Шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының басты қозғаушы күші болғандықтан, бүгінде мемлекет аталмыш саланы дамытуға басымдық беруде. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ел ішінде бұл салаға бет бұрған іскер азаматтардың саны артты. Солардың бірі – Нұрлан Ахмадиев Қызылжар ауданының орталығында ағаш өңдеу цехын ашып, ісін дөңгелетіп отыр.
Шал ақын ауданындағы Бағанаты ауылында 1975 жылы дүниеге келген Нұрлан Ахмадиев – академик М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің түлегі. Географ-эколог мамандығын меңгерген ол 2010 жылы “Ахмадиев” жеке кәсіпкерлігін құрып, тірнектеп жинаған қаражатына Бескөл ауылында ағаш өңдеу цехын ашады.
Шал ақын ауданындағы Бағанаты ауылында 1975 жылы дүниеге келген Нұрлан Ахмадиев – академик М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің түлегі. Географ-эколог мамандығын меңгерген ол 2010 жылы “Ахмадиев” жеке кәсіпкерлігін құрып, тірнектеп жинаған қаражатына Бескөл ауылында ағаш өңдеу цехын ашады. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамының облыстық филиалына жүгініп, 3 млн. теңгенің несиесін ресімдеп, оған аудан орталығында бос тұрған ғимаратты сатып алады. Қазіргі уақытта төрт қырлы бөрене, тақтай және штакетник шығаратын цехтың жанында кеңсе, қоймалар және жұмысшыларға арналған асхана да бар.
Біз кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қолға алынған бағдарламалардың белсенді қатысушыларының біріміз. Бұдан он жыл бұрын шағын ағаш өңдеу цехы ретінде жұмысымызды сәтті бастаған болатынбыз. Бүгінгі қол жеткізген жетістігімізге тоқмейілсімейміз. Өзіміздің беделімізді түсірмей, тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барынша тырысып келеміз, – дейді Нұрлан Сырымұлы.
Өзінің сүйікті кәсібімен айналысып жатқан Нұрлан Сырымұлы шикізатты Шал ақын ауданындағы орман шаруашылықтарынан алдыруда. Жұмысқа қажетті екі трактор, “КамАЗ” көлігі, басқа да техникасы бар. Ағаш өңдейтін цех ресейлік заманауи станоктармен жабдықталған. Новгород қаласынан жеткізілген құрылғылар жұмысты жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арттыруда. Нәтижесінде өндіріс орнында ай сайын кем дегенде 80-150 текше метрге дейін өнім шығарылады. Ол тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. Әсіресе, қайыңнан тілінген төрт қырлы бөренелер мен тақтайлар құрылыста кең қолданылуда. Кез келген тапсырысты қабылдап, тұтынушылардың көңілінен шығуға тырысып отырған кәсіпкер облыс аумағындағы барлық аудандармен байланыс орнатқан.
Соңғы он жылда Бескөл ауылында салынған және қазір салынып жатқан жеке тұрғын үйлердің басым бөлігінде аталмыш цехта шығарылған бөренелер қолданылған екен. Бұдан бөлек, олар басқа аудандарда да бой көтерген ғимараттарға, әлеуметтік нысандарға пайдаланылуда. Ал ішкі жұмыстар үшін бұл жердегі қайыңнан тілінген тақтайларға тапсырыс көптеп түседі.
Ұжым алдағы уақытта ақ қайыңнан күрек пен айырдың саптары сияқты өнім түрлерін шығаруды жоспарлауда. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, жылдық жоспардың бір бөлігін осы мақсатқа жұмсамақшы. Ол үшін де қосымша станоктар керек.
– Бүгінгі бизнес өкілдерінің алдында тұрған міндет – отандық тауар өндіру мен бәсекелестікке төтеп беретін өнім шығару ғана емес, шикізатты мүмкіндігінше қалдықсыз пайдалануға қол жеткізу. Ағаш өндірісімен айналыса бастаған сәттен-ақ осыны алдымызға мақсат етіп қойдық. Осы бағытымызға біртіндеп қол жеткізіп келеміз. Қазіргі уақытта цехта жергілікті 10 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық жалақысы 120 мың теңгені құрайды, – дейді Нұрлан Сырымұлы.
Бескөлдік іскер азамат қазір коронавирусқа байланысты ел экономикасында қиындық туғанымен, бұл өз жұмысына кедергі келтірмегенін айтты. Өйткені, сапалы бұйымдарға деген сұраныс қашан да бар. Соған орай алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейту жоспарланып отыр. Жұмысқа кедергі келтіретін жалғыз мәселе – өндіріс учаскесінің тарлығы және шығарылатын өнім түрінің аздығы. Алдағы уақытта бұл мәселенің шешімі табылары сөзсіз.
Әңгіме барысында кәсіпкердің қосалқы шаруашылықпен айналысуды да дұрыс жолға қойғанына көз жеткіздік. Ол былтыр “Бағанаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, көкөніс өсіру мақсатында туған ауылының жанынан 40 гектар жерді жалға алады. Он гектарына “Боливар F1” сұрыпты француздық сәбіз отырғызған. Ала жаздай тамшылатып суару әдісін қолданудың арқасында күзде әр гектардан 55 тонна өнім алынған. Биыл сәбіз үш есе артық, яғни отыз гектарға отырғызылды. Түркиядан серіктестіктің жұмысына қажетті заманауи тұқымсепкіш, сәбіз жинайтын комбайн, “МТЗ-82.1” тракторын және Бағанаты ауылында екіқабатты нысанды сатып алады. Алдағы жылы қосымша техника алып, картоп пен қызылша отырғызбақшы.
Әрине, күзде жиналған өнімді сақтайтын қойманың болмауы көп қиындық туғызып келген. Басқа амалы қалмағандықтан, Петропавл қаласы мен Тайынша ауданындағы қоймаларды жалдауға мәжбүр. Ал өнімді шалғайдағы қоймаларға жеткізу кәсіпкер үшін тиімсіз, шығыны көп. Сондықтан серіктестік аумағында бір мың шаршы метрлік заманауи қойма тұрғызу жөнінде шешім қабылдапты. Қазіргі уақытта жұмысшылар нысанның іргетасын қалауда.
Тынымсыз еңбегімен абырой биігіне көтерілген кәсіпкердің бұдан да басқа ілкімді істері аз емес. Қоғамдық істерге де белсене атсалысатын Нұрлан Ахмадиев Бәйтерек ауылында бір мың шаршы метрді құрайтын супермаркет пен аудан орталығында азық-түлік дүкенінің құрылысын бастамақшы. Бүгіндері жергілікті әкімдікпен келіссөздер жүргізіліп, қажетті жердің құжаттары ресімделген.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.