«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОЯН, ҚАЗАҚ!”

“Балаларымның көз жанары нашарлап кетті, алыстан көрмейді, күні-түні ұялы теле­фоннан бас көтермейді”, – деп уайымның уын ішкен ата-аналар қатары күннен-күнге қалыңдап келеді. Иә, көпшілікті алаңдатқан мәселенің тамыры жыл өткен сайын тереңдеп барады. Өйткені, еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың өміріне қауіп төніп тұр. Жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов “Айдың, күннің аманында адасып қалмайық!” деген мақаласында жұртшылықты алаңдатқан мәселені көтерген екен. Бұл мақала жалғыз маған ғана емес, елінің ертеңіне алаңдайтын әрбір қазаққа ой салуы тиіс деп ойлаймын. Шынымен де, жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан өрендердің арасында екі жанары солып, денсаулығы семіп жатқандар аз емес.

Жақында Андрей Курпатов деген танымал психотерапевтің пікірін оқыдым. Ол кісі адам миы үш режімде жұмыс істейтінін айтыпты. “Ақпаратты қабылдау, бағамдау және шешім қабылдау үшін сараптау. Бірақ қазір ақпарат шектен тыс көп. Сәл ойлануға, саралауға, сараптауға уақыт жоқ. Бір сәт тоқтап ойланайын десе, келесі ақпарат келіп түседі, сосын тағы келесісі. Осылайша ойлануға мұршамыз келмейді”, – дейді психотерапевт.
Ғалымдардың пікірінше, адам миына бір мәліметті қорытып, талдау жасап, шешім қабылдау үшін 23 минут уақыт керек екен. Ал “Instagram”, “Facebook”, тағы басқа да әлеуметтік желілерден келген ақпараттар ойлануымызға мұрша бермейді. Ал адам ойланбаған соң ми жұмыс істемейді. Мұның соңын өзіңіз бағамдай беріңіз. Миы жұмыс істемеген адам қалайша дамиды? Міне, осылайша қаншама адамның өмірі құмға сіңген судай босқа өтіп жатыр. Өкінішті-ақ.
Республикалық басылым беттерінен айфонның атасы Стив Джобс өзінің отбасы мүшелеріне үй ішінде смартфон қолдануға тыйым салып, бос уақыттарын кітап оқу­ға жұм­сайтын қатаң үрдіс қалып­тас­тырғаны жайлы деректі көзім шалды. Ал ұшан-теңіз байлығымен әлемге танымал Билл Гейтс ағылшынның “THE MIRROR” басылымына берген сұхбатында, балаларына 14 жасқа жеткенге дейін телефон ұстатпайтынын айтқан. Сондай-ақ, әйгілі британдық әлеуметтанушы Энтони Гидденс: “Біздің қоғам наша­қорлар мен маскүнемдерден қашатын. Олар­ды ұнатпайтын. Болашақта смарт­фонның зияны бұл екеуінен де асып түсерін адамзат әлі сезіне алған жоқ”, – депті.
Меніңше, нақты шешім қабылдайтын уақыт жетті. Депутаттар, қоғам қайраткерлері, ұлт жанашырлары ұялы телефонның зардабынан халқымыз орны толмас орасан зор зиян шегіп отырғанына бейжай қарамауы тиіс. “Дені сау, білімді ұрпақ – ел болашағы” деп жиі айтамыз. Ал белі бесіктен шықпай жатып бір басында он сырқаты бар жастардан не үміт күтеміз.
Жарасбай Қабдоллаұлы өз мақаласында кітап, газет оқымаудың зардабынан құрдым­ға кетуіміз мүмкін екенін дұрыс қозғап отыр. “Кітап оқымаған адамның ой-өрісі тар, сана-сезімі төмен болатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Қоғамда екі ауыз сөздің басын құрап, өз ойын нақпа-нақ жеткізе алмайтын жастардың көбейіп бара жатқаны бізді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып, қатты алаңдатуы тиіс. Жоғарыда айтқанымыздай, бәрі оқымаудың салдары”, – деген автор пікірімен мен де келісемін. Бүгінгі күні жастарды кітап оқуға қолымыздан келгенше үгіттейміз. Бірақ олардың бойында енжарлық байқалады. Мұндайды көргенде хакім Абайдың:
“Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде.
Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, бекін
Деп насихат бергенде,
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан”, – деген өлең жол­дары ойға оралады.
Бүгінгі күні қай мектепке, қай ауылға барсаңыз да кітаптан тапшылық жоқ. Әттең, сөрелерде шаң басып жатыр. Осы орайда өскелең ұрпаққа ата-анасы үлгі болуы қажеттігін айтып өткім келеді. Егер әр шаңырақтың төрінде газет тұрса, оны әрбір өрен қолына алып қарайды емес пе? Осылайша газет, кітап оқуды әдетке айналдырар еді.
Автор өз мақаласында айтқандай, ауылдарды аралағанда Жамбыл ауданына да ат басын тіреді. Благовещенка ауылында өткен кездесуге Майбалық негізгі мектебінің ұстаздары да арнайы барып, қатыстық. Бұл кездесуде “Soltústik Qazaqstan” газетінің өкілдері елінің тағдырына, ұлтының болашағына алаңдайтыны айтылды. Шынымен де, біздің халқымызға Алаштың ардақтылары іргесін қалаған газет журналистерінен артық кім жанашыр бола алады? Сондықтан тілімізден, ділімізден, асыл құндылықтарымыздан айрылып қалмайық деген қаламгер сөзі орынды.
Біздің ауылдың тұрғындары осы күнге дейін де “Soltústik Qazaqstan” газетін жаздырып алып келді. Бұдан кейін де солай болмақ. Мен де бір ғасырлық тарихы бар газеттің тұрақты оқырманымын. Ұлттық басылым халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп, сөзін сөйлеуден бір жаңылған емес. Қызылжар ауданындағы Шахау орта мектебіндегі қазақ сыныптары жабылады дегенде қазақ балаларына кім араша түсті? Әрине, “Soltústik Qazaqstan”. Облысымызда ономастика мәселесінің ақсап тұрғанына кім алаңдады? Тағы да газет журналистері шырылдады. Тіпті, әріден қозғамай-ақ, бүгінгі күні газеттің әрбір нөмірінде беріліп келе жатқан “ WhatsApp” желісі айдарын мысалға алайықшы. Шалғайда жатқан әрбір ауылдың тұрғыны газет тілшілеріне хабарласып, өз мәселесін шешуде. Менің айтайын дегенім, қазақтың жанашыры – “Soltústik Qazaqstan” орынды мәселе көтеріп отыр. Оқымағанның соры қалың екеніне әлем елдерінің әлдеқашан көздері жеткен. Сондықтан айдың, күннің аманында адасып қалмаудың жолын ойлайық, ағайын! “Оян, қазақ!” (Міржақып Дулатов).

 

Алма ҮДЕРБАЕВА,
Майбалық негізгі мектебінің директоры.

Жамбыл ауданы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp