«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТТЫ ЖЫЛДАР ЖАРАСЫ

Сұрапыл соғыстың жүрекке сал­ған жарасы әлі жазылған жоқ. Жаудың бетін қайтару үшін азаматтар майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Менің әкем Ілияш Құдайқұлов пен нағашым Әлімжан Баймағанбетов те оқ пен оттың ортасында жаумен шайқасты. Әкем сол зұлматтан елге аман-есен оралса, нағашым тұтқынға түсіп, жазықсыз жапа шекті. Алдымен бай тұқымы деп қуғын-сүргіннің қасіретін тартқан Әлімжан Баймағанбетов ел басына күн туғанда өз еркімен соғысқа сұранып, Власов армиясының құрамында болды.

Соғыстың алғашқы жылында әскери техниканың нашарлығынан, соғысқа дайындықсыз кірген жауынгерлерге басшылық жасайтын офицер кадрлардың жетіспеуінен фашистерден ойсырап жеңілгеніміз тарихи шындық. Сондықтан 1941 жылдың аяғына қарай тұтқынға түскен мыңдаған жауынгердің көрген қияметін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Төрт жыл тұтқында қорлық көрген талай боздақтың ғұмыры ерте үзілді. “Басқа түссе баспақшыл” деп тегін айтылмаған ғой. Қорлық көрсе де, қиындыққа мо­йымаған Әлімжан сияқты бірліжарым майдангерлерге ғана туған жердің топырағын басу бұйырды.
Әлімжан Баймағанұлы 1914 жылы Омбы облысына қарасты Тавричан ауданындағы Қызылқақ ауылында дүниеге келген. Ата-анасы ауқатты тұрған. Кейін Кеңес өкіметі орнағанда мал-мүлкі тәлкіленіп, қуғынға ұшырайды. Сол дүрмектен аман қалған қарындасы Хадиша (менің анам) екеуі ағайын-туысты жағалап, күн көрген. Сол тұста соғыс басталған.
Соғыстың алғашқы күндері Генерал Власов немістер жағына шығып, әскер құрамын жауға берген. Кейін сатқындық жасаған қолбасшы жазаға тартылды. Ал тұтқынға түскен барлық жауынгер Польша жеріне айдалады. Соның ішінде Әлімжан нағашым да бар. Олар неміс әскерінің бекіністерін нығайту мақсатында ауыр жұмыстарға жегілген. Нағашым қарулы кісі болатын. Ол берілген тапсырмаларды уақытылы орындап, ерекше көзге түскен. Оның іскерлік қабілетін, жұмысқа икемділігін байқаған адамдардың нұсқауымен ол Гер­манияға жіберіледі. Сөйтіп, ол аз да болса азаптан құтылды. Бірақ тұтқында жүрген адамның жақсы тұрмыс, жайлы өмір сүруі мүмкін бе? Ауыр еңбектің қамытын арқалаған Әлімжан Баймағанұлының елмен мүлде байланысы үзіліп қалған. Қайсар мінезді азамат осының бәріне шыдайды. Хат-хабар үзілген соң, елдегі ағайын оны мерт болдыға санаған.
Соғыс аяқталған соң, Власов әскерінің құрамында болған барлық тұтқын босатылып, әскери трибуналдың шешімімен жиырма бес жылға сотталып, Колымаға жабық вагонмен айдалады. Қиыр шығысқа апаратын бір ғана жол бар. Омбы қаласын басып өтетіндерін білген нағашым станциялардың біріне тоқтағанда вагон саңлауларынан шылымның қорабына өзі туралы жазып, сырттағы адамдардан елге хабар айтуды өтінген. Әйтеуір Құдайға қараған біреу оның өтінішін жерге тастамай, елге сүйінші хабарды жеткізген. Елдегі ағайынның қуанышында шек болған жоқ. Алайда, әлі де байланыс орнатуға мүмкіндік болмады. Өйт­кені, тұтқындарға хат жазуға рұқсат берілмеген.
Сөйтіп, Колымада ең қиын күндер басталды. Олар шахтада алтын өндірумен айналысқан. Біркүндік норманы орындамаса, тамақтан қағылады екен. Арды аяққа таптау өз алдына, тұтқындарды ұрып-соғып, кемсіткен. Талай сотталушы сол жерде қайтыс болды. Өткен күндерді ой елегінен өткізсем, бәлкім елге деген сағыныш оны сол қорлықтан аман алып қалған шығар. Сталин қайтыс болған соң, Кеңес Одағының саясаты күрт өзгере бастады. Тұтқындардың жағдайы да біршама түзелді. Елмен хат-хабар алмасуға мүмкіндік берілді. Оның өзі жүдеу көңілге үлкен медеу болды. Сонда тұтқын қыз Лизамен көңіл қосып, отау құрған. Кейін Раиса мен Галина атты екі қызы дүниеге келді. Тұтқыннан босап шыққан соң, сол жерде біраз уақыт тұрақтап қалды. Ол отбасымен тек 1972 жылы Омбы қаласына көшіп келді. Ағайын-туыспен жиі хабар алмасып, арадағы байланысты жақсартты. Елге келгенде бәрі қуана қарсы алатын. Көрші-қолаң дәмге шақырып, ауыл адамдары арқа-жарқа болатын. Әсіресе, анам бауырының асты-үстіне түсіп, арнайы сақтаған “сыбағасын” алдына тосатын. Ата-анадан ерте айрылған қос жетімнің бір-біріне шексіз құрметі мен мейірімі, бауырмалдығын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Тұтқында болған жауынгерлерге 1980 жылдары “соғыс арда­герлері” мәртебесі берілді. Сонда нағашыма: “неге әскери комиссариатқа барып өзіңізді ардагерлер қатарына қоспайсыз?” дегенімде, қолын бірақ сілтеді. Өмірінің астан-кестеңін шығарған, жастық шағын ұрлаған, отбасынан айырған соғысқа деген реніші әлі басылмаған еді.
Елді жаудан қорғауға аттанып, сатқын деген жаланы арқалау жауынгерлер үшін ауыр жаза болды. Бірақ шындықты жасыру мүмкін емес. Сондықтан ол уақыт өте келе ақиқат салтанат құрып, өзі сияқты бейкүнә жандардың ақталатынына сенді. Әйтеуір сол күнге де жетті. Ал қиын-қыстау кезде бар ауыртпалықты бірге көріп, қаяу түскен көңілін жұбатқан зайыбына оның қамқорлығы ерекше болды. Орыс келіншегін жақтырмаған адамдарға қыздарының аяулы анасынын қиын кезде қолдау білдіргенін айтудан жалықпады.
Ол өжет мінезді адам еді. Сол қайсарлығының арқасында от пен оқтан аман өтті. Бұл орайда біз батырлық қолға қару асынумен ғана өлшенбейтінін білуге тиіспіз. Өйткені, өмірі ерлікке толы қаншама жауынгер кеңестік жүйенің құрбаны болды. Айтқанға көнді, айдауға жүрді. Сондықтан тар жол, тайғақ кешкен осындай майдангерлердің рухына тағзым ету кейінгі ұрпақтың парызы. Ал 1987 жылы дүние салған Әлімжан Баймағанбетовке туған жерден топырақ бұйырды. Оған да шүкір.

Жұмабай ҚҰДАЙҚҰЛОВ.
Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp