«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТПЕН ОЙНАУҒА БОЛМАЙДЫ

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен кезекті баспасөз мәслихатында былтыр атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен мереке күндері өңір аумағында орын алған төтенше оқиғалар туралы айтылды.

Департаменттің өрт қауіпсіздігін бақылау және алдын алу қызметі басқармасы бастығының орынбасары Игорь Балеевтің айтуынша, былтыр облыс аумағында орын алған өрттердің саны 2017 жылмен салыстырғанда едәуір артқан.

– Өткен жылы өңірде 742 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 545-і тұрғын үй секторына тиесілі. Келеңсіздіктердің 29 пайызы электр жабдығын пайдалану ережелерін бұзу салдарынан орын алды. Сонымен қатар абайсыздық та оқыс оқиғалардың орын алуына түрткі болды. Құтқарушылар өңір тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізді, – деді Игорь Анатольевич.

Былтыр тілсіз жаудың салдарынан 37 адам қаза тапса, оның жетеуі – бала. Бұдан бөлек 19 азамат әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Келтірілген материалдық шығынның мөлшері 102 млн. 664 мың теңгені құраған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Облыс бойынша 95 автокөлік өртеніп, 11 млн. 865 мың теңгенің материалдық шығыны келген.

Құтқарушылардың жұмысы Жаңа жыл мерекесі күндері қыза түсті. Демалыс күндері орын алған 11 өрт оқиғасының біреуі – жеке кәсіпкерлік нысанында, қалғаны тұрғын үй секторында болды. Мәселен, 31 желтоқсан күні Петропавл қаласындағы Сафронов көшесі, 9 мекенжайындағы монша мен аула құрылыстары өртке оранған. Пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаудың салдарынан моншаның шатыры мен “Volkswagen Passat” маркалы көлік зақымданды. Сондай-ақ, бұл күні шаһарда Володар көшесі, 47 мекенжайында абайсызда 38 жастағы ер адам жанып жатқан пештің үстіне құлаған. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда 1-ші және 2-ші дәрежелі күйік алған науқас дәрігерлердің қарауында, жағдайы қалыпты.

Үстіміздегі жылдың алғашқы күні Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласында да төтенше жағдай орын алды. Юбилейный көшесінің бойында орналасқан екіқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шыққан. Тілсіз жау үйдің қабырғасын жалмап, өрттің жалпы ауданы 4 шаршы метрді құрады. Мұнда да үй иесі пеш жағу кезінде салғырттық танытқан. Сонымен қатар, дәл бұл күні Айыртау ауданының Гусаковка ауылында да оқыс оқиға тіркелді. Жалынның кесірінен тұрғын үйден түк қалмады. Белгілі болғандай, баспана иесі газды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамаған.

Департаменттің бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет басқармасының басшысы Асқар Ысмағұлов елімізде өткен жылдың 31 желтоқсанынан биылғы 3 қаңтарға дейін орын алған оқыс оқиғалар жайында айтып берді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елімізде пиротехникалық заттарды қолдану кезінде 9 адам химиялық күйік алса, соның төртеуі – жеткіншек. Абырой болғанда, мереке күндері облысымызда пиротехникалық заттардан зардап шеккендер тіркелмеген.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp