
Облыстық полиция департменті жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері “Қауіпсіз мектеп автобусы” акциясына қатысуда. Мұндай акцияны қаңтардың 15-інен ақпанның 15-іне дейін облыстық білім басқармасы өткізуде. Басқарманың мәліметінше, өңірімізде 125 автоБУС 1200 оқушыға қызмет көрсетеді.
Тәртіп сақшылары жуырда Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы “Парасат” мектебінде болып, оқушыларды тасымалдайтын автобустың техникалық жағдайын, өрт сөндіргіш пен дәрі-дәрмек қобдишасын, жүргізушінің құжаттарын тексерді. Ал білім саласының мамандары оқушылармен жолда жүру ережелері туралы сынып сағатын өткізді.
“Мектеп автобустарына қойылатын бірқатар талаптар бар. Мәселен, “Балаларды тасымалдау” белгісі және сары түсті жарығы болуы тиіс. Мұндай сары түсті жарық кейбір жол белгілерінің талаптарын сақтамауға құқық береді, сондай-ақ мұндай автобус “Тоқтауға тыйым салынған” белгінің астына тоқтай алады”, – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Азамат Жамуков.
Мектеп автобустарының жүргізушілерімен жолда жүру ережелерін сақтау керектігі туралы алдын алу шаралар жүргізілдІ. Елді мекендерден тыс жерлерде балаларды патрульдік полиция батальонының экипажынсыз тасымалдауға тыйым салынған. Тәртіп сақшылары білім мекемелері жанында кезекшілікті күшейтті, түрлі акциялар мен алдын алу шаралары өткізілуде. “Қауіпсіз мектеп автобусы” акциясы аясында полицейлер барлық аудандардағы мектеп көлігін тексеруді жоспарлап отыр.