Облыстық ішкі істер департаменті тәртіп сақшыларының балалары үшін түрлі шаралар өткізуді игі дәстүрге айналдырған. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және тілдер күніне орай құқық қорғау органы ұйымдастырған “Менің отбасым” тақырыбындағы шығармалар байқауының жеңімпаздары анықталды. 7-9 жас аралығындағы балалар арасынан әл-Фараби мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Гауһар Маратова жеңіске жетті. Асхат Әмренов пен Динара Қайырбекованың отбасында Гауһардан басқа, төрт ұл өсіп келеді. Ол әкесінің полиция қызметкері, ал анасының Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында актриса екенін мақтанышпен жазыпты. Оқушы өз отбасының қазақ халқының дәстүріне беріктігін айтып өткен. Ал 10-12 жастағы балалар арасынан жүлделі орын Мамлютка қаласындағы қазақ мектеп-интернатының оқушысы Ділназ Шаяхметоваға бұйырды. 13-15 жастағы үміткерлерден Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірті Айару Шаханова бірінші орынды жеңіп алды. Оларға департамент бастығы Берік Біләлов Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етті.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.