Шал ақын аудандық орталық ауруханаcының окулист-дәрігері Наталья Тимофеева мемлекет қолдауын ұтымды пайдаланып, Сергеевка қаласында офтальмологиялық клиника ашты. Осыған дейін көзі ауырса нақты диагноз қою үшін облыс орталығына баруға мәжбүр шалақындықтар заманауи қондырғылармен жарақтандырылған клиниканың ашылғанына дән риза.
Аталған ауданда бес жылдан бері жұмыс істеп жүрген окулист Наталья Тимофееваның айтуынша, жергілікті ауруханадағы ескі қондырғылардың кесірінен дұрыс ем-дом тағайындау қиынға соғады екен. Сондықтан тәжірибелі дәрігер заманауи құрылғылармен жарақтандырылған жеке клиника ашуға бел буып, “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегіне жүгінген.
Ең алдымен, жаңа қондырғыларға және жиһазға тапсырыс бердік. Жабдықтарды отандық және ресейлік компаниялардан сатып алдық. Қазір біз заманауи аппараттың көмегімен сапалы қызмет ұсынып отырмыз, – деді Наталья Тимофеева.
Аудан тұрғындарының басым бөлігі егде жастағылар болғандықтан, көзілдірік тағатындар көп. Ал оны сатып алу үшін облыс орталығына баруға екінің бірінің мүмкіндігі жоқ. Сол себепті офтальмологиялық клиника мамандары көзді тексеріп қана қоймай, көзілдірікке тапсырыс беру қызметін де ұсынып отыр. Автоматтандырылған қондырғылардың көмегімен көзілдірік аз уақыттың ішінде дайындалады. Тіпті, оны түрлі түске бояп та береді.
Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ.