Мен бүгін жарты ғасырдан астам уақыт бірге отасып, тату-тәтті ғұмыр кешкен ардақты арысым, асыл азаматым, балаларымның асқар таудай әкесі Қапаш Аушақымов туралы сыр шерткім келіп, қолыма қалам алдым. Жұбайым Қапаш 1936 жылғы 12 наурызда Шал ақын ауданының Бағанаты ауылында дүниеге келген. Ананың ақ сүтін адалынан емген жұбайым көптің көзіне түспей-ақ көптеген игі істер тындыратын қарапайымдылығымен қатар, өте ақжарқын, кеңпейіл, жайдары жан болды.
Марьевка орта мектебін бітіргеннен кейін Ресейдің Орехово-Зуево, кейін Қазақстанның Балқаш көлінің жиегіндегі Приозерск қалаларында үшжылдық әскери борышын абыроймен өткерген Қапаш елге оралғаннан кейін Октябрь аудандық милициясының төлқұжат беру үстеліне жұмысқа тұрады. Содан бастап Сергеев аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Возвышен аудандық атқару комитетінің хатшысы, осы ауданның “Ұзынкөл” кеңшары партия ұйымының жетекшісі қызметтерінде істеді. Жоғары партия мектебін бітірді. Возвышен аудандық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Сергеев ауданындағы Городецкий кеңшарының бөлімшесіне басшылық етті.
1977 жылдан облысымыздың алты ауданын қамтитын Сергеевка электр жүйелік орталығының кәсіподақтар комитетінің төрағасы, төрт жыл өткен соң аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. Аудандық халықтық бақылау комитетінде инспектор, әлеуметтік қорғау бөлімінде меңгеруші, агро-өнеркәсіп басқармасында аға заңгер-кеңесші болды. Қай қызметте жүрсе де өзінің іскерлігімен, біліктілігімен, ізденімпаздылығы және еңбекқорлығының арқасында абырой-атақсыз болған жоқ. Ұйымдастырушылық қабілетімен, артық ауыз сөзі жоқ жайлы мінезімен жанындағыларды үйіріп алатын. Сондықтан да болар, зейнеткерлікке шыққан соң да еңбектен қол үзбей аудандық ардагерлер ұйымын басқарды.
Қапашпен 18 жасымда қосылып, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге бөлістім. Елу төрт жыл жұптасқан өмірімізде үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір олардың барлығы ержетіп, білім алып, әр салада қызметтерін атқаруда. 11 немереден 8 шөбере сүйдік. Табиғатынан бір кісіге қабақ шытып, қатты сөз айтпайтын жұбайым немерелері мен шөберелерінің балдай тәтті қылығына тоймай, оларға өмірден көргені мен түйгенін айтудан жалықпайтын, әулетіміздің ақылшысы еді.
Өзінің бойына біткен біреудің ала жібін аттамайтын адалдығы, бастаған ісін түбегейлі аяқтамай тастамайтын табандылығы, шыдамдылығы сияқты ер-азаматтың абыройын асқақтатар қасиеттерін балалары мен немере-шөберелерінің санасына сіңіре білді. Ол қызметі мен отбасы алдындағы жауапкершілігіне ешқашан селкеу түсірмеді. Әрқашан таразы басын тең ұстап әріптестерімен де, балашағасы, отбасының басқа мүшелерімен де тіл табыса білетін.
“Үйлену оңай, үй болу қиын” деген бабаларымыздың нақылы тегін айтылмаған. Жұп жазбай, бір шаңырақтың астында өмір сүріп, ошақтың түтінін түзу түтетіп, дүниеге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп өсіру айтар ауызға оңай. Талай қиындықты көрсек те, соған төзіп, шаңырақты шайқалтпадық. Алайда, абзал азаматымнан осыдан үш жыл бұрын айрылып қалғаным қабырғамды қайыстырады. Ажалдың аранынан тысқары болғанда 12 наурызда сексенге толар еді. Дегенмен, Алланың жазуына қарсы тұра алмайсың. Ендігі бар тілегім – балашаға, немере-шөберелерімнің амандығы мен ел-жұртымның тыныштығы.
Мүштариза АУШАҚЫМОВА,
зейнеткер.
Петропавл қаласы.