«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТЫҢДЫ ӨШІРМЕ

Қазақтың белгілі жазушысы Оралхан Бөкей – менің сүйіп оқитын жазушыла­рымның бірі. Оның “Мынау аппақ дүние”, “Жетім бота”, “Қар қызы”, “Ұйқым келмейді” шығармалары қаншама оқырманның жүрек төрінен орын алды.

Жақында қаламгердің “Өз отыңды өшірме” романын тағы бір қайталап оқыдым. Бұл шығарма­да кеңес өкіметі құрылған тұста жан-жағын бағамдай алмаған халықтың тұрмысы мен кәмпескелеу тұсындағы ұрда-жық бей-берекетсіздік, қазақ даласына ұлы өзгеріс әкелген “Түрксіб” темір жол құрылысы суреттелген. Бірақ негізгі идеясы – жеке кейіпкерлердің бейнесі арқылы қазаққа тән қасиеттер мен тектілікті, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың мән-мағынасын түсіндіру.

Романның оқиғасы қызықты, тілі көркем. Жалпы Оралхан Бөкей шығармалары ұлттық бояуға қанық, қазақтың танымы мен түсінігі, болмысы мен бітімі, көзқарасы аңғарылады.
Менің ойымша, автордың кейіпкерлерді салыстыра отырып бейнелеуі ұтымды шыққан. Мәселен, Дархан мен Батиды, Дүрия мен Гүлияны, Оспан мен Төленді, Омар мен Көкебайды айта кетсек болады. Жазушы осы арқылы өмірдегі жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, аярлық пен адалдық күресін жеткізгісі келгендей.
Омар – қазақ байларының жинақталған типтік образы. Дуалы ауызды, сән мен салтанаты келіскен, көпшілікке беделді тұлға. Заман ағымының өзгергенін ескерген Омар бай ұл-қыздарын қалаға оқуға аттандырады. Бұл оның көзі ашықтығын аңғартады. Ал оның қыздары Дүрия мен Гүлия – шашын он күн тарап, бес күн өрген, бойына ұяңдық пен нәзіктікті, инабаттылық пен даналықты сіңіре білген қазақ қызының идеалы. Дархан – еңбегі мен білегіне сенген, “Түрксібті” салуға маңдай терін аямай төккен жұмысшы. Гүлия сұлудың махаббатына өмір бойы адал болған жүректің иесі. Оспан – кедей таптың өкілі, кеңес одағына қызмет еткен қара күш пен зұлымдықтың иесі, айлакер, жағымпаз. Бати – батыр тұлғалы болғанымен, сөзшең. Ол – жаңа өкіметті мойындамаған қарапайым халықтың өкілі.
Осы алтаудың ортасында өрілген тағдыр тауқыметін суреттей отыра автор қазақ халқы үшін аса маңызды – шаңырақ отын сөндірмеу ұғымын ұтымды жеткізген. Осы қырынан алғанда “Өз отыңды өшірме” романы Тахауи Ахтановтың “Шырағың сөнбесін”, Дулат Исабековтің “Тіршілік” туындыларының желісіне ұқсас болып көрінді. Үш шығармадағы басты ерекшелік – қазақ үшін азаматының, отбасының аман болуы, шаңыра­ғының шайқалмауы, елжұрттың тыныштығы маңызды. Бүгінгі таңда ел ты­ныш, жұрт аманда қаншама шаңырақтың ортасына түсіп, оты өшуі шығармаға арқау болған осы бір қасиетті ұғымның мәнін түсінбей жүргеніміздің айғағы емес пе?!

Айнаш ӨТЕГЕНОВА,
Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp