Білімге талпынған, білмекке ұмтылған оқушының қабілетін шыңдау, дарынын ұштау, зейінін ашудың жауапкершілігі ауыр. Реформаға жиі ұшырайтын бұл салада жаңашылдық та көп. Онсыз тағы болмайды, себебі, әлемдік көштен қалып қою қаупі бар. Еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде оқу бағдарламасы жаңа мазмұнға ауыстырыла бастағалы бірнеше жыл болып қалды. Алайда, жаңаша білім беру үшін шығарылған оқулықтың сапасына сын айтушылар көп. Жел соқпаса, шөптің басын қимылдамайтынын ескеріп, мәселенің астарына үңілген едік.
Қазіргі оқулықтарға қарап отырсаңыз, бірінші аңғарылатыны – мұқабасының жұқарғандығы. Мұқабада тұрған ештеңе жоқ қой, сапасы да жұқарып кеткендей әсер қалдырады. Оған оқулық ішінде өріп жүрген қателер дәлел. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналистерге берген сұхбаттарының бірінде оқулықтар мәселесі өте маңызды екенін айтып, алдағы уақытта кітап дайындау барысында бағдарламаның дұрыс болуына, қате кетпеуіне баса көңіл бөлінетінін жеткізген. Әрбір қатені дұрыстап, қайта-қайта кітап шығару қаншама ақшаны желге ұшырғанмен бірдей емес пе? Жеті рет өлшеп, бір рет кесуге кім кедергі? Алдымен оқулықтардың мазмұны мен сапасының талапқа сай болуы үшін терең сүзгіден неге өткізілмейді? Мәселен, біздің өңірде ғана 2020 жылы жаңа оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар сатып алуға бюджеттен 1028,0 миллион теңге бөлінді. Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, баспалармен келісімшарт жасалып, 980 миллион теңгеге 629 мың дана кітап жеткізілген. Биыл 11-сынып оқушылары жаңартылған мазмұнда білім алуда. Ол үшін 235 миллион теңгеге 94,8 мың дана оқулық алынды. Сонымен қатар жаңартылған білім беру жүйесіне сай 5-6-сынып оқушылары “Информатика” пәніне арналған жаңа кітаптармен қамтамасыз етілсе, 1-10-сынып оқушылары үшін қосымша 518 мың дана кітап алынды. Облыстық білім басқармасының мамандары біздің өңірде оқушылар кітаппен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін жеткізді.
Оқулық шығаратын баспалар кітаптың ішкі мазмұнына, оқушының психологиялық ерекшелігі мен ұлттық менталитетке мән бермейтін сияқты. Мәселен, жаңа талапқа сай 2-сыныпта дүниетану пәні оқытылады. Осы пәннің оқу бағдарламасында “Ертедегі және бүгінгі күннің көлік түрлерінің өзгеру себебі неде?”, “Егін шаруашылығы қалай пайда болды?”, “Ауа райына қатысты қандай халықтық ырымдарды білесің?” немесе әдебиеттік оқу пәнінде “Сөздің қабығын аршу” дегенді қалай түсінесің?” деген сұрақтар бар. Мұндай күрделі сауалдарға 2-сынып оқушысы қалай жауап береді? Жалпы білім беретін мектептің 5-сыныпқа арналған “Қазақ тілі” оқулығын алайық. Кітапты ақтарған адам әдебиет, дүниетану, тарих пәндеріне арналған оқулық деп қалуы мүмкін. Өйткені, қазақ тіл біліміне арналған ереже, жаттығуларға қарағанда, тарихи-танымдық, әдеби материалдар көп. Басқа оқулықтарда да көкейге қонымсыз осындай тапсырмалар көптеп кездеседі. Балаларға ерте жастан күрделі тапсырма беру оқушының психофизиологиялық дамуына теріс әсер етуі ықтимал екенін естен шығарған сияқтымыз.
– Биыл менің ұлым 1-сыныпқа барды. Алдағы уақытта балалар оқу бағдарламасына сәйкес сауат ашу пәні сабағында грамматикалық тапсырмаларды орындайды. Дыбыстық талдау жүргізіп, сөйлемдерді ажыратады. Сондай-ақ, сөйлем мүшелеріне талдау жүргізуі тиіс. Кейбір бала әлі оқу мен жазуды да білмейді. Тіпті, әріп танымауы мүмкін. Ал бұрынғы кітаптарда мұндай тапсырмалар 3-4-сыныптарда берілетін, – дейді ата-ананың бірі Гүлімжан Ескендірова.
Білім реформасы 10 жылда бір рет жүргізілетін Қытай, Оңтүстік Корея, Канада, Жаңа Зеландия, Сингапур елдеріндегі оқулықтарда ұлттық құндылыққа, ана тілді дамытуға, рухани бай адам тәрбиелеуге баса көңіл бөлінген. Ал біздегі білім беру жүйесін сөз еткенде ағартушы ғалым К.Ушинскийдің “Біз балалардың басына ештеңеге де керегі жоқ әртүрлі қоқысты үйіп-төгіп жатырмыз, кейін адам оны өмірде қолданбайды”, – деген сөзі еске оралады. Сауатсыздық осы сапасыз оқулықтан туындайтынын естен шығармауға тиіспіз. “Сауат ашу” сынды сауатсыз бастаманың кесірінен “Әліппеден” де айырылып қала жаздадық емес пе? Бір ғасырдан бері бірнеше буынды тәрбиелеп келген қадірлі оқулықпен жас өрендер келесі жылы қайта қауышатыны – көңілге медеу. Тек Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленеді деген “Әліппенің” сапасы сұйылып кетпесе жарар еді.
– Білім берудің ең негізгі құралы – оқулық. Сондықтан оның сапасы бірінші орында тұруы тиіс. Өкінішке қарай, оқулық сапасы әр кез көңілден шыға бермейді. Қоғам тарапынан да сын жиі айтылады. Кезінде бір ғана баспаның оқулықтарымен балаларды оқыттық. Кейін нарық заманына орай баспалар саны артты. Қате де көп кездесетін болды. “Әліппенің” орнын “Сауат ашу” оқулығы алмастырды. Бірақ бізге “Әліппеден” артық оқулық жоқ еді ғой, – деді бастауыш сынып мұғалімі Ботагөз Ыбыраева .
Оқулықтың сапасы ғана емес, салмағы да көпшілікті ойландыруы тиіс. Көпбалалы ана Айгүл Төкежанова биыл бірінші сыныпқа барған қызы сөмкесін әрең көтеретінін айтады.
– Менің төрт балам бар. Соның екеуі мектепте оқиды. Қазір балалар жаңартылған мазмұнда білім алуда. Ішкі мазмұны ғана емес, салмағы да зіл батпан. Қыздарыма ауыр болмасын деп сөмкелерін өзім көтеремін. Мазмұнына келетін болсақ, кейде оқушы түгіл, үлкен адам түсінбейтін тапсырмалар бар. Сондай сәтте ұстаздың көмегіне жүгінуге тура келеді, – деген ол мектепалды даярлық тобы мен 1-сыныптың оқулықтарын сынға алды. Айтуынша, кітапта берілген тапсырмалар баланың жасына сәйкес емес. Сондықтан балаға әріп үйрету үшін қосымша репетитор жалдауға мәжбүр болған.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.