«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТБАСЫМ – БАЙЛЫҒЫМ

Қазақ халқы шаңырақты қашанда қасиетті санап, қадір тұтқан. Осындай қағиданы ұстанған облыстық іскер әйелдер қауымдастығы жақында “Отбасың қолдаса, жақсы істер жүзеге асады” деген тақырып аясында семинар ұйымдастырды. Аққайың ауданына қарасты Смирново ауылындағы кітапханада алдыңғы толқын өкілдері, жастар қауымы, мектеп ұстаздары мен оқушылары жиналып, Петропавл қаласынан, аудандардан келген қонақтармен отбасы тақырыбында емен-жарқын әңгіме өткізді. Олар шаңырақта тамыр жаятын ұлттық құндылықты насихаттап, салт-дәстүрді сақтау, өнегелі отбасылардың қатарын қалыңдата түсудің қажеттілігін тілге тиек етті.

Аққайың аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Зәуреш Сағындықова отбасы деген ұғымды тереңнен қозғай отыра, бүгінгі қоғамдағы әкенің рөліне тоқталып, оны сыйлау, ақылын тыңдау, сөзінен де, ісінен де үлгі алудың өзі бала үшін үлкен тәрбие мектебі екенін айтты.  

Семинар барысында Жұмановтар, Валеевтер, Назыровтар, Байташевтар, Подлеснаялар, Гречанниковтар отбасылары “Менің шуақты шаңырағым” деген тақырыпта дайындалған бейнесуреттерін көрсетіп, жетістіктерімен бөлісті.

Өнегелі отбасылардың барлығына облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған сүбелі үлестері үшін Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.

Семинар аяқталған соң қатысушылар аудандық қолөнер көрмесін тамашалап, отбасы қолдаса, ортақ мақсатқа қол жеткізуге болатынына тағы бір көз жеткізді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp