
Отан үшін жан пида. Осы сөздерді көкейіне түйген ер-азаматтар бірінен соң бірі майданға аттанып жатты. Көңілдері мұңды аналар, жастық думаннан әлі де арыла қоймаған жас келіншектер, жанарларына жас үйірілген қаракөз қарындастар “жауды жеңіп, аман-сау оралыңдар” деген игі тілекпен шығарып салатын. “Хат жазуды ұмытпаңдар” деп қоятын кейбіреулері. Осы бір көрініс әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Майданға аттанарда әкем: “Бір Құдайым оңдасын, қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі. Отан алдындағы борышыңды абыроймен өтеп, қатарымызға қосыл”, – деп ақ тілегін арнаған еді.
Сынаптай жылжыған өмір-ай, шіркін! Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да, міне, 75 жыл болып қалыпты. Соғыс басталған 1941 жылдың 22 маусымы жексенбіге тұспа-тұс келгені әлі есімде. Демалыс. Күн шуағын аямай төгіп тұрған. Мен 18-ге енді ғана толған балаң жігіт едім. Елдегі қиын жағдайға байланысты ата-анам үш жылдай бұрын туып-өскен жеріміз – қазіргі Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылынан Қорған облысының Макушино ауданына көшкен екен. Ол кезде Отан ортақ. Мен де өзге қатарластарыммен бірге майданға аттану мақсатында әскери комиссариатқа барып, өз өтінішімді білдірдім. Бірақ комиссариат басшылығы мені бірден әскер қатарына алған жоқ. Іріктелген жауынгерлермен бірге Челябі облысындағы Шұбаркөл елді мекеніне әскери оқу-жаттығуға жіберді. Соны аяқтаған соң ғана, яғни 1942 жылдың 7 маусымында өзге қатарластарыммен бірге зеңбірекші ретінде соғысқа аттандым.
Майдан ортасына түскен алғашқы күндер көз алдымнан кетпейді. Біздің зеңбірекшілер артиллериясы Воронеж бағытындағы ұрыстарға қатысты. Елдегі жаттығулар кезінде ауыр снарядтарды зеңбіректерге тез оқтап, нысананы дәл көздеп ату шеберлігін жақсылап меңгергенімнен болар, взвод командирі мені алдыңғы шепке қойды. Бұл кезде қарулану жағынан басымдыққа ие жау біздің әскерлеріміздің шебін бұзып өтіп, Сталинградты басып алуға ұмтылған-тын. Сондықтан қарсы жақтың мақсатын жүзеге асыртпау үшін кеңес жауынгерлерінің үлкен күші осы жерде топтастырылды. 1942 жылдың қарашасынан 1943 жылдың қаңтарына дейін қорғаныс шебінде болдық. Қолбасшымыз Константин Рокосовскийдің басқаруымен бірнеше рет шепті бұзып өтпек болған фашистердің көзін жойдық. Шешуші шайқас қаңтар айында орын алды. Бұл мен үшін естен кетпейтін ауыр ұрыс болды. Біздің артиллериялық бөлім майдан шебінің қолайлы жеріне орналасып, жау танкілерін алға бастыртпау үшін снарядтарды бірінен соң бірін боратты. Атқан оғымыз нысанаға тиіп те жатты. Алдағы танкілерінің жанып жатқанын байқаған жаудың жүрегі шайлығып, кейін шегінуге мәжбүр болды.
Осы ұрыста басыма жау снарядының жарықшағы тиіп, госпитальға түстім. Бір ай емделіп шыққан соң, әскери комиссариат мені қызу ұрыс жүріп жатқан Харьков қаласы бағытындағы майданға аттандырды. 89-шы атқыштар дивизиясының құрамындағы үшінші артиллерия полкіне зеңбірекші болып қабылдандым. 76 миллиметрлік пушканың көздеушісі ретінде жауға оқ жаудырып, барлаушылар алдын ала белгілеп берген жау нысанын, жасырын дзоттарын, танкілерін тура көздеп, дәл тигізгенім үшін майдандас жолдастарымның ризашылығына бөлендім. Артиллерияның өзге зеңбірекшілері де міндеттерін бұлжытпай орындап, жауды ауыр снарядтардың астына алып, бетін қайтарды.
