«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТПЕН АРПАЛЫС – ЕРЛЕРДІҢ ІСІ

Бала күнімде анам “Отпен ойнамаңдар. Өрт – тілсіз жау”, – деп жиі ескертетін. Анамның сөзінің жаны бар екендігіне өртсөндіруші болып қызметке орналасқанымда алғашқы шақыртуда-ақ көзім жетті.

Мен қарапайым отбасында тәрбиеленіп өстім. Анам – саналы өмірін ұстаздыққа арнаған педагог, ал әкем шаруашылықпен айналысты. Әскери мамандықты меңгерген үлгі тұтар туған-туысқандарым болмады. Соған қарамастан, бала күнімнен мундирдің әсемдігіне қызығып, әскери қызметті таңдадым. Отан қорғау шебінде рухы биік сарбаздармен қатар тұрғым келді.

Мектепті аяқтаған соң ата-анамның кеңесі бойынша заң факультетіне оқуға түстім. Оқуды аяқтап, әскерге барып, борышымды өтедім.  

Әскер қатарында жүргенде өзімнің туған жерімде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке қызметке орналасуға мүмкіндік болатындығын естідім. Бұл балалық шағымдағы арманымның орындалуының алғашқы баспалдағындай көрінді.

Адамзаттың алапат жауы – отпен және табиғаттың стихиялық апатымен күресті Отан қорғаумен салыстыруға болады деп ойлаймын. Қызметке орналасқанымда әріптестерім өртпен күресті жеңіл-желпі қабылдауға болмайтындығын, жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарау қажет екендігін айтып, ескертті. Себебі, біздің жұмысымыз тікелей адам өміріне байланысты.

Қызмет орнымдағы алғашқы күнім менің есімнен шығар емес. Өрт сөндіру бөліміне Жұмысшы кентіндегі жер үй отқа оранғаны жөнінде дабыл келіп түсті. Көзді ашып-жұмғанша біз жолға шықтық. Өртті сөндіргенімізше, жалындаған от ағаштан жасалған шағын үйдің қаңқасын ғана қалдырыпты. Үйде ер адамның болғаны анықталды. Ол сол түні жалғыз болған екен. Өртті ауыздықтаған соң мүрдені іздеу іс-шаралары басталды. Қабырғалары мен шатыры құлаған үйдің үйінділерінің арасынан мүрдені табу қиынға соқты.

Таң бозарып атып келеді. Үміт үзілуге айналды. Бір сәтте аяқ астымдағы қаңылтырдың астында бірдеңе барын сездім. Қаңылтырды ашып қалғанымда біз іздеген үйдің иесі екенін бірден түсіндім. Мәйітті алғаш көруім. Абдырап қалдым. Көпке дейін өз-өзіме келе алмадым. Қайтыс болған адам ажалын сөндірілмеген темекі тұқылынан тауыпты.

Өртсөндірушілер ортасында өзінің жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Жаңадан қызметке орналасқан өртсөндірушінің үстіне алғашқы шақыртуында су шашады. Бұл дәстүрдің мағынасы тереңде жатыр. Бұл салт өртсөндіруші біреуді оттан құтқарып қана қоймай, өзі де сол оттан аман болсын деген ырыммен жасалады. Мені де сол күні әріптестерім төрт жақтан ырымдап, үстіме су құйып, сол арқылы қызметімдегі тұсауымды кескендей болды.

Облысымыздың өрт сөндіру саласында қызмет етіп жүргеніме бір жылдан асты. Егер менен таңдаған мамандығымның қиын тұстарын сұрайтын болса, мүдірместен: “Бұл қызметте ең қиыны – өртті сөндіру емес, жалындаған оттың құрсауында қалған адамға көмектесе алмай, жан ұшыруың, жапа шеккендердің жылдар бойы тірнектеп жинаған дүние-мүлкінің бір заматта күлге айналып, көздерін билеген қорқыныш пен үрейді, үмітсіздікті көру”, – деп жауап берер едім.

Талғат БӨКЕНОВ,

№3 мамандандырылған

өрт сөндіру бөлімінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp