, ата-бабаларымыз арман еткен егемендікке қол жеткізгелі мемлекетіміз қарышты қадаммен алға басып келеді. Осы жылдар ішінде биік белестерді бағындырып, талай асулардан астық. Бірақ шығар шыңдарымыз әлі алда. Жарқын болашаққа жол ашқан жүйелі жұмыстардың барлығы Елбасының сындарлы саясаты арқасында жүзеге асып келеді.
Тәуелсіздік – біздің басымызға қонған бақыт құсы. Қазір қандай жетістікке жетіп отырсақ та, осының барлығы тәуелсіздік таңынан бастау алғанын естен шығаруға болмайды. Бүгінде экономикамыз дамып, басқа елдермен тереземіз теңелді.
Қандай саланы алсақ та, алға басушылықты байқауға болады. Мен өзім елімізде демография мәселесі, оның ішінде ана мен балаға көп көңіл бөлініп отырғанына қуаныштымын. Өйткені, Отан отбасынан басталады. Тәуелсіз елдің болашақ ұл-қыздарын тәрбиелеуде әйел аналардың рөлі айрықша екенін атап өту керек. Бірақ нәзік жандар онымен шектеліп қалған жоқ. Шыны керек, қазір еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Осындай сәтте мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мүмкіндікті мүлт жібермей пайдалануды дұрыс санаған қыз-келіншектер өз жұмысын дөңгелетіп отыр. Нарық заманының қиындығына қарамай, оның бәріне құрыштай шыныққан аяулы жандар алға қойған мақсаттарына ұмтылып, жеңістің көкжиегін бағындыруда. Мұның өзі үлкен жетістік деп ойлаймын. “Ерінбеген адамға бақыт келіп бас иеді” деген нақыл сөз бар қазақта. Расында да, солай. Ойлап қарасам, қазір қаншама кәсіпкерлердің арасында өз жұмысын ұршықтай үйірген әйел адам бар. Ерлермен қатар еңбек етіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған әйел басшылар – біздің мақтанышымыз. Олардың әрқайсысы өзі таңдаған саласында еңбек етсе де, сайып келгенде, ортақ мемлекетіміздің одан сайын дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Мұның барлығы құнды қазынамыз болып саналатын тәуелсіздігіміздің арқасында іске асып келеді. Осының өзі көңілге қуаныш ұялатып, ертеңгі күнге деген сенімді шыңдай түседі.
Тәуелсіздіктің әр азаматқа берген жақсылығы мол. Ұлттық салт-дәстүріміз жаңғырып, ұл-қыздарымызды егемен елде тәрбиелеп, бақытқа кенеліп отырмыз. Түсіне білген адам үшін осының өзі бір ғанибет емес пе?! Олай болса Тәңір берген тәуелсіздік баянды болып, байрақты бәсекелерде ел Туы жоғарыда желбірей берсін!
Бақытжан СӘМИЕВА,
облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.