Бірде мынадай оқиға болды. Кезекті шабуылға дайындалып жатқанбыз. Жау назарына ілікпесін деп зеңбіректерді ағаш бұтақтарымен көлегейлеп, жасырып қойғанбыз. Өзіміз де бұтаның түбіне жасырынып, темекі тартып, елге хат жазып отырғанбыз. Біздің бұл қулығымызды немістер сезіп қалса керек, ұшақтары әуеден бізге қарай төніп келе жатқанын аңғардық. Үш-төрт ұшақ біз отырған жерге оқ жаудырып өтті. Қайта айналып келіп, бомба тастай бастады. Зеңбіректерді бұру үшін де уақыт керек. Жанымдағы жауынгер қаруын тастай салып, басын қолымен көлегейлеп, жерге жабысып қалыпты. “Ұшақтарды неге атпайсың?” – деймін. Үндемейді. Жау әуеден төніп келеді. Бір кезде ұшаққа қарсы пайдаланатын қаруды жұлып алып, көкке қарай кезендім де атып қалдым. Алғашқы оғым мүлт кеткенімен, екіншісі дөп тиді. Жау ұшағының артынан қара түтін бұрқ етті. Шайқала барып, жерге құлады. Аспанға қызыл жалын көтерілді. Сол жолғы ерлігім үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденін кеудеме тақты. Кейін бөлімше командирі етіп тағайындап, 1944 жылдың қараша айында Белоруссия жерін жаудан азат етуге аттандырды. Бөлімшеміз кеңес жауынгерлерінің ұрыста алға жылжуына жол ашып отырды. Бұл майданда мен тағы ауыр жараландым. Немістің ағаш ішіне жасырынған мергені жауынгерлерге команда беріп жатқанда қолымнан атты. Осылайша, екінші мәрте госпитальға түстім. Бірақ емделіп шыққан соң қайтадан қатарға қосылып, 1945 жылдың мамырына дейін жаумен шайқастым. Берлинге дейін барып, Рейхстагтың қабырғасына өз қолтаңбамды қалдырдым.
Көптеген наградаларымның ішінде маған “Ерлігі үшін” медалі бәрінен қымбат. Мұның тарихы да қызық. Шабуылға шығу үшін жау күшін, қанша техникасы барын білу қажет болды. Командиріміз үш орыс жігіті мен мені жау тылына өтіп, “тіл” әкелуге жіберді. Бұл Белгородтың маңы болатын. Төртеуіміз түн жамылып, еңбектей жүріп алға бет алдық. Немістің солдаты мен офицері алаңсыз темекі шегіп тұр. Бас салдық. Шалт қимылдағанымыз сондай, қарсылық көрсетуге де мұршалары келмеді. Олардан көптеген құнды ақпарат алып, жауды бір қадам болса да шегіндіре түстік. Марапат маған осы үшін берілген еді. Курск иінінде ерлік көрсеткенім үшін берілген “Қызыл Жұлдыз” орденін де ұрпағыма мақтанышпен айтып отырамын. Сол жолы мен немістің екі танкісін жойған едім.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отыруымның да өз себебі бар. Бүгінгі буын аталарына ұқсап, кез келген қиындыққа төтеп бере алатын ержүрек болып өссе екен деймін. Бірақ соғыстың бетін аулақ қылсын. Ерлікті еңбекпен көрсетіп, армандарыңа жетіңдер деген ақ батамды бергім келеді. Жастар Отан үшін от кешкен ардагерлердің сеніміне селкеу түсірмей, еліміздің одан әрі көркеюіне өз үлестерін қосады деген үміттемін.
Қабен МЫРЗАҒҰЛОВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері.
Петропавл қаласы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.