
Еліміздің қорғаныс саласы жылдан-жылға күшейіп, әскердің санына емес, сапасына көңіл көп аударылуда. Қорғаныс қабілетін арттыру үшін әскерге келісімшартпен қызмет ететін азаматтарды тартудың маңызы зор. Қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметіндегі маңызды міндеттердің бірі білікті және өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандарды қатарға алу болып отыр. Сондықтан осы бағытта бірқатар шаралар қолға алынып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Келiсiмшарт бойынша әскери қызмет ету – мемлекетті қорғаудың тиімді жолы. Әрине, азаматтардың жауынгерлік сапқа әрдайым дайын жүріп, патриоттық сезімін күшейтіп, елдің, жердің қорғаны екендігін сезінуіне де септігі мол. Бастысы әскери қызметке алынғандар әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылады.
Отан алдындағы борышын бұлжытпай орындайтындардың қатарына екiнiң бiрi қабылдана бермейтінін де айтып өткен жөн. Бiрiншiден, келісімшарт бойынша әскери қызмет етуге ниет білдіргендер еліміздің азаматы болуы тиiс. Отан алдындағы борышын өтеген немесе әскери кафедраны, Қорғаныс министрлiгiнiң жоғары оқу орындарын тамамдағандар iрiктеледi. Сондай-ақ, тепсе темiр үзетiн, денсаулығы болаттай шымыр азаматтарға басымдық беріледі. Түрлi психологиялық сынақтардан мүдiрмей өткендер алынады.
Келісімшарт бойынша қызметке қабылданған азаматтарға бірқатар басымдықтар беріледі. Мәселен, әскери қызметшінің құқығы мен бостандығына қол сұғылмайды. Қызметке қабылданғандарды ынталандыру үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Еңбек өтіліне, әскери шені мен біліктілігіне байланысты жалақысы жыл сайын көтерілетінін айта кеткен жөн. Сонымен қатар әскери қызметшінің өзін және отбасын әлеуметтік жағынан қолдау үшін 30-дан 45 тәулікке дейін демалыс беріліп, жауынгерлік қызмет атқарғандарға қосымша он тәулік қосылады.
Шекара қызметіне қабылданғысы келетін солтүстікқазақстандықтар облыс орталығындағы Амангелді көшесі, 137 мекенжайына келіп немесе 8 (715 38) 5-37-21 телефон нөміріне хабарласа алады.
Саят ЖЕКСЕМБАЙ,
“Қызыл Жар” шекаралық бақылау бөлімшесінің аға бақылаушысы, №2 топтың бастығы, аға лейтенант.