«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТТЫ ЖЫЛДАР КУӘСІ

“Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі”, – дейді сұрапыл соғысты көзімен көріп, Отан үшін от кешкен жауынгер жерлестеріміздің бірі – бүгінде Сергеевка қаласында тұратын Рақым Мұқамеджанов ақсақал.

Рақым ата 1917 жылы 15 сәуірде бұрынғы Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданының Садовка ауылында туған. Ол соғыстың алғашқы күнінен ел қорғау үшін қан майданға аттаныпты. “Сөйтіп, ел басына ауыр күн туған шақта өзге ер-азаматтар сияқты мен де қан майданға сұрандым”, – дейді ардагер.

Рақым атамыз алғашқы ұрысқа Украина жерінде енген. Майдан даласында ардагер атамыздың әскери шені старшинадан рота командиріне дейін өсіпті. “Соғыста төрт рет ауыр жарақат алсам да, аман қалдым. Аман қалу себебім, денсаулығымның күштілігінен деп білемін, спортпен бір кісідей айналыстым”, – дейді ардагер атамыз. Десе де, Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан II топтағы мүгедек болып, 1945 жылы аман-есен елге оралады. Рақым атаның жалпы жұмыс өтілі – 53 жыл. Бейбіт өмірде заңгер мамандығын алған майдангер атамыз ұзақ жыл прокуратура саласында қызмет етті.

– Сұм соғысқа аттанған жауынгерлердің елге қайтып оралмағандары қаншама?! Аман-есен оралғандар жарақаттанып, соғыстан кейінгі бейбіт өмірдің қызығын шынайы сезіне алмағаны да ақиқат. Жүрекке түскен жараның сызаты әлі күнге дейін маза бермейді. Құдайдан тілерім: ешқашан мұндай қасіретті басқа бермесін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі алдында елім, жалпақ жұртым, Қазақстаным, қазағымды алға бастап келе жатқан, бүкіл әлемге танымал Елбасымыз аман болсын, – дейді ақсақал.

Бүгінде ардагер атамыздың жасы 97-ге жақындап қалды, сондықтан болған жайлардың көбін ұмытыңқырап қалғаны да рас, сол себепті көп сұрақ қойып, мазасын да алмадық. Кезінде домбыра тартып, ән айтқан атамыз: “Кәрілік қонақ екен жүр демейтін, Етіңді кеміріп, мүжіп үндемейтін. Бәрінен бұл шіркіннің сараңдығы, Тобына қыз-бозбала кір демейтін”, – деп Шал ақынның бір шумақ өлеңін тебіреніспен, мәнерлеп оқып бергенді ұнатады.

Атамыз III дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Германияны жеңгені үшін” медалімен және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Бүгінде майдангер атамыз бен Зура апа екеуі ұл-қыздан тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп, бақытты өмір кешуде.

Тәңірдің бергеніне шүкірлік етіп, елдің амандығын тілеп отырған қарияның біз де мықты денсаулықта болып, бейбіт тыныш өмірдің рахатын көруін тіледік.

Осылайша атамызбен әңгімелесіп, енді аттанғалы жатқанымызда аудандық аурухананың бас дәрігері Нұралы Әбуов пен оның орынбасары Ахат Байқабеков ақсақалдың денсаулығын білуге әрі оған алдымызда келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне дейін майдангердің өздерінің дәрігерлік бақылауында болатынын айта келген екен. Рақым атамыз келген қонақтарға: “Айналайындар-ай, әйтеуір, мені ұмытпайсыңдар, көп жасаңдар”, – деп қайта-қайта алғысын жаудырып, балаша қуанып қалды.

Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміз азайып бара жатқан сайын олардың әрқайсысы бізге өте қымбат. Сондықтан қатары сиреген майдангерлерімізді әрқашан қадір тұтып, құрмет жасайық.

Айнагүл ҚАБДІЛМАНҚЫЗЫ,

журналист.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp