
БІР УЫС БИДАЙ
Тайынша ауданындағы Амандық ауылы бұл атауды бертін ғана алған. Осы маңда бірнеше ауыл орналасыпты. Аштықтан кейін тұрмыстары тұралап, тұрғындары сиреп қалған соң бәрі бір ауылға жиналған. “Алқа-қотан ауыл едік. Сұм соғыс қанша шаңырақты ортасына түсірді, дүрілдеген ауылдарды зым-зия жоқ қылды. Ел азаматтарын аждаһадай бірінен соң бірін жұта берді. Әкемнің немере інісі әке-шешеден жетім қалған соң әжем бағып-қағып өсірген Әміржан үш жыл әскерде болып, үйге енді келген кезі еді. Бірақ түнеді, ертеңіне алып кетті. Бауыр басқан ағатайым қылшылдаған жігіт еді, есіме алсам жүрегім қан жылайды”, – дейді қария. Бастапқыда Әміржан сияқты әскерден келген жас жігіттерді шақыртса, кейін еркек кіндіктілердің жасына, шама-шарқына қарамастан бірінен соң бірін әкете бастаған. Соңдарында жылап-сықтап қалған қыз-келіншектер, балалар мен қарт адамдар көз жасын тыйып, тас түйініп, жұмыс істеді. “Әкем қоймашы болды. Қазан айында оны қойма басынан соғысқа алып кеткенін білмей қалдық. Қоштасып та үлгермедік. Әкемді әкеткен күні “Әбжанның қызы әулие емес, жылқы бағуға шықсын!” – деген ауылнайдың бұйрығы іле-шала жетті…”.
Әкесінің жұмысы анасына міндеттелді. Балалар да ересек адамдардың жұмысына жегілді. Мал бағып, шөп үйіп, соқамен жер жыртып, егінді қолмен сепкен кездерге ерекше тоқталған Нағима Әбжанқызы ол жұмыстарды қалай атқарғандарын егжей-тегжейлі түсіндіріп жатыр. Күзде піскен астықты маялап, дән бастырғышпен соғып, бидай рәсуа болмас үшін қар белден келгенше қырда тізе бүкпей еңбектенгендер – 10-15 жастағы балалар. “Майданға жөнелту үшін жинаған астықты бес-алты арбаға тиеп, Есілкөл станциясына барамыз. Арамызда екі ересек адам болады. Қалғаны бала-шаға. Жолда бидайдан бір уыс алып, қуырып жейміз. Қалаға қонсақ, кәрі кісілер бізді аяп, тамақтандыратын. Сол қуырылған бидайдың дәмі әлі таңдайымда тұр. Анам да қамбадан жасырып бидай алып шығатын да, оны қуырып, қара су ішіп отырғандарға үлестіретін еді. Ашқұрсақ балалар бидайды жапатармағай жеп алады”.
ҚАЙРАН, ҚАРИЯЛАР-АЙ!..
“Ауылға “қара қағаз” келгенде онсыз да шырынсыз қу тірлікті тәрк етіп, басың ауған жаққа безіп кеткің келетінді, – Кейуананың ой өзенінің сағасынан тағы бір тармақ бөлініп шықты. – Осындайда көзден еріксіз сорғалаған жасты тыя алмай, үй сыртында үрпиісіп тұрған бала-шағаны көрген қариялар: “Қане, ауыл сыртына алтыбақан құрыңдар! Жылаған жерге бармаңдар! Түбі жақсылық болады, бас қосыңдар, өлең айтыңдар!” – дейді. Шіркін, сол кездің қарттары қандай дана еді! Сондағы олардың түрін көрсең, жылағың келеді. Күні бойы тізе бүкпестен жұмыс істеп жүріп, түннің бір уағында киімдерін шешпестен, нәр татпастан үйдің бір бұрышына құлай кетіп, көз шырымын алатын еді…”.
