«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТ ПЕН РУХ

Ұлтымның жүрегі жаралы,

Қасірет қан кешкен заманы.

“Зар заман”, сор қоғам аяусыз,

Барымды, нарымды талады.

 

Құл қылмақ тесілер табаны,

Өзгертпек болды олар сананы.

Жерімді, елімді тонаумен,

Мешкейдей ашылды араны.

Рухым құрсақта бұлқынды,

Желтоқсан. Ұл-қызым сілкінді.

Арыстан айбатын танытып,

Қазаққа жаңаша күн туды.

Қасиет сезініп Құраннан,

Отпенен рухын суарған.

Шығыстан таң атты күлімдеп,

Айбарлы Алты Алаш қуанған.

Ақиқат дәл солай ашылды,

Аспаннан ақ жаңбыр шашылды.

Біз жүрдік құшақтап Мағжанды,

Біз жүрдік құшақтап Қасымды.

Тербетіп Түркінің бесігін,

Әлемге мәшһүр ғой есімін.

Ұлтыңа сәл кештеу оралдың,

Кеш баба, бер бізге, кешірім!

Алаштың арыстан ұлдары,

Шындықтың алмасын шыңдады.

Алтай мен Атырау арасын,

Қазақтың жері деп жырлады.

Күн тектес марқасқа – Мағжаным,

Рухтың оты боп маздадың.

Біздегі бодандық пернесін,

Өлеңнің сеңімен қозғадың.

Арыстан болдың сен – айбатты,

Жолбарыс болдың сен – қайратты.

Алмастай өлеңін жарқылдап,

Аспаннан найзағай ойнатты.

Көрдің сен иттердің үргенін,

Көрдің сен достың да күлгенін.

Қасқырдай жарасын жалаған,

Қысылдың, қыңсылап көрмедің.

Қараңғы қапаста тағдырдың,

Рухыңды от қылып жандырдың.

Қанменен кестелеп жырыңды,

Жастарға аманат қалдырдың.

Рухың от болып сөнбеді,

Жалыннан от алып сендегі.

Желтоқсан желінде Қайраттар,

Ұлтыңның намысын бермеді.

Қарашық рухқа тұнғанда,

Қараймыз, асқақтап қырларға.

Жалынды жырларың өшпейді,

Көк Туым желбіреп тұрғанда.

Тәуелсіз ұлтыңда Ұлы Күн,

Сенің де сайланған тұғырың.

Түркістан мекен боп Тұранға,

Тәу етті бауырлар – түрігің.

Бодандық түнегі түрілген,

Аспан түс көк байрақ тігілген.

Мәңгілік елімде рухың,

Жасайды отты өлең- жырыңмен.

Жарқын ЖҰПАРХАН,

III орын иегері.

Солтүстік Қазақстан облысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp