
Маусым айының алтыншы жұлдызында облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында соңғы жылдары игі дәстүрге айналған “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының өңірлік кезеңі өтті. Биылғы ақтық сайысқа байқаудың аудандық және қалалық кезеңдерінде жеңімпаз атанған 29 отбасы қатысты.
Жеңіске деген үкілі үмітін аялаған отбасылар, ең алдымен, сахна төріне шақырылып, салтанатты түрде көрермендерге таныстырылды. Содан кейін отбасының ұйытқысы болып отырған ақжаулықты аналардың барлығына гүл шоқтары табыс етілді.
Отбасы мерейін үстем етуге бағытталған ұлттық байқаудың өңірлік кезеңінің ашылу салтанатында облыс әкімі Ерік Сұлтанов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп жүрген бұл байқаудың отбасы құндылықтарын сақтап, байыта түсуде, жалпы ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың мәртебесін арттыруда барынша маңызды екендігін атап өтті.
– Баршаңызды “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының өңірлік кезеңінің ашылуымен құттықтаймын. “Отан – отбасынан басталады” демекші, туған елге деген махаббат алдымен шаңырақтан бастау алады. Сондықтан ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мақсатындағы дәстүрлі байқаудың әр отбасы үшін маңызы зор, – деді Ерік Хамзаұлы.
Байқауға қатысқан әр отбасы үлгі тұтарлық десек, артық айтқандық болмас.
Атап айтқанда, Есіл ауданынан келген Әубәкіровтер отбасысы – құқық қорғау органдарында табысты еңбек етсе, Жамбыл ауданының атынан қатысқан Әбиевтер – өз ісін ұршықша үйірген, қолы ашық кәсіпкерлер, ал шалақындық Фасттар – білім саласында үлкен белестерді бағындырған ұстаздар әулеті. Міне, сахнаға көтерілген осындай жарасымды жұптардың арасынан жеңімпаздарды анықтау оңайға түспегені анық.
Жиналған қалың қауымға рухани демалыс пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жарыстың нәтижесінде үшінші орынға М.Жұмабаев пен Жамбыл аудандарының намысын қорғаған Тәкібаевтар мен Адамдар отбасылары лайық деп танылды. Шалақындық Құсайыновтар мен тимирязевтік Сосновскийлер отбасыларының еншісіне екінші орын бұйырды. Ал облыс орталығының өкілдері – Демьяновтар мен Мамлют ауданының намысын арқалаған Мәмбетовтар отбасы облыстық кезеңнің жеңімпаздары атанды.
Облыс әкімі жеңімпаз атанған отбасыларына грамота мен сертификат тапсырды. Демьяновтар әулетінің отағасысы Владислав Геннадьевич экономика ғылымдарының кандидаты, жеңіл атлетикадан спорт шебері, Малазияда өткен паралимпиадалық ойындарға қатысқан, ал Еркебұлан Мәмбетов – Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.
Жеңімпаз отбасылар Астана қаласында өтетін байқаудың шешуші кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.
(Өз тілшіміз).
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.