«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТ ПЕН СУДАН ҚАУІП МОЛ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы кезекті брифингін өрт пен су тасқынының алдын алу тақырыбына арнады. Журналистермен кездескен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшылары биыл өрт оқиғасынан қасіреттің көп болғанын айтып, көктемгі су тасқыны бірқатар қиындықтар тудыруы мүмкін екендігін алға тартты.

Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу қызметі басқармасының басшысы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Денис Шуваевтың ақпараттарына сүйенсек, биылғы жыл басынан бері өрт оқиғасы кезінде 7 адам мерт болып, 6 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Адам шығыны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге көбейген. Өңір аумағында орын алған 165 өрттен 14 миллион теңгенің материалдық шығыны келген. Жоғарыда айтылған өрт оқиғаларының 135-і жеке секторларда орын алған. Әдеттегідей электр қуатымен жұмыс істейтін жылытқыштарды ережеге сай пайдаланбау, пешті дұрыс қолданбау сияқты адами факторлар өртке себеп болуда. Өртсөндірушілер түрлі нысандарда тексеру жұмыстарын жүргізген кезде 177 адам әкімшілік жауапқа тартылып, ондағы 73 тұлға 2 миллион теңгенің айыппұлын төлеген. Мамандар жыл бойына тұрғындармен кездесіп, кәсіпорындарға тексерістер жүргізіп, өрт қауіпсіздігіне байланысты ақпараттық парақшалар таратып, БАҚ құралдары арқылы ескерту материалдарын ұйымдастырғанның өзінде осындай өкініш тудыратын жайттарға орын беріліп келеді. Өңірімізде өртке қарсы күресті күшейту үшін бес ауылда өрт сөндіру бекеті іске қосылды.

Брифингте сөз болған екінші мәселе – көктемгі су тасқыны. Департамент басшылары оның алдын алу үшін атқарылған жұмыстарға тоқталып, судан зардап шегуі мүмкін елді мекендер жайында болжамды ақпараттарын алға тартты.

– Биыл қыста қар көп жауды. Жыл басынан бері облыс аумағындағы халық көп шоғырланған елді мекендерден 560 мың текше метрдей қар шығарылды. Тасқын судан қауіп бар аумақтарда оқиғаның алдын алу шаралары жүргізілуде, – деді департаменттің ескерту бөлімінің басшысы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Асхат Бекішев.

Облыс орталығындағы коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар қыс бойы қар тазалап, тынымсыз жұмыс істеді. Өңіріміздің ке йбір аудандарындағы қардың қалыңдығы көпжылдық көрсеткіштің орташа мөлшерінен 2-3 есеге асып кеткен. Әсіресе, Айыртау, Тимирязев, Есіл аудандары қар құрсауында қалды. Өзен-көлдерге түскен қар мөлшері де былтырғыдан көп. Азаматтық қорғаныс қызметі алдыңғы жылдардағы көктемгі су тасқынының сабақтарын ескеріп, биыл да негізгі үш бағыт бойынша қам-қарекеттер жасауда. Сілеті, Шағала су қоймаларындағы су деңгейі көтерілсе, Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл, Қаратал, Заречный, Бірлік және Теңдік ауылдарын, Тайынша ауданындағы кейбір елді мекендердің тасжолдарын, сондай-ақ, Есіл өзені арнасынан шықса, 10 елді мекеннің маңын су алуы мүмкін. Қазір бұл аумақтар назарға алынып отыр. Жалпы көктемгі тасқын кезінде 2,5 мың адам тұратын 50 елді мекенге қауіп төнуі мүмкін.

Қыста қардың мол түсуі өңіріміз үшін үйреншікті жайт. Сондықтан биыл да көктемгі су тасқынының алдын алу, оқиға орын алған кезде жұмысты білікті ұйымдастыру мақсатында облыс әкімінің басшылығымен штаб құрылды. Тасқын судан елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.

Азаматтық қорғанысты қамтамасыз етуге мүдделі департамент және басқа да мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып су тасқынынан қауіп бар елді мекендердің тұрғындары мен малын көшіру жоспарын жасаған. Сондай-ақ, төтенше оқиға кезінде “Казавиоспас” АҚ қызметін пайдалануға 4,9 миллион теңгенің келісімі жасалған. Бірінші сәуірден бастап азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету үшін департамент қызметкерлері жоғары дайындық жағдайы режімінде жұмыс істейтін болады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp