Сәуірдің отызыншы жұлдызында қаланың “Береке” шағын ауданындағы
Гастелло көшесіндегі 75 пәтерлі тұрғын үйден қолдарына кілт тиген жепіс бес отбасы иелерінің қай-қайсының да көкейінде «Отауым-ордам!» деген лебіздің тұрғанын іштей ойлайсың.
Үміттерін үкілеген осыншама жас отбасыларының ойлағаны болып, ақ түйенің қарны жарылғандай көңіл-күйде тұрғанын облыс басшысы Ерік Сұлтанов құттықтау лебізін арнағанда пәтер иелерінің шаттыққа толы жүздерінен аңғардық.
Жас отбасыларды осы қуаныштарымен құттықтаған өңір басшысы сөзін сәуірдің соңы, мамырдың басы және Қазақстан халқының бірлігі күнгі жаймашуақ, жайдары ауа райының жанға жайлы рәуішті шағымен дөп келгенін тілге тиек етті. Ерік Хамзаұлы бұл үйдің Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының аясында “Жас отбасыларға баспана” бағыты бойынша пайдалануға берілгенін және бұл өткен жылғымен салыстырғанда қарқын ала түскенін айта келіп:
– Бұл үйдің тап іргесінде Назарбаев Зияткерлік мектебі бой көтерді. Енді осы жерде сауда орталығы ашылмақ. Жолдар салынады, айнала абаттандырылады, – деп жиналған жұртшылықтың көңілін көтере түсті.
Айтса айтқандай, үстіміздегі жылы бой көтерген алғашқы тұрғын үй бес қабатты, бес дәлізді. Айналасында бәрі де ескрілген. Әр дәліздің алдында тізе бүгуге қолайлы орындықтар қойылған. Енді жасыл ауланы көздің жауын алатындай мұнтаздай етіп, күтіп ұстау тұрғындардың – міндеті.
Жұртшылықты қуанышқа бөлеген шырайлы сәттің түйінді кезі де келіп, өңір басшысы пәтер кілттерін тапсыра бастады. Алғашқы болып, табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті облыстық департаментінің бас маманы Айгүл Есентаева Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа, облыс әкіміне жас отауларға жасап отырған қамқорлығына шексіз алғысын білдірсе, осындай қуанышқа қолы жеткен жеке кәсіпкер Алла Орлова баспаналы болып, бақытқа бөленгенін көзіне еріксіз жас ала тұрып жеткізеді.
– Біздің құрылысшыларымыз әдеттегідей өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, тұрғын үйді уақытында әрі сапалы іске қосуға барлық біліктіліктері мен шеберліктерін жұмсады дей аламын, қуаныштарыңызға қосыламын, отауларыңыздың шамы жарқырай берсін,– деді ақжолтай тілегін арнаған “Лира” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Андрей Радченко.
Кілттерді тапсырудан кейін Ерік Сұлтанов пен қала әкімі Марат Тасмағанбетов бірнеше пәтерлерді аралап, ішкі безендірілуімен танысты.
Екі жылға жеткізілмей бой көтерген осы үйде бір пәтерлі жиырма, екі пәтерлі қырық алты және үш пәтерлі тоғыз баспана бар.
Үстіміздегі жылы, тұтастай алғанда, он жаңа тұрғын үй салынбақ. Пайдалануға берілген осы үйдің құрлысына 583 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Осыдан-ақ облыс орталығында тұрғын үйлер салуға қаншалықты зор маңыз беріліп отырғанын аңғаруға болады.
Біздің редакциядан келіп тұрғанымызды аңғарған Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының тумасы Ағыбай Әбілов өзі әңгімеге қосылып, Елбасымызға, өңір басшысына шексіз ризалығын айтып, алғыс жаудырды. Ол қалалық мемлекеттік автоинспекцияда қызмет атқаратын ұлы Мұраттың отбасы – зайыбымен және екі баласымен екі пәтерлі қонысқа қол жекткізгенін айтты.
“Үйі бардың – күйі бар” демекші, ұзағынан сүйіндірсін, қуаныштарыңзбен, жас отаулар!” – дейміз біз де.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.