Жыл басынан бері облыста 352 өрт тіркеліп, одан келген материалдық шығын 38 миллион теңгеден асты. Тілсіз жау 27 адамның, соның ішінде 4 баланың өмірін жалмаса, 19-ы әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды.
Айыртау ауданының Арықбалық ауылының 59 жастағы тұрғыны оттан зардап шекті. Ер адам тұрғын үй ауласында “ГАЗ-52” жүк машинасын жөндеген. Алдын ала болжам бойынша от автокөліктегі техникалық ақаулықтан шығып, жанында тұрған иесіне тиген. Одан соң бір шатырдың астында орналасқан тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстары да отқа оранған. Денесінің 60 пайызын II және III дәрежелі күйік шалған азамат аудандық ауруханаға жеткізілді.
Көктемде тұрғындар аулаларын қыстан шыққан қоқыс пен қураған шөптерден тазартып, оны өртейді. Осының соңы келеңсіз жағдайларға душар етіп жатады. Өртсөндірушілердің апта сайын 60-тан астам шақыртуларға шығуы осының айғағы.
Мәселен, Тайынша ауданындағы Драгомировка ауылында орын алған өрттің салдарынан үш бірдей отбасы жапа шекті. Үйінің маңын тазартпақ болған әйел ауласындағы қоқысқа от қойып, шамалы уақыт қараусыз қалдырған. Тілсіз жау көтерілген желден үдеп, шаруашылық құрылыстарға, көршілерінің қора-қопсысына тиген. Сөйтіп, қатар тұрған үш бірдей үйдің қора-қопсысы жанып кетті. Өрттің жалпы аумағы 414 шаршы метрді құрады.
Жыл басынан бері 6 орман өрті тіркелсе, соның үшеуі өткен аптада орын алды. Оның бірі Қызылжар ауданындағы Куйбышев, келесі екеуі Айыртау ауданының Қамсақты орман шаруашылықтарында болды. От жалпы аумағы 6,9 гектар жерді шарпыды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлері облыс тұрғындарын тұрмыстағы, өндірістегі, табиғаттағы өртке қарсы ережелерді сақтауға шақырады: тұрғын үй мен орманға жақын жерде от жақпаңыздар, отты пайдалануда абай болыңыздар, өз қауіпсіздіктеріңізге немқұрайды қарамаңыздар.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.