Ғылым мен техниканың қарқынды дамуы әрбір адамнан сапалы және терең білімнің, іскерліктің болуын талап етеді. Осыған орай Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Ставрополка орта мектебіндегі оқу үдерісі арнайы педагогикалық әдістер арқылы мақсатты және жүйелі түрде оқушылардың шығармашылық ойлауларын дамытуға, ғылыми көзқарастары мен белсенділіктерін арттыруға бағытталған.
Балалардың дарынын дамытып, ой-өрісін кеңейту, озық ойлы шәкіртті анықтау мақсатында жоғары және бастауыш сынып оқушылары арасында пәндік олимпиадалар өткізіледі. Оқушылар қашықтық олимпиадалары мен халықаралық турнирлерге қатысады.
Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін оқып, үйренуін ынталандыру және қызығушылығын арттыру мақсатында қазан айынан бастап, әр аптаның сәрсенбісінде тіл үйірмесі жүргізіледі.
“Білім мен тәрбие егіз” дегендей, мектептегі оқу-тәрбие жұмысы балалардың уақытын тиімді ұйымдастыра отырып, олардан келешекте зор үміт күттіретін ұрпақ қалыптастыруға негізделген.
Мектепте көптеген конкурстар, отбасылық, спорттық жарыстар, тағы басқа да қызықты іс-шаралар өткізіліп тұрады. “Қарлығаш” шағын орталығы тәрбиеленушілері мен даярлық тобының оқушылары аудандық, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, парасаттылығымен және шығармашылық қабілеттерімен көзге түсуде. Жыл сайын дене шынықтыру пәні мұғалімдері П.Гриценко мен А.Роговтың оқушылары аудандық, облыстық деңгейде өткізілетін шахмат, дартс, гір көтеру, армрестлинг сайыстарында жүлдегер атанып жүр.
Зураш КҮДЕРБЕКОВА,
Ставрополка орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Ғ. Мүсірепов атындағы аудан.