Нағиманың әкесі соғыстан елге ауыр жарақатпен оралып, 21 күннен кейін қайтыс болады. Қарияның айтуынша, сол кездің қысы да қаһарлы болған екен. Наурыздағы ақ түтек боранның кесірінен анасы екеуі әкесін жерлей алмай, мәйітінің үйде үш күн жатқаны есінде. Ауылда тағы бірнеше кісіні қораның ішіне жерлеп, жаз шыққанда зиратқа апарып қойған. “Сол кездердегі ауа райы жоқ қой қазір. Отын жоқ, тамақ аз әрі балаларды бір жерден қарау да ыңғайлы деп қыста бірнеше көрші бір шаңырақ астына жиналып, бір отбасындай тұратын. Күн жылыған кезде әркім өз үйіне барады. Жұрттың үйінің мұржасын ашу үшін таңертең ерте тұрамын. Бір күні шешем: “Ана үйдің түтіні шықпай тұр, қар алып қалған жоқ па, бар қарап кел”, – деп жұмсады. Үйдің үстіне шығып кеткен “ақ тауды” қопарып, пеш мұржасын іздеп, тың тыңдап жүргенімде, аяқ астындағы қар опырылып, терезені бұза-жара үйдің ішіне топ ете түстім”, – деп езу тартты Нағима апай жастық шағының ұмытылмас тұстарын есіне алып.
ҚАШҚЫН
Іштен шыққан жау жаман. Күндерін әрең көріп жүрген ауылдарға соғыстан қашқандар қырғидай тиген. Бұрын қызметте жүрген жігіттер қашып, ауылдарды тонап, талай қиыншылық көрсетіпті. Осындайда Кішіқараой қыстауының түбіндегі Ақпансай дейтін сайға жеткіншектерді жинайтын қарттар: “Құлыншақтарым, жұмыстан қалмаңдар. Біз көрмеген жақсылықты сендер көресіңдер, шыдаңдар. Ауыл ішінде соғыстан қашып жүрген адамдар бар, солардан сақ болыңдар”, – деп ескертетін көрінеді. “Осылайша, Петропавлда милицияда істейтін Әшім деген жігіттің соғысқа бармау үшін әйелін ауылда қалдырып, өзі осындай сайларды тасалап, тығылып жүретінін анықтадық. Түн баласы үй-үйді тінтіп, ондағы тамақ, киім-кешектерді ұрлап, малдарын бауыздап, қастандық жасады. Бір күні сол жігіт басқарма басшысының мініп жүрген биесі мен менің шешемнің атының қарнын жарып кетті. Сыртқа шықсақ, есік алдында байғұс жануардың қарны ақтарылып жатыр. Әбден ашуымызды келтірді. Бір күні ауылдың балалары жиналып, ол жігітті ұстайтын болып шештік. Ішіндегі ең үлкені мен. Әлгіні аңдумен боламыз. Ақыры бір күні қылмыс жасап жатқан жерінде үстінен түсіп, милицияға ұстап бердік. “Сауысқан қолға сақтығынан түспейді, сұқтығынан түседі”, – деп Нағима Әбжанқызы ойын халық нақылымен аяқтады.
ҚАСҚЫР ҚАМАУЫНДА
Ауданнан келген шақырту қағаздарын ауылдық кеңеске қарайтын бес ұжымшарларға тарату да қара сирақ балалардың мойнында. Бұл жұмысты бір ауылдан үш-төрт бала кезектесіп атқарып, сәлемдемені Кеңащы, Байтөс, Қарасай, Қалмақ деген ауылдарға жаяулап-жалпылап, апарады. Қашқындар өз алдына, сол жылдары аш қасқырлар көп болған екен. Баланың аты бала емес пе, Кішіқараойдың ойлы-шұқырлы жерлерінен өткенде қорқыныштан өрекпіген сәби жүректердің дүрсілі үдей түседі. “Бірде Есілкөл станциясынан зейнетақы мен жалақыны алып, ауылға келе жатқан пошташыны бір үйір қасқыр қаумалап, талап кеткенін естідік. Мұны естігенде жүрегіміз аузымызға тығылды. Бірақ комсомол айтқанды екі етпеуі тиіс, қолға тиген хатты қайткен күнде де иесіне тапсырып, оның жауабын қолма-қол ауданға жеткізу керек. Амал жоқ, жан-жағымызға қарайлап, анадайдан менмұндалап тұрған ауылға қарай зымыраймыз. Бірде Қазиза, Рәзия үшеуіміз қасқырлардың қамауында қалдық. Анадай төбеде жолымызды бөгеп, қызылкөз түз тағылары қатар-қатар тізіліп тұр. Сәлден соң көкжиектен құлаған қызылтабақ күн жасырынды. Енді сайдан қалай өтеміз?! Көзіміз атыздай болып, тіліміз байланып, санамыз сан-саққа жүгіріп, не істерімізді білмей дал болып тұрған едік, сол бүйіріміздегі Тереңсай тұсынан бір кісі көз ұшына ілікті. Қашан жанымызға жетер екен деп, тағатсыздана күтіп тұрмыз. “Қасекеңдер” болса, “кешкі астарынан” көз алмай, жалмаңдайды. Жақындаған кезде сұлбасынан таныдық, келе жатқан ауыл тұрғыны Жаппар екен. Ешкімге зияны жоқ қызық кісі еді. Жанымызға жақындаған Жаппар от тұтатқаны сол еді, қасқырлар кері шегініп, өз беттерімен кетіп қалды. Осы оқиғаны естіген ауылдағылар “Жайшылықта адам жоламайтын Жаппарға қыздар жабылыпты”, – деп көпке дейін әңгіме қылып жүретін…”. Нағима әжейдің тұздай көкпеңбек көздерінен жастық шақтың ұшқыны жылт етті. Жүзі жарқын кейуананың жан сұлулығына, рухани қуатына сөйлескен сайын тәнті бола түстім.
МАЙДАННАН ЖЕТКЕН ХАТ
“Махаббатсыз – дүние бос” деп ақын Абай айтқандай, ұлы сезiм алдында бәрiмiз де дәрменсiз екенбіз. Нағима Әбжанқызы да өзінің алғашқы махаббаты туралы тебірене айтады. Қанқұйлы соғыстан қалжыраған қос жүректі табыстырған тағдырдың өзі. Қолғап, шұлық, бөкебай тоқып, шетіне өзінің аты-жөнін, мекенжайын жазып, майданға жіберген сәлемдемесі Семейдің бір жігітіне жеткен екен. Бір күні ол жігіттен өлеңмен өрнектелген хат келеді. “Осы қолғаппен бір-біріміздің қолымызды ұстасып өтейік, кестелі орамал қуаныштың көз жасын сүртсін. Болат Қасенов” деген мағынада хат жазыпты. Осылайша, қабырғаны қайыстырған тірлікте бір-біріне демеу болып, үш жылдай хат жазысып, кейін бірін-бірі сағынысып қауышқан қос ғашық бір шаңырақ астында бір ай ғана өмір сүрген екен. “Жапонияның соғысы басталды. “Есілкөл станциясынан өтеміз. Сонда кел”, – деп хат жазыпты. Төрт қыз күйеулерімізді бір көріп қалмаққа станцияға келдік. 15 минут қана жүздестік. Содан қайтып көріспедік”. Бастапқыда жігіттің әке-шешесі Нағимаға көмектесіп, киім-кешек жолдап тұрған екен. Жігіт те үйіне хат жазып тұрыпты, кейін хабар-ошарсыз кеткен. Артынан соғыстан оралған ер-азаматпен отбасын құрады. Бұл неке де баянды болмапты. Күйеуі желкесіне қадалған снаряд сынығынан жеті жыл бойы ауырып, қайтыс болған. Бес жылдан соң бала-шағасы бар ер адамға тұрмысқа шығып, өзі құрсақ көтермесе де, күйеуінің екі қыз, бір ұлын өсіріп жеткізеді.
Бүгінде данагөй қария ұлдың қолында, немере шөберелерінің ортасында. 94-ке келсе де әлі күнге дейін қолынан кітап тастамайтын Нағима Әбжанқызы: “Күн ұзақ, кітап оқымасам, уақытым өтпейді. Әрі өз ойыммен оңаша қалсам, өткен-кеткен есіме түсіп, беймаза күй кешіп, азапты төрт жылдың тауқыметі көз алдымнан көне кинотаспадай өте бастайды. Соғыс бітті дегенде жиналған халықтың біресе күліп, бірде боздап жылағаны әлі көз алдымда. Көбінің туғаны оралмады ғой. Біздің әулеттен жеті адам хабар-ошарсыз кетті. Осы күнге жеткізген Аллаға шүкіршілік айтып, біз көрген азапты өмірді ешкімнің де бастан өткермегенін тілеймін”, – деді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Н.Әбжанқызы келіні мен немересіне іс тігуді үйретуде.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.