Петропавл қаласының мектептерінде “5-6-7-сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық көмек” тақырыбына арналған шара өтті. №8 эстетикалық тәрбие беру мектеп-кешенінде ұйымдастырылған шараға “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов қатысты.
Шара “Отбасылық тәрбиелеу” институты бастамасымен, Білім және ғылым министрлігінің және “Нұр Отан” партиясының қолдауымен еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылды.
“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов: “Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауларында отбасы тәрбиесіне ерекше мән береді және әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап етеді. Осыған орай “Нұр Отан” партиясының “Бақытты отбасы” жобасы жүзеге асырылуда. Онда ата-бабаларымыздың ұлттық салт-дәстүрінде өмірлік тәжірибе сынынан өтіп, ғасырлар бойы қалыптастырылған рухани-адамгершілік, отбасылық құндылықтарды насихаттау арқылы отбасылық институттарды нығайту көзделген”, – деді.
Астана қаласындағы отбасылық тәрбиелеу институтының түлегі, №8 эстетикалық тәрбие беру мектеп-кешенінің психолог маманы Ольга Ельманова өтпелі кезеңдегі жас жеткіншектер психологиясы мен физиологиясында болатын өзгерістер, балаларды тәрбиелеуде отбасында кездесетін қиындықтарды оңтайлы шешу жолдары туралы мысалдар келтіре отырып, ата-аналарға жан-жақты түсінік берді, 5-6-7-сыныптардағы балалардың мінез-құлықтарындағы тұрақсыздық туралы баяндады.
Ата-аналарға “Отбасылық тәрбиелеу” институты дайындаған бейнематериалдар көрсетілді. Бейнероликтерде тәрбие барысында ата-аналар тарапынан жіберілетін кейбір қателіктер туралы баяндалып, оларды болдырмау жолдары көрсетілді, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі мәдениетін көтеруге және екі ортадағы қарым-қатынасты реттеу жолдарына баса назар аударылып, сауалнама толтырылды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.