М.Жұмабаев ауданына қарасты Полтавка орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары ересектерге арналған дәріні ішу салдарынан жандары мұрындарының ұшына тіреліп, өмірмен қоштаса жаздаған. Сонда оларға 18 жасқа дейінгі балалардың тұтынуына мүлдем тыйым салынған препаратты ішкізуге мүдделі болған кім дейсіз ғой? Мұғалім! Иә, қателесіп отырған жоқпыз. Мағжан әмәнда “төр – мұғалімдікі” деп ұлықтайтын қадірлі де қасиетті мамандықтың иесі осындай қадамға барады деу адамның өңі түгіл, үш ұйықтаса түсіне кірмеген болар.
Сонымен, болған оқиғаны боямай, қаз-қалпында баяндауға тырысайық. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мәдина Балғашоқованың айтуынша, қоғамды елең еткізіп, жұрттың жағасын ұстатқан жайт 13 ақпан күні білім үйінің қақ төрінде орын алған. 35 жылға жуық жұмыс өтілі бар, “Өзін-өзі тану” пәнінің мұғалімі Светлана Зубарева ашық сабақ өткізу үшін 4-сыныпқа келген. Сірә, мектеп есігін ашқанына 4 жыл ғана болған балдырғандардың алдында қатты қобалжыса керек, “феназепам” атты аса күшті психотроптық дәрінің бір таблеткасын қылғытып жіберген. Сол-ақ екен, ұядағы балапандай ауыздарын ашып, өзіне қарай жапа-тармағай ұмтылған үрпекбастарды “тәйт” деп зекіп, сабасына түсірудің орнына бірнешеуін ұстата салған. Содан не болды дейсіз ғой? Оқушылардың жүріс-тұрыстары баяулап, мінез-құлықтарында өзгеріс пайда болған. Оны басқа мұғалімдер көре тұра мән бермеген. Сыныпта оқушылардың бірінің басы айналып, енді бірінің құсқысы келген. Кешке таман препаратты түгелдей жұтқан екі қыз баланың дене қызуы күрт көтеріліп, мұрттай ұшқан. Ата-аналары дереу дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ақ халатты абзал жандар олардың дәріден уланғанын білісімен, аудандық ішкі істер бөліміне хабарлаған. Ал таблетканы жарым-жартылай пайдаланған екі оқушыны періштелер қаққан болу керек.
Бүгінде С. Зубареваға өз қызметіне салдыр-салақ қарады, адам денсаулығына абайсызда залал келтірді деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған.
– Түсініксіз бір кесел көптен бері жаныма қатты батқандықтан, өзімді жайсыз сезінетінмін. Дәрігерлер ота жасаймыз деген соң рецепт бойынша сатылатын дәріні қабылдап жүр едім. Оқушылар қиылып сұраған соң тыныштандырайын деп беріп едім. Артының бұлай қайғылы оқиғаға соқтырарын кім білген?.. – деп өкініштен бармағын тістейді екі баланың анасы.
Ауруханада жатып шыққан оқушылардың бірінің анасы: “Қызым аса күшті психотроптық дәріні қабылдаудың салдарынан әлі өзіне-өзі келе алмай жүр. Кейбір қылықтары қарадай шошындырады. Мүгедек болып қалса, кім жауап береді? Бала тағдырына көз жұма қарайтын мұндай адамдардың білім саласында жұмыс істеуге қақысы жоқ!” – деп, жаны күйзеле сөйледі.
Осылайша, оқушыларға “Өзін-өзі тану” пәнінен сабақ берудің орнына өзін басқа қырынан танытқан педагог негізгі жұмысынан аластатылып, зертханашы қызметін атқарып жүр.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.