«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОТАУ ТВ” – ОТАНШЫЛДЫҚ АРҚАУЫ оны омбылық ағайындар да көре бастады

Адамзаттың рухани тұлғасының дамуына, ой-өрісінің жетілуіне, сана-сезімінің қалыптасуына, ғаламтануына оқыған кітаптары, бойына ұялатқан білімі, алған ақыл-кеңесі әсер ететіні анық. Соған қоса, бұқаралық ақпарат – таным мен біліктілік қайнары. Қазіргі уақытта – ХХІ ғасырдың он бес жылдығын да тарих еншісіне жіберуге таяған тұста бұқаралық ақпарат, соның ішінде, әсіресе, теледидар адамзаттың ең жылдам рухани ықпал көзі болып табылады. ХХІ ғасырдың адамы ақпаратты жылдам қабылдап, соған орай шұғыл шешімдерді лезде шығаруға дағдыланған. Бұған ғаламторды қоссақ, адамзаттың алдынан ақпарат айдыны кеңінен ашылған.

Жасыратын несі бар, бұқаралық ақпарат адамдар санасына әрқашан да оң ықпал жасай бермейтіні анық. Идеологиялық күрестің көзіне айналған ақпарат құралдарын мемлекеттік саясатта пайдаланып, өз ықпалын жүргізетін елдер де жоқ емес. Әр мемлекет осы қайнар арқылы адамдар санасына әсер етеді. Өзінің елдік мүддесін көздеп, саясаттың мықты, бұлжымайтын негіздерін орнықтыру үшін әр мемлекет өз жолын табады.

Сондықтан біз өзіміздің Отанымыз – Қазақстан Республикасында осы салада қолға алынып отырған істерге түсіністікпен қарап, соған берік негіз орнатуға тиіспіз. Бұл орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев республика аумағында теледидар және радиохабарларының тұрғындардың барынша кең ауқымын қамтитындай жаңа арнасы – “Отау ТВ” Ұлттық спутниктік теледидарды жүзеге асыратын мемлекеттік бағдарламаны енгізуге тапсырма берген еді. Осылайша, бұл жоба 2011 жылғы 18 қаңтарда Елбасының өзінің қатысуымен іске қосылды.

“Отау ТВ” телехабарлары екі бағытты қамтиды. Бұлардың біріншісі “Цифрлық телехабар тарату желісі” деп аталса, екіншісінің атауы – “Спутниктік телехабар тарату желісі”.

Қазақстан Республикасы цифрлық хабар таратуға көшуді 2006 жылы Женева конвенциясына қол қойған соң бастады. Бұл үлгіге көшу мәселелерімен “Қазтелерадио” акционерлік қоғамы айналысады. Біз акционерлік қоғамның облыстық филиалының директоры Ғалымбек Нұрбалиевті әңгімеге тартқанымызда ол:

– Бұл – қазақ тіліндегі хабарларды көріп, тыңдаушылар аумағын кеңінен қамту мақсатын көздейтін мемлекеттік маңызы бар бағдарлама. Бүгіндері хабарларды өңіріміздің 26 мыңнан астам абоненті тамашалайтынын білеміз. Ал еліміз бойынша бір миллионға тарта абоненттер тіркелгенінен хабардармыз.

Бір атап айтарым, қазақстандық 40 телеарна қамтылған. Бұлардың бәрі тегін көрсетіледі. Ал осы спутниктік телехабардың барлығын қосқанда 111 арнаны пайдалануға болады, – деді.

Ғалымбек Қойшыбекұлының айтуынша, өңіріміздің шалғай ауылдарының тұрғындары жақсы пайдаланып отыр. Мысалы, ауыл тұрғындары бұрындары небәрі екі-үш арнаның ғана хабарларын місе тұтып келсе, қазір олар қазақстандық арналардың хабарларын толығымен тамашалай алады.

