«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оттегі аппараттарын әперді

Петропавл қаласына “Қайырымдылық жаршысы” акциясы аясында “DAULETTEN” қайырымдылық қоры және елімізге белгілі “BI Group” құрылыс компаниясының қаражатына сатып алынған 20 оттегі концентраторы жеткізілді.

Акцияның мақсаты – коронавирустық инфекциямен күресіп жатқан медициналық мекемелерге қолдау көрсету, дәрі-дәрмектер, сондай-ақ, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін қаражат жинау. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұловтың айтуынша, бұл – акция аясында жасалып жатқан екінші қайырымдылық шара.

– Сын сағатта қолдау көрсеткен кәсіпкерлер мен алақаны ашық азаматтарға деген алғысымыз шексіз. Қайырымдылық қорының қаржысына сатып алынған оттегі концентраторын “PONY EXPRESS” компаниясы тегін жеткізіп берді. Жалпы, бұған дейін кәсіпкерлердің қолдауымен Қызылжар аудандық ауруханасына 13 оттегі концентраторы мен пульсоксиметрлер, өкпені жасанды желдету аппараты тарту етілген еді, – дейді Арман Сарыбайұлы.

Медициналық құрылғылардың 10-ы №3 қалалық көпбейінді ауруханаға табысталды. Бас дәрігердің орынбасары Руслан Тасовтың айтуынша, емдеу мекемесінде бұл қондырғыларға деген қажеттілік бар. Кейін індет басылған соң оттегі концентраторлары облыс орталығындағы үш аурухана жанында ашылған провизорлық стационарларға бөлініп беріледі. Олар жабдықты алдағы уақытта науқастарды емдеу барысында қолданбақ. Ал қалған 10 құрылғы Айыртау, Ақжар, Қызылжар, Жамбыл және Мағжан Жұмабаев аудандарындағы орталық ауруханаларға жөнелтіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қорға жиналған қаражат дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтарды, оттегі концентраторларын, портативті рентген аппараттарын, сондай-ақ, жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға жұмсалады. Бұл бастамаға атсалысып, көмек қолын созуға ниет білдірушілер қаржыдан бөлек, волонтер ретінде немесе әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында репост жасау арқылы да көмектесе алады.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp