
“Отан отбасынан басталады” деген халықтың дана сөзі бар. Тыныштық бесігінде тербелген тәуелсіз мемлекетімізде орнаған береке-бірлік мәңгілік болсын десек, шаңырақ көтеріп, отбасын құрған соң әрбір ата-ана тәрбиеге аса мән бергені дұрыс. Себебі, кішкентай бала сарыуыз балапан сияқты ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Отбасындағы тату-тәттілік, ауызбіршілік, үлкенге деген сый-құрмет, кішіге қамқорлық жасау сияқты барлық адамгершілік қасиеттер саналы тәрбиеден бастау алады.
Мен өзім көпбалалы анамын. Тұрмысқа шыққаныма 20 жыл болды. Жұбайым Мұратбек Мұстахымұлы – жеке кәсіпкер. Отағасы екеуміз Қайрат, Қанат, Данияр, Мұхамед және Ділназ есімді төрт ұл мен қыз бала тәрбиелеп отырмыз. Ұлдарымыздың алды колледжде оқиды. Әкелеріне қарап, ой да, бой да түзеген балаларымыздың барлығы спортпен айналысады. Балаларымыз – біздің бақытымыз. Олардың қол жеткізген кішкентай ғана жетістіктерінің өзі біз үшін үлкен асуларды бағындырғанмен бірдей. Сондықтан да әрдайым оларды қолдап, қамқорлық жасаудан аянбаймыз.
Жұбайым үйдің кенжесі болғандықтан, қазақтың салтына сай қарашаңыраққа ие болып қалды. Ақыл-парасатымен құрметке бөленіп, ұлағатты жанға айналған ақжаулықты әжеміз бізбен бірге тұрады. Он балаға өмір сыйлап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген енем менің ақылшым, қамқоршым. Ол үй шаруасында да, бала тәрбиесінде де маған қолынан келгенше көмектесіп, үнемі ғибратқа толы әңгімелерін айтып отырады. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан әжеміз – “Алтын алқа” иегері. Көргені де, көңілге түйгені де көп әжеміз аузынан Алласын, қолынан Құранын тастамайды. Бес уақыт намазын оқып, ел тыныштығын, бала амандығын тілеп отырған асыл жандардың бірі.
Қазыналы қарияның әр сөзі мен ісі мен үшін үлгі. Он жыл бойы намазын қаза қылмаған енемнен өнеге алып, биыл мен де оразада ауыз бекіттім. Қазір намаз оқып үйреніп жүрген жайым бар. Мұның барлығы ене мен келін арасындағы жақсы қарым-қатынастың бір көрінісі деп ойлаймын. Мен үшін әлдеқашан анамдай болып кеткен енемнің қолына келін болып түскенімді мақтан тұтамын. Мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып, бүгінде 30 немере, 8 шөбере көріп отырған қария – отбасымыздың баға жетпес байлығы. Бүгінде өзім де бес баланың анасы болсам да, енем мені де еркелетеді. “Сырт көз сыншы” дегендей, кейбір кезде үйге келген қонақтар: “Апа, келінмен бірге тұрған қалай?” – дегендей сұрақтар қояды. Сондай сәттерде кейуана: “Жақсы келін болса, неге бірге тұрмасқа?!” – деп жауап қайтарады. Осындай сөздердің өзі мен үшін бір мерей. Енемнің қасында жүріп, көп нәрсені үйрендім. Имандылықтың шынайы төріне жеткізетін төрт нәрсеге мойынсұндым. Ол – Тәңірге шын пейілмен сенушілік, шүкіршілік, шыдамдылық және мейірімділік. Адамзатты адамгершілік тұғырына жетелейтін, адалдыққа, парасаттылыққа апаратын жол – имандылық.
Қоғамның тәрбие құралына айналған отбасы ұғымы әрдайым биік. Тірлігі бекем отбасыларымызды жастар өнеге етіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы ұйымдастырылуда. Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асқан байқаудың мәні де, маңызы да зор. Өз басым осындай отбасылық шараның жыл сайын өтетініне ризамын. Бақытты балалық шақ пен алаңсыз қарттық – әрбір шаңырақтың шаттығы. Олай болса осының барлығы “Мерейлі отбасы” байқауынан көрініс табады.
Қашанда халқының жағдайын ойлаған Елбасымыздың өткен жылғы “Мерейлі отбасы” байқауы жеңімпаздарын марапаттау кезінде айтқан мына сөздері менің жүрегімнен ерекше орын алды: “Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы. Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау болуы, әрбір некенің мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасап келеміз”. Шындығында да, бүгінгі таңда жас мемлекетімізде алаңсыз өмір сүру үшін барлық жағдай жасалуда. Жаңа балабақшалар, мектептер, ауруханалар мен емханалар жыл сайын ашылуда. Астана күні қарсаңында Петропавл қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. Қолымызда тәрбиелеп отырған ұлдарымыз, қызымыз болған соң осындай жағымды жаңалықтарды естіп, көргенде қуанып қаламыз. Мұның барлығы ертеңгі күнге деген сенімді шыңдап, балаларымыздың оқу оқып, білім алуына жаңа серпін береді.
Назгүл АУШАХМАНОВА,
көпбалалы ана.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Петропавл қаласы.