Оқу жылы аяқталып, оқушылардың жазғы демалысқа шыққандары кеше ғана сияқты еді, көзді ашып-жұмғанша жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Үстіміздегі оқу жылында өңір мектептерінде 70 мың оқушы партаға отырады. Олардың ішінде 9 мыңы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан болса, 680 оқушы – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар. Бұл оқушылардың жаңа оқу жылына дайындығы қандай, олар оқулықтармен қалай қамтамасыз етіледі?
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожина: “Біз әр оқу жылының соңында өңір мектептерінде қанша оқушы оқитыны, оларға қай баспаның қандай оқулығы қажеттігі жөнінде өтініш қабылдаймыз. Сәуір айында сол өтініш бойынша оқулықтарға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Осы мақсатқа үстіміздегі жылы 400 млн. теңге қарастырылды. Оған 4, 5 және 6-сыныптарға мазмұнына өзгертулер енгізілген, жаңартылған оқулықтар алынды. Жаңа түскен кітаптар аудандық, қалалық білім бөлімдеріне жеткізілді. Олар оқушыларға тегін таратылады”, – деді.
Иә, білім басқармасы мамандарының деректеріне қарағанда, оқушылардың барлығы да жаңа оқу жылында оқулықпен тегін қамтамасыз етілетін сыңайлы. Оқулық төрт жылда бір жаңартылып шығады. Биыл баспадан жаңа шыққан кітаптармен қатар, өткен жылдардағы оқулықтар әр мектептегі оқушылар санына қарай таратылады. Ал басқа жерден көшіп келіп, тізімге ілікпей қалған балалар болып жатса, мектепаралық ауыс-түйіс жүргізіледі.
“Мектептерге түскен оқулықтар қалай бөлінеді, олармен оқушылардың барлығы тегіс қамтамасыз етіле ме? Балаңызға оқулық сатып аласыз ба?” – деген сияқты сауалдарды ата-аналарға, оқушыларға да қойып көргенімде мәселенің “күнгейімен қатар көлеңкесі де” бар екеніне қанықтым. Ендеше жауапты сол кісілердің өз ауыздарынан естиік:
Гүлмира: “Менің екі балам бар. Тұңғышым Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясының 2-сыныбына көшті. Ұлым 1-сыныпқа барғанда әліппе мен ағылшын тілі оқулықтарынан басқасының бәрін сатып алдым. Оқулықтардың әрқайсысының бағасы 800-1000 теңге аралығында болды. Сонымен қатар, әр оқулыққа қосымша дәптерлер де бар. Мәселен, дүниетану пәніне – екі қосымша, математикаға – төрт, жазуға – үш, бейнелеу өнеріне – екі, тағы басқасы бар, олардың бағасының 500 теңгеден төмені жоқ. Биыл қай оқулық жетпей қалатынын әлі білмегендіктен, алған жоқпыз. Оны оқу басталған кезде білетін боламыз”.
Балжан, көпбалалы ана: “Облыс орталығына Есіл ауданынан жуырда көшіп келдік. Төрт балам бар. Үлкен қызым үстіміздегі жылы әл-Фараби мектеп-лицейін тамамдады. Одан кейінгі 8-сыныпқа көшкен ұлым 5-сыныптан бастап Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта оқиды. Олардың екеуі де аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар ретінде аталмыш білім ошақтарында жыл сайын оқулықтармен тегін қамтамасыз етілді. Ал Есіл ауданының Чириковка орта мектебінде оқып келген қызыма осы уақытқа дейін барлық оқулықтарды өзіміз сатып алып отырдық. Онда бізге жеңілдік жасалған жоқ. Қызым биыл Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясына 6-сыныпқа барады. Олардың оқулықты қалай бөлетінін әлі білмейміз”.
Фарида Мамлютова: “Қызым Петропавл қаласындағы М.Айтхожин атындағы №1 инновациялық орта мектепте оқиды. Оқулықты мектеп өзі береді. Ол жағынан қиындық көрген емеспіз”, – десе, облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің 9-сыныбын тамамдап, Петропавл қаласындағы теміржол колледжіне түсуге талаптанып жүрген Вероника: “Мен оқыған аталмыш мектепте бар оқулықты алдымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға тарататын. Сосын қалған оқулықты басқаларға жеткенінше үлестіреді. Жоқтарын өзіміз сатып алып жүрдік”, – деп ағынан жарылды.
Оқулықтарды сатып алатын ата-анаға әр сыныпта оқитын баласы үшін шамамен қанша қаражат қажет болады? Көкейімдегі бұл сұраққа жауапты облыс орталығындағы “Знание” кітап дүкенінің директоры Людмила Кормина берді. “Мен мектептерде оқушыларға оқулықтарды қалай беретінін білмеймін. Бірақ жыл сайын тамыз айының ортасынан бастап оқулық алушылар саны көп болады. Оқулықтар сөрелерде көп жатпайды. Ауылдық жерлерден де келетіндер бар”, – деген кәсіпкер дүкеннен мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілеріне, бастауыш буын оқушыларына арналған танымдық-дамыту кітапшалары мен оқулықтарды қиналмай табуға болатынын айтты.
Кітап сөрелеріндегі оқулықтар мен қосымша жұмыс дәптерлерінің бағаларына шұқшиған менің қолыма сатушы қыз бірден прайс-парақшасын ұстатты. Онда балалардың жас ерекшелігіне қарай топтастырылған оқу-әдістемелік құралдардың әрқайсысының бағасы тайға таңба басқандай жазылып қойылыпты. Мәселен, “Алматыкітап” баспасынан шыққан 1-сыныпқа арналған оқулықтар мен қосымша жұмыс дәптерлерін түгел алатын болсаңыз, 15-16 мың теңгеңізді дайындай беріңіз. 2-сынып оқушысына – 16-17 мың, ал 3-сыныпқа – 18, 4-сыныптағыларға 14 мың теңгеден артық ақша керек. Бұл – бір оқушы үшін қажет оқулықтардың бағасы. Отбасында үш-төрт бала болса, әрине, аз салмақ емес.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.