
Облыстық кардиологиялық орталықта Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың аритмолог дәрігері Қуандық Садуев жергілікті әріптестеріне шеберлік сағатын өткізді.
Шеберлік сағаты барысында жүрек ырғағы бұзылған 72 жастағы өңір тұрғынына кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, кардиовертер-дефибриллятор құрылғысы жүректің кенеттен тоқтап қалуының алдын алады. Медицинадағы заманауи ем-шара жергілікті анестезия арқылы жүргізіледі. Яғни, ота барысында науқас есінен танбайды. Бұғана астында шағын тілік жасалып, тамыр арқылы рентген бақылауымен жүрек ішіне электрод енгізіледі. Электронды құрылғы жүрек қағысын бақылауға арналған күрделі компьютер іспеттес. Ол жүрек қызметін қадағалап отырады. Жүрек қағысының бұзылуын анықтап, электроразряд арқылы қалыпты жағдайға түсіреді.
– Жүрек аритмиясына қарсы электронды құрылғы шамамен 5-7 жыл жұмыс істейді. Дәрігерлік тәжірибеде осындай 100-ден астам ота жасадым. Мұндай ота Қызылжар өңірінде алғаш рет жасалуда. Жалпы, кардиовертер-дефибриллятор аппараты кез келген жастағы науқасқа қойылады, – деді елордалық дәрігер Қуандық Садуев.
Қазір кардиологиялық орталықта жүрек ырғағы бұзылған үш науқасқа арналған заманауи құрылғы бар. Олар Германия елінен жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, жыл өткен сайын осындай науқастар саны артуда. Сондықтан жергілікті жерде мұндай заманауи әдіс-тәсілді күнделікті тәжірибеге енгізу жоспарлануда.