Қазақстандық 40 арнадан өзге 97 арнаның хабарларын көруге ықыласты тұрғындар ол үшін телеоператорға ақы төлейді. Алайда, бұл ақы қазірде пайдаланылып жүрген кабель желісінен әлдеқайда арзан әрі тиімді. Тиімділігі сол, “Отау ТВ” хабарлары өте көрнекі, көрсетілуі айқын, бұлдырсыз. Тоқтап қалу сияқты немесе басқалай тосқауылдар болмайды. Ал кабельдік желі облыстық, республикалық арналардың хабарларын тегін көрсеткенімен, Ресейден және әлем елдерінен алатындарына ай сайын ақы төлетіп отырады. Бұл орайда олардың кездесетін ақауларға жауапкершілігін дәлелдеу оңай емес.

Цифрлық эфирлік телехабарды алу үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық сату орталығына 36-04-70 нөмірлі телефон арқылы хабарласуға болады, яки Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 1-үйде орналасқан мекенжайға бару керек. Оның мамандары үйдегі теледидарға арнайы қондырғыны орнатып береді.

– Ал спутниктік телехабарларды қабылдайтын арнайы құрылғыны Петропавлдағы Киров атындағы зауыттан және аталған орталықтан сатып алуға болады, – дейді мамандар.

Солтүстік Қазақстан облыстық радиотелехабарларын тарату дирекциясының құрылғыларды сату орталығының директоры Руслан Рамазановпен сөйлескенімізде ол “Отау ТВ” цифрлық және спутниктік хабарларының қазақстандықтардың, соның ішінде өңір көрермендерінің пайдаланып отырған игілігін айта келіп, осыларды орнатқан біраз азаматтардың тізімін, телефон нөмірлерін беріп, бізге жәрдем жасады. Ол өз сөзінде қазір ауыл тұрғындарынан көптеп өтініштер түсіп отырғанын айтты.

Біз Руслан Аманбайұлы берген тізім бойынша бірнеше тұтынушымен сөйлестік.

Мырзағали Әділшин,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Мен “Отау ТВ” спутниктік желісін орнатқалы еліміздің бүкіл қалаларындағы, солар арқылы облыстарындағы ең соңғы жаңалықтарға үнемі қанығып отырамын. Өзіңіз ойлаңыз, әдеттегі арналар бүкіл өңірлерді толық қамти алмайды. Ал спутниктік желі осыған қолымды жеткізіп отыр. Басқа елдердің спорт, саясат, тағы басқа хабарларын да тамашалауға мүмкіндік бар. Бірақ өз Отанымның перзенті болғандықтан, мен, алдымен, Қазақстандағы жаңалықтарды, тарихи, танымдық, рухани тақырыптардағы хабарларды тамашалауға қол жеткізгеніме қуанамын.

Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының тумасымын. Қазір біздің ауыл тұрғындары “Отау ТВ” желісін көптеп орнатуда. Бұл – ұлтымыздың ақпарат айдынындағы үлкен жетістігі екені даусыз.

Самат Ағзамов,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Бұл – ұлтымыз үшін игілікті жаңалық. Әсіресе, елімізден тысқары жерлерде тұратын ағайындарымыздың өтініші көп. Осылайша, мен Омбы облысында тұратын туыстарыма “Отау ТВ” желісін орнатып беріп, алғыстарына бөленіп отырмын. Осы арқылы олар Қазақстан өмірінен соңғы жаңалықтарды көріп-біліп танысады. Сондай-ақ, ұлттық тарих, руханият, білім салаларындағы танымдық хабарларды үзбей көреді.

Ерғали Бегалин,

Петропавлдағы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Цифрлық телеарна арқылы 22 арнаны тегін көріп отырмыз. Айқын, ешқандай техникалық ақау, тосқауыл деген болып көрген емес. Кабельдік желіден әлдеқайда тиімді.

Осы әңгімелерден және тілдескен адамдардың лебіздерінен соң “Отау ТВ” желісінің ел көрермендері үшін ұшан-теңіз жақсылығына көз жеткіздім. Оны орнатып, хабарларын тамашалау, танымдық бағыттағы көрсетілімдеріне бойлау өзімнің де парызым деп ұқтым.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp