
Фашистік Германияның тұтқиылдан басып кірген қаралы сәтінен Жеңістің жарқын сағаты соққанға дейін 1418 күн өтіпті. Тарихта бұл аз уақыт болып көрінгенімен, адамзат баласы үшін төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы көп қайғы мен қасірет әкелді. Бүкіл әлем Жеңістің шұғылалы шаттығын көзбен көріп, жүрекпен сезінгенше Волга бойынан Берлинге дейінгі жол тым ұзаққа созылды. Ел басына күн туған сәтте бұғанасы әлі қатып үлгермеген жас жігіттер бірінен соң бірі қан майданға аттанып, Жеңіс күнін жақындатуда өшпес ерліктерімен танылды. Міне, осындай жалын жүрек майдангерлердің бірі Сейполла Мұқанов болатын.
Сепең жалыны жер мен көкті шарпыған қанды майданға жиырмаға толмай аттанған екен. Ақыл-ойы толысып, бұғанасы қатып, жетілмеген жігіт өзінің зеректігімен, алғырлығымен көзге түсіп, әскери комиссариат басшылығы оны үздіктердің взводына жіберу жөнінде шешім қабылдайды. Сейполла бұл сенімді ақтап, әскери дайындықтан өту кезінде қатарластарының алды бола білді. Соғыс стратегиясын меңгерген соң қанды шайқасқа Т-34 мұнаралы танкінің пулеметшісі, атқыштар взводы командирінің көмекшісі ретінде аттанды. Түрлі жауапты шайқастарда ерлік танытқан Сепең алты рет жараланып, 1945 жылы елге аман оралады. “Қызыл Жұлдыз”, екінші және үшінші дәрежелі “Даңқ” ордендерімен, бірнеше мәрте жауынгерлік медальдармен марапатталған жерлесіміздің соғыс құжаттарына зер салсақ, оның қанды шайқастарда қайталанбас ерлік жасағанын аңғарамыз.
1943 жылдың тамызы мен 1944 жылдың ақпан айы аралығында атқыштар бөлімшесінің командирі Сейполла Мұқанов Миусе өзенінде немістердің қорғанысын бұзып, біздің әскерлердің алға жылжуына мүмкіндік туғызады. Запорожье облысындағы Жоғарғы Токмак, Каменка селоларын жаудан азат етеді. Тек азат етіп қоймай, бір өзі немістердің бірнеше танкісін құртып, әскерлерін тұтқынға алады. Міне осы ерліктері үшін ол алғаш рет “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған. Бұдан кейінгі шайқаста гвардия аға сержанты Мұқанов өз бөлімшесіндегі жігіттермен бірге немістердің үш дүркін қарсы шабуылына тойтарыс беріп, жаудың бетін қайтарады. Жалғыз өзі жаудың жеті жауынгері мен офицерінің көзін жойып, келесі міндетіне кіріседі. Жаудың атысы барған сайын күшейеді. Бір кезде жау оғы оның оң аяғын жаралайды. Ақыры ол қол астындағы жауынгерлерінің көмегімен діттеген жеріне жетіп, жараланғанына қарамастан, жауынгерлік тапсырманы орындап қайтады. Осы жолғы көрсеткен ерлігі үшін майдангер үшінші дәрежелі “Даңқ” орденіне ие болады.
Сейполла Мұқанов туралы тағы бір құжаттарда оның Венгрия аумағында да сұрапыл майдан жолдарынан өткені туралы көрсетілген. 1945 жылдың 6 наурызында аталмыш мемлекетке қарасты Шетель ауылының аумағында аға сержант қарсыластарының траншеясына бірінші болып баса-көктеп кіріп, жалғыз өзі төрт неміс солдатының көзін құртады. Бұл ерлігі үшін жерлесіміз тағы бір наградамен, яғни екінші дәрежелі “Даңқ” орденімен марапатталған. Ал соғыс аяқталарға санаулы күндер қалғанда Сейполла ағамыз бастаған топ Иамидорф елді мекенінің ауданында қарсыластар траншеясына баса-көктеп кіріп, ауыл тұрғындарын ажал аузынан құтқарып қалады. Майдангердің бұл шайқастағы ерлігі де еленіп, ол енді “Қызыл Жұлдыз” орденінің иегері ретінде көпке танылады.
Соғыстан оралған соң жас майдангер елдегі ауыр жағдайды көріп, бірден қолынан келер жұмысқа бел шешіп араласып кетеді. Сейполла Мұқанұлы Тайынша ауданындағы Донецк орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Жылдар өте келе іскерлігінің арқасында көптеген жауапты қызметтер атқарады. Соғыс жауынгері көп кешікпей колхоздың бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайланып, басқарушылық қабілетін де шыңдай түседі. Үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысатын Сейпең ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1958 жылдың ақпан айынан негізінен неміс пен поляк ағайындар қоныстанған Тайынша ауданындағы “Красная звезда” колхозы басқармасының төрағасы болып тағайындалады. Жас болса да, қан майданда шынығып, өмірдің бар ауыртпалығын көріп үлгерген жігіт елді мекенді гүлдендіруге бір кісідей атсалысты. Ол өмірінің соңына дейін басшылық қызметті лайықты атқарып, колхоздың алдыңғы қатардан көрінуіне күш жұмсады.
Аз уақыттың ішінде “Красная звезда” колхозы тек аудан көлемінде ғана емес, облыстағы іргелі, экономикасы дамыған шаруашылықтардың қатарына қосылды. Тізгінін қолына алған уақыттан бастап Сейполла аға елді мекеннің шаруашылық салаларымен қатар әлеуметтік жағына да көп көңіл бөлді. Жаңа баспаналар, Мәдениет үйі, кеңсе, кітапхана, монша, тағы басқа көптеген мәдени-тұрмыстық нысандар салынды.
Сейполла Мұқанов колхоз орталығынан шалғай орналасқан Озерныйда да басшылық қызмет атқарып, бұл ауыл да іргесі мықты, тұрмысы дамыған елді мекендердің біріне айналды. Тіпті қайта құрудың неше теперішін көрсе де, соғыс майдангері құлпыртқан ауыл әлі күнге өз бетбейнесін жоғалтқан жоқ. Онда сан ұлт өкілдері тұрып, нарық талабына сай тіршілік жасап, тырбанып еңбек етуде. Шаруашылықты өркендетудегі сіңірген еңбегі үшін Сейполла Мұқанов екі мәрте “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет Белгісі” ордендерімен, көптеген медальдармен және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталды.
Соғыс ардагері Сейполла Мұқанов қоғам өмірінен де тыс қалмады. Ол бірнеше рет аудандық және облыстық партия комитеттерінің мүшелігіне, халық депутаттары аудандық және облыстық кеңестерінің депутаттығына сайланды, колхоздардың республикалық кеңесінің мүшесі болды. “Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі” (1968 жыл), КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің “Денсаулық сақтаудың үздігі” (1972 жыл) белгілерімен марапатталуы оның үлкен еңбегінің жемісі десем, артық айтқандығым емес. Әттең, 1975 жылдың мамыр айында сұм ажал абзал азаматты арамыздан алып кетті.
Уақыт дегенде тоқтау бар ма?! Өткен өмірге көз жіберсек, Сейполла ағамыздың жарық дүниемен қош айтысқанына 45 жылдай уақыт өтіпті. “Өлі риза болмай, тірі байымайды” дегендей, Сейполла ағамыздай абзал азаматтың есімі бүгінгі күні өзі қызмет еткен ауылдарда жиі аталып, оның соғыстағы ерлігі жайындағы естеліктер жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде талай мәрте айтылып келеді. Сондықтан сұрапыл соғыста да, бейбіт еңбекте де алдыңғы шепте болып, елі мен халқы үшін өмірінің соңына дейін қалтқысыз қызмет еткен азаматтың есімі тек көше мен мектепке емес, бүтіндей тұтас елді мекенге де берілсе екен дейміз.
Совет ХАМИТҰЛЫ,
еңбек ардагері.