«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТБАСЫЛЫҚ БЮДЖЕТ: ақша кімнің қолында болуы керек?

Екі жастың үйлену тойында асаба жігіт ортаға «Үйде ақшаны кім ұстайды?» деген сауал тастап, үлкен өмірге бірге қадам басқалы тұрған жұбайлардың әбден ығырын шығарғанын талай көрдік. Күйеубала бұл сұраққа көп ойланбастан: «Тапқанымды ата-анама әкеліп беремін. Айлығымды анам ұстайды» деп жауап берді бірде. Асаба болса оны жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелді.

Жалпы бұл – кез келген отбасында болатын жағдай. Өкініштісі сол, бұл сұраққа келгенде отбасы мүшелерінің пікірі көп жағдайда бір-бірімен қабыспай жатады.

«Ойламаған жерден отбасылық мәселелердің пайда болуына да, әлеуметтік проблемалардың жиі аяқтан шалуы да, ақыр соңы ажырасуларға дейін алып барып жататын айқай-шудың басты себептерінің бірі де осы – отбасылық бюджеттің сауатсыз жүргізілуі немесе мүлдем басқарылмауына келіп тіреледі», – дейді осы саланы зерттеп жүрген мамандар. Ал тапқан-таянғандарын үнемдеп, ортақ мақсаттарын жүзеге асыру үшін жұмсаған отбасыларда түйткілді мәселелер аз кездеседі.

Отбасылық бюджет бар ақшаны мүлдем жұмсамай жинау деген сөз емес, ол – сауатты үнемдеу және тиімді жинақтау деген мағынаға саяды. Отбасылық бюджетті сауатты басқару қай жерде, қай күні, қандай қаржылық қателіктер жасағаныңызды анықтаудан басталады. Қар жыгерлердің көбі отбасы бюджетін дұрыс басқару үшін жазу техникасын қолдануды ұсынады. Яғни ерлі-зайыптылар ай сайынғы кірістері мен шығындарын бірін қалдырмай жазып отыруы тиіс. Қаржылық жағынан сауатты адамдар жұмсаған ақшаларына қарағанда кірістерінің ұлғайып отырғандығын жіті қадағалайды. Бұл «артық ақша» қағидасының дұрыс орындалуына әкеледі. Қолында артық ақшасы бар ерлі-зайыптылар кездескен түрлі қиындықтардан оңай жол тауып кете алады.

Психологтар отбасылық бюджетті жүргізу ерлі-зайыптылардың екеуінің де міндеті деп есептейді. Қазіргі қазақ қоғамында жұбайлардың екеуі де ақша табады, жұмыс істейді, кәсіппен айналысады. Бұл жағдайда ақшаны ақылдасып жұмсаудың тиімділігі көп. Отбасылық бюджетті жоспарлаудың үш түрлі ережесі бар. Біріншіден, ақшаны үнемдеуге емес, көбірек табыс табуға ұмтылу. Көп жағдайда адамдар керісінше жолды таңдайды. Екіншіден, балаға кішкентайынан ақшаны орынды жұмсауды үйрету. Үшіншіден, отбасылық кеңес. Яғни, барлық шығындар мен кірістерді есептеп, бір-бірімен ақылдасып отыру.

Соңғы кездері энергия деген термин өмірімізге дендеп еніп барады. «Ақша энергиясы» деген сөз жиі қолданылып жүр. Маман ретінде, ақша жақсы жұмысқа, адал кәсіпке ғана емес, ең бірінші таза энергияға келетінін айтқым келеді. Таза энергия дегеніміз – адамның адалдығы, өзіне тілеген жақсылықты туысына, жақын досына, тіпті, бейтаныс адамға да тілей алуы. Энергиясы таза адамдар жалған сөйлемейді, өтірік-өсек айтпайды, үнемі күлімдеп жүреді. «Ер адамның энергиясы отбасын қорғауға жауап берсе, әйел – гүлденудің, өркендеудің энергиясы», – дейді ғалымдар. Төле бидің «Әйелің жақсы болса, бірінші – иманың, екінші – жиғаның, үшінші – ырысыңның тұрағы» – дегені осы болса керек.

…Тойда тілек айту кезегі маған келгенде жас жұбайларға: «Ерлі-зайыптылардың арасында ақшаны кім ұстайтыны шын мәнінде маңызды емес. Ең басты дүние – қаржы мәселесін бірлесіп шешу, бір-біріне сенім арту және отбасы үшін ортақ мақсаттарды жүзеге асыру. Ортақ мақсат бар жерде ақша соған жетудің басты құралына айналады. Осыны есте ұстағандарыңыз абзал», – дедім. Дұрыс емес пе?

Абзал АРМАНҰЛЫ,

«Арунай» жеке кәсіпкерлігінің қаржыгері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp