Тілі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір сан алуан ұлт өкілдері Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданында кеудесін оққа тосып, елді жаудан азат етті. Тылдағы еңбек пен майдан даласындағы ерліктің арқасында Жеңіс туы желбіреді. Сол жылдарда жанын шүберекке түйгендер қатарында біздің уәлихановтық ардагерлер де бар.
Солардың бірі Арын Исақаев 1927 жылы бұрынғы Қызылту ауданының “Бес декабрь” атындағы ұжымшарда дүниеге келген. Ауылда бастауыш мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындап, 5-9-сыныптарда Бестөбедегі мектепте оқыды. Онжылдықты Қызылту ауданындағы Кішкенекөл орта мектебінде тамамдады. Арын ақсақал өз сөзінде: “Жастық шағым Ұлы Отан соғысы жылдарымен қатар келгендіктен, колхоз жұмысына ерте араластық. Әсіресе, шөп шабуға жәрдемдесіп, егін орағы науқанында өгіз айдадық”, – деп еске алды.
“Бәрі де Жеңіс үшін!” деген ұран бозбала Арынды да бейжай қалдырған жоқ. 17-ге енді ғана толған шағында майдан қатарына шақырылған ол Саратов маңайындағы далалық штабта үш айлық арнайы оқудан өтеді. Сонан соң Мәскеу түбінде бір айдай жаттыққан Арекеңе кіші сержант шені беріліп, 1944 жылдың тамыз айының аяғында Румынияның Яссы қаласында ұрысқа кіреді. Кезекті бір шайқаста аяғынан ауыр жарақат алуына байланысты Николаев қаласындағы госпитальға жөнелтіледі. Ем-дом алған оны госпиталь басшысы 1944 жылдың қараша айында ауылына аттандырады. Елге оралған ол Теміртау қаласында құрылысы жүріп жатқан металлургия комбинаты қарулы вахталық күзетінің қарауыл басшысы етіп тағайындалады. Бұл қызметті 1945 жылдың желтоқсан айына дейін атқарған Арын Сәкенұлы мемлекеттік қауіпсіздік саласына қызметке шақырылады.
1950 жылдың қыркүйек айына дейін қызмет еткен Арын Исақаев кейін аудандық қаржы бөлімінің салық жинау жөніндегі аға есепшісі, аудандық атқару комитетінің жоспарлау бөлімінің төрағасы қызметтерінде де абырой биігінен көрінді.
Бар саналы ғұмырын еңбекке арнап, адалдықты жанына серік еткен ақсақал 1971-1987 жылдар аралығында ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарады. Еңбек еткен жылдар ішінде аудандық кеңес депутаты, аудандық атқару комитетінің мүшесі болды. Болашақ үшін, жарқын келешек үшін жанын аямаған Арын ақсақалдың соғыс жылдарында кеудесіне тағылған ордендері мен медальдары – ерліктің ерен үлгісі. Ол бүгінде ұрпағымен бақытты қарттық кешуде. 13 немере, жиен, 10 шөбере сүйіп отыр.
Көненің көзіндей болған Арын қарт үнемі “Егемен Қазақстанымыз өркендей берсін! Байлығымыз игеріле берсін! Заманауи технологияларды меңгерген жастарымыз өсе берсін! Көпұлтты елімізде тыныштық болсын!” – деген ақ тілегін айтып отырады.
Сарман АЯЗБЕКОВ.
Уәлиханов ауданы.