Тәуелсіздік күні қарсаңында Петропавл қаласында №1 қалалық емханаға қарасты отбасылық денсаулық орталығы ашылды. Бұл шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Емдеу мекемесінің жүктемесін азайту және кезек санын қысқарту мақсатында ашылған жаңа орталықта 10200 тұрғынға қызмет көрсетілмек. Театральная көшесі, 49а мекенжайында орналасқан емдеу мекемесіне Ойқала мен сол маңда тұратын адамдар медициналық көмекке жүгіне алады. Жаңа медициналық мекемеде кезекке тұрудың электронды жүйесі іске қосылған. Қазір мұнда отыз медициналық қызметкер еңбек етеді. №1 қалалық емхананың бас дәрігері Светлана Кашенцева бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында жаңа орталықта науқастар үшін барлық жағдай жасалғанын айтты. Алты учаске бойынша жалпы тәжірибе дәрігерлері науқастарды қабылдаса, балалар үшін педиатриялық бөлімше жұмыс істейді. Ем-шара, екпе кабинеті, дәріхана бар. Тұрғындар енді №1 қалалық емханада кезек күтпей-ақ, осы орталықтағы мамандардың көмегіне жүгініп, тиісті сараптамадан өте алады.
– Біз денсаулық сақтау ұйымдарында тұрғындар үшін сапалы медициналық көмек көрсетуді жақсартып, кезек санын қысқарту мақсатында жүйелі жұмыс істеуге тиіспіз. Тұрғындарды қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, емханалардың жүктемесін азайтуға барынша күш салған жөн. Бұған дейін облыс орталығында осындай үш отбасылық денсаулық орталығы ашылған болатын. Тағы бір орталық жақында іске қосылады. Сондай-ақ, “Шығыс” шағынауданында заманауи аурухананың құрылысы басталды, – дей келе өңір басшысы Құмар Ақсақалов, бұған дейін №1 қалалық емханада болғанда ұзын-сонар кезекте тұрған науқастарды көріп, күрмеуі қиын мәселені шешудің жолдары қарастырылғанын айтты. Ал осындай орталықтарды ашудың арқасында қазір емханаларда кезек саны біртіндеп қысқаруда. Сондықтан қаладағы өзге де шағынаудандарда отбасылық денсаулық орталықтарын іске қосу жоспарда бар. Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда дәрігерлердің жүктемесі 30 пайызға азайған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев биыл өңірге жалпы тәжірибе дәрігерлері жоспардағыдан екі есе көп тартылғанын жеткізді. Оның айтуынша, барлық емдеу мекемесінде артериалдық гипертензия, жүрек-қантамырлар жүйесі, қант диабеті сияқты аурулар бойынша өлім-жітім көрсеткішін азайту мақсатында ауруларды басқару бағдарламасы енгізілген. Электронды кезек жүйесі мен денсаулық паспорты, мобильді қосымша іске қосылған. Бүгінгі таңда мобильді қосымшаны 39 мың өңір тұрғыны пайдаланады. Сонымен қатар, амбулаторлық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі 40 пайызға өседі. Бұл қаржының дені клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетулерге жұмсалады. Сақтандыру жүйесіне қосылған адамдар үшін МРТ, компьютерлік томография, зертханалық зерттеу тегін жүргізілмек.
Облыс әкімі отбасылық денсаулық орталығының жұмысымен танысу барысында кезекте тұрған науқастардың хал-жағдайын сұрап, денсаулық сақтау саласы бойынша өңірде қолға алынған ілкімді істерге тоқталды.
– Келесі жылдың бюджетінде жас мамандар үшін тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылды. Ол үшін 100 миллион теңге бөлінеді. Жас дәрігерлер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің алғашқы жарнасын өтей алады. Қала және ауылда жұмыс істеуге ынталы дәрігерлер үшін көтермеақы берілуде. Өңірге жаңа медициналық құрылғылар сатып алудамыз. Қазір үш реанимобиль пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 18 медициналық көлік сатып алынады. Жалпы, денсаулық сақтау ұйымдарын 66 көлікпен қамтамасыз ету жоспарлануда. «Береке» шағын ауданында жаңа емхана ашу ойымызда бар, – деді Құмар Іргебайұлы.