«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТ ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ

Өткен аптада облыс бойынша 9 өрт оқиғасы тіркелді.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Целинное – 2004” ЖШС-іне қарасты №3 егіс бригадасының дала қосы отқа оранған. Аталмыш ғимарат Целинное ауылынан 34 шақырым қашықтықта екен. Тілсіз жау үйдің төбесін жалмаған. Оқиға орнынан шамамен 51 жастағы күзетшінің мүрдесі табылған. Қазаға ұшыраған адамның кім екендігі және өрттің шығу себебі анықталу үстінде.

Петропавлдағы Мир көшесінде орналасқан бесқабатты үйдің бір пәтерінде сымдардың қысқа тұйықталуынан өрт шықты. От үйдің қабырғасын зақымдады. Жедел жеткен өртсөндірушілер тілсіз жауды 12 минуттың ішінде бұғалықтады.

Өткен аптадағы өрттердің дені пешті орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан шыққан. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка, Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылдарындағы төтенше жағдайлардың себебі осындай.

Мамлют ауданының Меңкесер ауылында мотордағы автожылытудың техникалық ақауынан “ВАЗ-21214” машинасы толығымен өртеніп кетті.

Жамбыл көшесі, 249 мекенжайында орналасқан “Петропавл автобус паркі” ЖШС-нің екі қабатты автошеберханасының жоғары қабатында өрт шығып, слесарьлар бөлмесінің мүлкі жанып кетті. От 68 шаршы метр аумақты жалмады. Оның себебі анықталуда.

Жыл басынан бері облыста 65 өрт болып, одан 7 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Өртте 3 адам қайғылы қазаға ұшырап, 3 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp